Аутист балалардың саны артты
Аутист балалардың саны артты
720
оқылды
Жыл сайын 2 сәуірде Дүние­жү­зілік аутизм мәселесі туралы ақ­парат тарату күні атап өтіледі. Диагнозы дә­лелденбеген, емдеу жолы беймәлім аутизмге шалдыққан балалардың саны жыл санап артып келеді. Соңғы жеті жылда аутизм анықталғандар саны бес есе өскен. Жалпы, аутист балаларды қоғам қабылдай ала ма? Білім ор­даларында олардың еркін жүріп-тұруы үшін қандай жағдай жасалған? Білім және ғылым министрлігі ұсынған статистика бойынша, 2003 жылы елімізде аутизм спектрі бұзылған 77 бала тіркелсе, бүгінде бұл көрсеткіш 9 мыңға жетті. Ал бейресми де­рек­терде аутизмі бар балалар саны 30 мыңнан асады. Autism Speaks ха­лықаралық ұйы­мының мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір 54-балаға аутизм диагнозы қойылған.

Аутизм – ауру емес

Аутизм – әлем бойынша әлі то­лық зерттелмеген синдром. Бұл сырқатқа нақты қандай фактор әсер ететіні әлі күнге дейін бел­гісіз. Дегенмен бұл – бала да­муын­дағы, оның ми жүйесіндегі ауыт­қушы­лықтың ауыр түрі. «Аутизм» тер­минін алғаш рет швед психиатры Эйген Блейлер 1911 жылы ашқан. Грек сөзінен аударғанда «өзім» де­ген мағынаны білдіреді. Терминнің өзі айтып тұрғандай, аутизмге шал­дыққан бала өз әлемімен өзі болып, сыртқы құбылыстарды, өзгерістерді мүлде қабылдамайды. Тіпті, үйінде өзі үйреніп қалған жиһаздарды, тұсқағаздарды ауыстырса да ашу­ланып, қарсылық ретінде айғайлап, жылап, мінез көрсетеді. Аутист жандар бір нәрсемен ұзақ уақыт бойы айналысып отыра береді, бір ойынды ойнап, бір қимылды қай­талай беруі мүмкін. Дәрігерлердің сипаттауы бойынша, бала атын атап шақырса елең қылмайды, көзге тіке қарамайды, дыбысқа, бас­қаға реакциясы болмайды, өзі­мен-өзі отыра береді. Басында осын­дай белгілеріне қарап ма­мандар «аутизм балаға жеткілікті көңіл бөлмегеннен, бір үйде жалғыз өзі ұзақ уақыт бойы қалып қой­ған­нан пайда болады» деген пікірді айтып жүрді. Бірақ бұған ешқандай ғылыми дәлел болған жоқ. – Шыны керек, бүгінге дейін аутизмнің нақты себептері әлі та­былмады. Қаншама зерттеулер жүр­­гізіліп жатыр. Бірақ пікір де алуан түрлі. Бірі – тұқымқуалау­шы­лық факторы әсер етеді десе, енді бірі – сыртқы экологияның, дұрыс тамақтанбаудың, екпенің әсері екенін айтады. Орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан да, жүктілік кезінде алған жарақаттың салда­рынан да болуы мүмкін. Сондықтан әлі күнге дейін аутизмнің неден туындайтыны табылмаған соң, ем­деу тәсілі де анықталмады, – дейді «Орда» аутизмді емдейтін реа­би­литациялық орталықтың жетекшісі Салтанат Есмағанбетова. Ендеше аутизм – дәрі беріп, ем­деп алатын ауру емес. Тек арнайы мамандар баланы қоршаған ортаға үйретіп, бейімдеу жұмыстарын күнделікті жүргізуі керек. Онда да баладан бір жылдың ішінде аутизм белгілерін жоя алмайды. Ал бала­ның аутизмге шалдыққан-шалдық­па­ғанын 1-2 жастан байқауға бо­лады. Сол себепті ата-ана аутизм бел­гі­лерін ерте байқаса, оңалту жұ­мыс­тары да тез басталады. Соған қарай оның қоғамға бейімделуі же­ңіл әрі тез өтеді. Аутизмге шалдықты деп балаларды шеттетуге болмайды. Өйткені аутизмнің жеңіл, орташа, ауыр деген үш деңгейі бар. Соның ішінде жеңіл түріне шалдыққандар 100 пайыз емделіп кетпесе де, ортаға сіңісіп, өз бетімен өмір сүре алады. Дәрі­герлердің пікірінше, аутистердің табиғи әлеуеті мен есте сақтау қабілеті кей жағдайда жо­ғары. Та­рихқа үңілсек, аутизмге шал­дық­қан Лео­нар­до да Винчи, Исаак Нью­­тон, Альберт Эйнштейн се­кілді тұлғалар да болған. Осындай ерекше жанның бі­рі – Әлібек сноубордпен айналысып, мультфильмдермен әуестенеді. Анасы­ның айтуынша, ұлының қоғамға бейімделуіне қызығу­шылығы әсер етіпті. «Біз бастап­қыда аутизмді «ауру» деп санап, қателік жібердік. Өзімізді «ауруды жеңеміз» деп сен­діріп, уақыты­мызды емдеуге арна­дық. Сөйтсек бұл «ауру емес», жа­тыр ішінде қа­лыптасатын жүйке жү­йесінің өзінше бір түрі екен. Бар бол­ғаны аутистерге дамуы мен қа­лып­тасуы үшін жеке әдістеме ке­рек», – дейді анасы Жанна Қаратай.

