Осы күні өмірімізге біте қайнасқан қалта телефоны мен әлеуметтік желіден келетін әлек аз болмай тұр. Елді дүрліктіретін жалған хабарламаның соңы халықты үрейлендіріп қана қоймай, кейде зор қаржылық шығынға апарып соғуы да мүмкін. Яғни, жалған ақпарат таратып, «бәлен жерде жарылғыш бар, түген жерде бомба бар» дейтін ақпаратты таратушылар ел бюджетіне орасан шығын әкеледі.
Бір аптада бірнеше рет дүрліктірді
Өткен аптаның алғашқы күні-ақ шұғыл қызметтің ширақ қимылдауына тура келді. Өйткені сол күні елорданың құқық қорғау органына әлдебіреу 8 минуттан соң «Сарыарқа» сауда ойын-сауық орталығында мина жарылатынын жеткізген. Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер мен құтқарушылар ғимараттан 350 адамды эвакуациялап, кәсіпкерлердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Алайда тексеру барысында жарылғыш зат табылмаған. Елді дүрліктірген елордадағы оқиғадан кейін үш күн өтпей елдегі бірнеше қалада тағы да жалған ақпарат таратқандардың қоңырауы тұрғындарды әбігерге салды. Бұл жолы «әзілқойлардың» таңдауы ең үлкен қалаларға түскен сыңайлы. Бір күннің ішінде Алматы мен Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында тараған жалған хабарлама жұрттың үрейін ұшырған. Мәселен, Алматыдағы жеті нысанда қойылған жарылғыш зат туралы ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін қаладағы бірнеше мекеменің жұмысы тоқтатылып, кейбір көшелердегі көлік қозғалысын шектеуге тура келген. Тексеру жұмыстарына құтқарушылар мен полицейлерден бөлек, арнайы техника мен саперлердің көмегі қажет болды. Бірақ бұл жолы да әуежай, екі сауда үйі мен университетте жүргізілген тексеру жұмыстары түскен ақпаратты растаған жоқ. Қарағанды облыстық Полиция департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары да қаладағы жарылғыш зат туралы ақпараттың жалған екенін анықтады. Қарағандыдағы Мұқанов көшесіндегі ХҚКО ғимаратында жарылғыш құрылғы барын хабарлаған 29 жастағы күдікті енді заң алдында жауап береді. «Әзілқойдың» әрекетін дәлелдейтін айғақ зат ретінде ұялы телефон тәркіленіп, тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондай-ақ осы күні елорданың «102» арнасына да әлдебіреулер My Сar және Lexus автосалондарының, сондай-ақ «Хан Шатыр» және Mega Silk Way СОО-ның электронды мекенжайына жарылғыш құрылғылар қойылғаны туралы хат келіп түскенін хабарлап, шақырту жасаған. Электронды мекенжайдан келген хабарламадан соң қаланың шұғыл қызметтері нысандарды тексергенімен, жарылғыш құрылғыны таппаған.Әліптің артын бақпайды
Жалған ақпарат қой, әзіл дерміз. Әйтсе де, ойыннан от шығатынын ұмытпау керек. Себебі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама тарату қоғамды құр дүрліктіріп қана қоймай, азаматтардың жарақаттануына, тіпті мерт болуына апарып соғуы мүмкін. Үрейленген адамдар үрей үстінде бір-бірін жаншып кетуі ықтимал. Мұндай сәтте жарымжан жандар мен аяғы ауыр аналарға, қарттар мен балаларға қатер төнеді. Бұл ғана емес, мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысы кідіреді. Кәсіпкерлердің жұмысы тоқтаса, қаржылық шығынға батады. Ал құқық қорғау органдары мұндай кезде шынайы қауіптің болу мүмкіндігін ескере отырып, тиісті әрекет жасайды. Сол үшін кез келген ақпарат бойынша жедел қызметтер міндетті түрде оқиға орнына барады. Адамдар сыртқа шығарылады, ғимарат мұқият, жан-жақты тексеріледі, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады. Қауіпті аймақтан адамдарды эвакуациялауға мәжбүр болады. Полиция, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем қызметінің күш-құралдарын жұмсау бюджетке де шығын әкеледі. Мәселен, жалған шақыртуға бір рет шыққанның өзінде 200-300 мың теңге қаражат жұмсалады. Ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтаса, кәсіптеріне әрбір сағат сайын миллиондаған теңге зиян келеді. