Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Тоқушы ауылындағы мектептің акт залының төбесі жартылай опырылып түсті. Оқиғаға қатысты облыстық білім басқармасы түсініктеме берді.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, шатыр жартылай құлап қалған. Акт залы Тоқушы мектеп-гимназиясының ғимаратына жапсарлас орналасқан. Зардап шеккендер жоқ.
«Оқиға орнына уәкілетті органдардың басшылары барды. Мән-жайды анықтау және шара қабылдау үшін арнайы комиссия құрылды. Алдын-ала себеп – іргетастың шөгуі және шатырдан судың ағуы. Биыл әкімдік мектепті жөндеуге қосымша қаражат бөліп, бас мектептің шатырын, акт залы мен интернат ғимаратының шатырын ауыстыруды көздеп отыр», – деді баспасөз қызметі.
Мектеп-гимназияда 293 оқушы білім алады. Мәселе шешілгенше олар қашықтан оқиды.