Шипасын шетелден іздеген

Шыны керек, ата-аналардың кө­бі баласының аутист екенін мо­йындағысы келмейді. Аутизм тура­лы алғаш естігеннен үрейленіп, сыр­қаттың себебіне бармастан, шетел асып, ем іздейді. «Асыл Ми­рас» аутизм орталығының жетек­шісі Елена Күзенбаеваның ай­туын­ша, аутизмнің нақты емі жоқ. Ал еліміздегі аутизмді оңалту тәсілдері шетелден еш кем емес. Аутизмді емдеумен ПМПК ка­бинеттері де айналысады. Бірақ ол жақта кезек көп, орын саны аз. Әрі аптасына 2 рет, бір сағаттан ғана қабылдайды. Сонда айына 8 са­ғаттық терапия жетпейді. Негізі, балаға көмек бо­луы үшін АВА-терапияны аптасына 30-40 сағат алу керек. Олай болмаса, нәтиже болмайды. Одан бөлек, жеке ор­талықтардан ақылы қызмет алуға да болады. – Біздің орталықта аутистік спектр­дегі ауытқулары бар бала­лар­мен жұмыс жүргізу тәсілдері халық­аралық стандарттарға сай келеді. Мұнда тек ғылыми тұрғыдан дәлел­денген технологиялар қолданы­ла­ды. Оларды мамандар бағдарлама­лардың авторларынан тікелей үйренген. Сондай-ақ орталықтың көрсететін қызметтері тегін, – дейді Елена Күзенбаева. Көпшілік Израиль тәжірибесін мақтайды. Соның үлгісін енгізіп, елі­мізге сай етуге де тырысып жат­қан орталықтар бар. Ондағы басты артықшылығы – толеранттық. Из­раильде адамның жеке кеңістігін қатты сыйлайды. Аутист балаларға дене мүшелері туралы тәптіштеп түсін­діреді. Жыныстық тәрбиеге де басым көңіл бөлінеді. Себебі олар­дың сенсорлық қабылдауы қатар­ластарынан кеш оянады. Мысалы, аутистер 12-13 жасқа дейін ұл мен қыздың арасындағы айырманы сезбейді. Кейін денесінде бірден өзгеріс болатындықтан, есеңгіреп қалуы мүмкін.

Қоғам қолтығынан демей ме?

