Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда бітеді. 14-16 сағатқа дейін су мен тағамнан бас тарту оңай емес. Әсіресе, ауыр жұмысты арқалап жүргендерге қиын тиетіні анық. Алайда соған қарамастан әркез мұсылмандық парызын бірінші орынға қоятындар бар. Ниет болса, алынбайтын қамал жоқ. Дәл осы ұстаным оразада да байқалады. Мұсылман парызы адамзаттың алуан түрлі мамандығына қарамайды, қасиетті Рамазан айында ауыз бекіту – барлық мұсылманға парыз. Көптеген жандар оразаның мәнісін түсініп, қасиеттілігін сезіне алса да, күннің ыстығын, жұмысының қиындығын сылтауратып, 30 күн ауыз бекітуге шыдай алмайтындай күй кешеді. Ал мыңдаған жолаушы мен миллиондаған жүк тасымалын жүзеге асыратын машинист Бауыржан Лияс керісінше парыз етілген құлшылықты кейінгі қалдырмау керек деп отыр. «39 жастамын. Ораза ұстағаныма 15 жыл болды. 17 жасымда бастадым. Теміржолшы мамандығының жауапкершілігі ауыр. Себебі пойыз жүргізу оңай емес. Осы салада жүргеніме 19 жыл болды. Кез келген уақытта жұмысқа шақырып алуы мүмкін. Қатып қалған уақыт жоқ. Түнгі 3-те кейде таңғы 6-да шақырту келсе, жұмысқа жетіп баруымыз қажет. Ораза ұстауға үйренгендіктен, аса қиындық тумайды. Қатты шөлдейміз, дегенмен оған да шыдауға болады. Егер жұмысының ауырлығына байланысты ораза ұстай алмаймын десе, еңбек демалысын алу керек. Себебі бұл – мұсылманның парызы», – дейді ол. Таң бозарып ата бастағаннан топ-тобымен мұнай ұңғымаларына беттейтін мұнайшылар бар. Соның бірі – 34 жастағы Асқар Ноғаев «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамында мұнайшы технолог болып қызмет етеді. Жер асты байлығын іздеп, кең дала төсінде, ашық аспан астында, аптап ыстық пен үскірік аяздарда жұмыс істеп, сол жанқиярлықпен жетістіктерге жетіп жүр. Үлкен еңбекпен жер қойнауынан қара алтынды игеріп, экономиканың дамуына өз үлестерін қосып жатқан бұл мамандық иесі де жылда ауыз бекітеді екен. «Жаңаөзеннің тумасымын. 20 жасымнан бері ораза ұстап келе жатырмын. Қазір 34 жастамын. Мұнай өндірудің әрине өзіндік ауыртпалығы бар. Ораза ұстап жүрсем де қиындығын сезінбеймін. Маңғыстауды білесіз, күннің аптап ыстығы мен қаһарлы суығына қарамастан, табандылықпен тер төгеміз. Бәріне шыдап, мамандық қызық болса, қиынын сезбейді екенсің. Оразаның өзіндік жеңілдіктері бар. Қанша сапарға шықсам да, оразамды үзбеуге тырысамын. Ауыз бекітерде көбіне жеңіл тағамдар жеген дұрыс деп есептеймін», – дейді ол. Қыстың қақаған сары аязы мен шіліңгір шілденің аптап ыстығын да, сары ала күздің сылбыр жауыны мен даланың жазғытұрым соғатын дауылды желін де елеместен бар ынта-шынтасымен жұмысын сапалы жасауға ұмтылатын тағы бір мамандық иесі – құрылысшы. Бойындағы бар күш-жігерін, құрыш білектің қуатын зәулім ғимараттардың бой көтеруіне арнайтын құрылыс саласының қайсар жұмысшысы Бегжан Рысқұлбек сәресінде береке бар, сәресін ішкен кезде әлсіздік болмайды деген пікірде. «Құрылыс саласы соншалықты адам төзбейтін жұмыс емес. Әр істің өзіндік ауыртпалығы мен рахаты бар. Алла жолында ауыз бекіту – адам нәпсісін тыйып, рухани өсуге, өз бойындағы жаман әдеттерден арылып, көркем мінез қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Рамазан айын асыға күтемін. Иә, ауыр заттар көтереміз. Шаңның арасында жұмыс істейсің. Әлің құрып, бір жұтым суды аңсайтын кездер болады. Алайда шыдамдылық танытсаң, Алла ниетіңді қабыл етеді. Өз басым сәресін міндетті түрде ішемін. Біріншіден, сәресінде береке бар, екіншіден, расымен 2-3 дана құрма жесең де, күш-қуат аласың», дейді Б.Рысқұлбек. «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас аспазы Сұлтан Сабырұлы күндіз көбірек ас әзірлейтініне қарамастан Алла разылығы үшін жылда ауыз бекітеді. Ислам дінінде адамның шамасы жетпейтін, орындалуы мүмкін емес нәрсе жоқ дейді ол. «Аспаз болып жүргеніме 15 жылдан асты. Дәм-тұзын біле алмайсың. Тағамдарға тұзға дейін өлшеп саламыз. Әрқайсының белгіленген мөлшері болады. Күніне 10 шақты тағам түрін әзірлеймін. Ұжымда белгілі бір себептермен ауыз бекітпеген кісілер болады. Солар тұзын көріп береді. Шамаң келгенін ғана істейсің. Шама келмейтін істі Алла Тағала бұйырмаған. Көппен бірге ораза ұстаған жеңіл», – деді Сұлтан Сабырұлы. «Нәпсінің тізгіні – ашығу» деген бар. Дегенмен ораза бірінші кезекте нәпсімен күрес. Көзбен, сөзбен жасайтын көп күнәдан тыйылу. Рамазан – Алланың сыйы. Осы айда қаншама жақсылық пен сауап бар. Оның барлығы еселенеді. 83 жылдың сауабын сыйлайтын Қадір түні де Рамазанда. Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла Тағала елімізге, жерімізге береке жаудырсын!