"Кетпесеңдер, бульдозер әкелемін": Барахолка базарындағылар Жетісу әкіміне наразы
"Кетпесеңдер, бульдозер әкелемін": Барахолка базарындағылар Жетісу әкіміне наразы
248
оқылды

Алматыдағы әйгілі барахолканың «Рахат» базарында 100-ге жуық саудагер әкімдіктің әрекетіне наразылық білдіріп шу шығарды. Айтуларынша, Жетісу ауданының әкімі қоқан-лоқы көрсетіп, оларды әй-шәй жоқ мәжбүрлі түрде көшірмекші, – деп хабарлайды КТК арнасы

Бүтін бір базардың жарығын қиып тастады, дейді. Ал сот шешімін алға тартқан аудан әкімі қайтсе де бұл орынды босатпақшы екен. Қолына плакат ұстап базынасын айтқан «Рахат» базарының саудагарлері бірнеше жылдан бері тыным таппай келеді. Бұл орын біресе сауда жасауға рұқсат етілмейтін қызыл жолақта тұрса, біресе орнына жиһаз фабрикасы салынатын болған. Ал екі апта бұрын Жетісу ауданының әкімі саудагерлерге көшетіңін ескерткен.
"Біз 2017 жылдан бастап CPS серіктестігімен соттасып болдық. Олар осы жерде жиһаз фабрикасын салмақшы болды. Бірақ сотқа жүгініп жүріп, қанша рет апелляция беріп, жиһаз фабрикасының шешімін жойдық. Енді аяқ астынан төрт жыл бойы біздің қалымызды сұрамаған Жетісу ауданының әкімі келіп «шығыңыздар, бір ай уақыт береміз» дейді", деді саудагер Ләззат Көпірбаева.
Жиналғандардың шымбайына батқаны әкімнің келгені емес, оның қоқан-лоқы көрсетіп дөрекі сөйлегенінде, дейді. Онысына шенділер кәсіпкерлерді жалдау ақысы үш-төрт есе қымбат сауда орындарына көшіргелі тұр, дейді. Әкімнің әрекеті заңға қайшы, әрі миға қонымсыз деп отыр.
«Кетпесеңдер, бульдозер әкелемін, жарықты өшіремін, базардың адамдарын алып келіп, орын береміз» деді. Орын бергенде олар астыңғы қабаттан бермек, жертөлеге кім барады? Екіншіден, ол жақта құрылыс жасау керек. Қайта ақша салу керек. Онысына сатып алу керек. Бізге үш айға береміз дейді. Кейін бір жылдың ішінде сатып алуыңыз керек дейді. Қайдан?", - деді саудагер Тамара Жұмандықова.
Кәсіпкерлердің айтуынша, әкімдік осыдан үш күн бұрын тағы келіп саудагерлерді қуып, жарықты қиып кеткен. Енді кәсіпкерлер амал жоқтығынан бүгін генератор орнатып қойыпты. Бұған күніне 65 мың теңге төлеп, 200 литр дизель отынын құяды. Енді олар жарықтың жоқтығы жығылғанға жұдырық болды деп қынжылады. «Жарыққа мүлдем қатысым жоқ» деген Жетісу ауданының әкімі «Рахат» базары 2019 жылдан бастап мемлекет меншігіне өткенін айтады. Сот шешімімен бұл базарды кәсіпкерлер үш жыл бұрын босатуы керек болған.
«Рахат» базары әу баста үшке бөлінген. Оның екі бөлігі сатып алынды. Біреуі жаңа «Ялян», екіншісі «Рахат кз». Екеуі де толық жаңартылған. Ал өздеріңіз барған базар өте ескі. Ондай еш жерде жоқ. Базарға барып кәсіпкерлерге түсіндірдім. Олардан орынды босатуды емес, жаңартылған сауда орындарына көшуді сұрадым. Сауда орындарының директорлары кепіл беріп отыр. «Керемет», «Дәстүр», «Алатау», «Ялян», «Рахат кз», «Юпитер» сынды сауда орындарына көшуіне болады. Жалдау ақысы «Яляннан» басқасының барлығында 4050 мыңнан аспайды", - деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева.
Енді әкімдік бір айдың ішінде кәсіпкерлерді өзге орынға көшіріп, «Рахат» базарының орнына көлік тұрағын немесе саябақ салмақшы. Алайда 30 жыл бойы осы жерден нәпәқа тауып келген саудагерлер бір адым қозғалмаймыз деп отыр.