Бұған дейін аутизммен ауы­ра­тын балаларды тек арнайы мектеп­тер, орталықтарда ғана бейімдейтін. Алайда бүгінгі әлемдік тәжірибеге сәйкес, аутизм белгісі анықталған баланы оқшаулаудың қате екені айтылып келеді. Сол себепті аутизм белгісі бар балаларға барлық бала секілді орта мектептерде білім алуы­на жағдай жасауға арналған шаралар қолға алынды. Бұл үрдіс елімізде де ерек­ше қарқынмен жү­зеге асырылып жатыр. Айталық, Білім және ғылым министрлігі ерек­ше білім беру қажеттілігі бар, оның ішінде аутизмі бар балалармен жұ­мыс бойынша ассистент-педа­гог­терді даярлауды бастап кетті. Жо­ғары оқу орындарындағы педа­гоги­калық мамандықтардың білім беру бағдарламаларына арнайы модуль­дер енгізілген. Сондай-ақ 2025 жыл­ға қарай мектепке дейінгі ұйым­дар мен ерекше білім беру қа­жет­тілігі бар жандарды, оның ішін­де аутизмі бар балаларды қабылдауға дайындалған мектептердің үлесін 70%-ға дейін, ал колледждер мен ЖОО-лардың үлесін 100%-ға дейін арттыру жоспарланған. Дегенмен ерекше балалармен жұмыс істейтін ассистент-педа­гогтердің тапшылығы анық білініп отыр. Еңбек биржасының мәлі­метінше, жалақысы аз, жұмысы ауыр мамандыққа жастардың да ын­тасы жоғары емес. Бұл ойды «Бо­лашақ» қоғамдық қоры «Әр ба­ла мектепке баруға лайықты» жо­ба­сының жетекшісі Жазира Ескен­ді­рова айтты. Қазір Қазақстан бо­йынша педагог-ассистенттерді «Болашақ» қоры ғана дайындайды. – Бүгінде біліктілікті арттыру курсын 150 маман оқып шықты. Дегенмен педагог-ассистенттер әлі де жеткіліксіз. Себебі жалақысы аз және әр жерде әртүрлі төленеді. Мәселен, бір мектепте 35 мың теңге төленсе, енді бірінде 90 мың теңге. Еден жуушының өзі 70-80 мың тең­ге алады, ал тьюторлардың жұмысы ауыр болса да, табатын табысы мар­дымсыз, – дейді Жазира Ескендірова. Маманның айтуынша, еліміз­дегі мектептер аутизмі бар бала­ларды қабылдаудан жиі бас тартады. Инклюзивті сыныптарды ашудағы басты мақсаттардың бірі де осы мәселеден туындаған. Аутист бала­лардың басты проблемасы әлеумет­тік ортамен байланысының жоқ­тығы. Бала білім беру ордаларында ғана осы олқылықтың орнын тол­тыра алады. Қазір балабақшаларда инклюзивті білім беру жобасы жүзеге асып жатыр. Бірақ ол жерде аутист балалар барлық баламен бірге білім алмайды. Егер инклю­зивті білім беруді дамытып, барлық балаға тең дәрежеде білім берсек, аутист балалар да қоғамнан шетте қалмас еді. – Аутист балаларды қоғам қа­былдауы үшін халықты бұл син­дроммен толықтай хабарландыру керек. Қазір аутизмді адамдар тү­сін­бейді. Сол себепті мұндай ба­ла­ларға үрке қарайды. Біреулер ауру, енді біреулер тәрбиесіз санайды. Америкада орта есеппен әр адам күніне 5 рет аутизм туралы ақпарат алады екен. Мұндай жағдайда тү­сініспеушілік те аз болады, – дейді Жазира Ескендірова. Иә, барлық бала бақытты бо­луға лайықты. Ал тағдырдың жа­зуы­мен аутизмге шалдыққан бала­ның жанын түсіну, қоғам болып қолдау – парыз.