Паралимпиада чемпионы Президентке үндеу жариялады
Паралимпиада чемпионы Президентке үндеу жариялады
240
оқылды
Танымал спортшы, Риодағы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Габидуллина Президентке үндеу жасап, жақында ғана аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінген қазақстандық бизнесмен, Ұлттық Паралимпиада комитетінің басшысы Қайрат Боранбаевты бостандыққа шығаруды сұрады. Үндеуді спортшы өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялаған.
«2016 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жүзуден Рио Паралимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алдым. Бұл жеңіске мен  25 жыл бойы дайындалдым. Осы уақыт аралығында мен кешенді оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жаттығумен алаңсыз айналысуға мүмкіндік алдым. Мұнда Қайрат Боранбаевтың рөлі айрықша болды. Ол Паралимпиадалық спортты дамытуға көп күш жұмсады. Демеушілерді тартып, паралимпиадашылардың қажетін түгендеді.  Соның арқасында спортшыларымыз халықаралық аренада жақсы нәтиже көрсетті. Рио-де-Жанейродағы паралимпиадада ұлттық құрама екі медальға ие болды. Мен 50 жасымда Паралимпиадаың чемпионы атандым. Ал Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингте күміс жүлдеге ие болды. Елордада озық үлгіде жабдықталған Паралимпиадалық орталық салынды. Бұл орталықта параспортшылар өздеріне ұнайтын спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алды. Спортшылардың саны артып, олардың көрсеткіштері де жақсара түсті. Токиода өткен Паралимпиада ойындарында біздің спортшылар 5 медаль жеңіп алды. Ал биыл Бейжіңдегі қысқы Паралимпиада ойындарында биатлоншы Александр Герлиц қола медалға ие болды», – дейді Зульфия Габидуллина.
 width= Сондай-ақ өз жазбасында Паралимпиада чемпионы Ұлттық Паралимпиада комитетінің басшысының қамалуын зор күйзеліспен қабылдағанын жазған.
«Соңғы оқиғалар аясында Қайрат Боранбаевты қамауға алғаны туралы білдім. Мен бұл жаңалықты үлкен өкінішпен қабылдадым. Сізден қалыптасқан жағдайға назар аударып, Қайрат Советайұлын қамаудан босатуыңызды сұраймын. Сізге құрметпен, Зульфия Габидуллина», – делінген спортшының жазбасында.
Айта кету керек, Қаржы мониторингі агенттігі квазимемлекеттік секторда ірі көлемде қазына қаржысын жымқырды деп ұстаған, 2015 жылдың ақпанынан Қазақстанның Ұлттық паралимпиада комитетіне жетекшілік жасаған танымал бизнесмен әр жылдары Қостанай облысының бокс федерециясы мен алматылық «Қайрат» футбол клубының қамқоршылық кеңесіне басшылық етті.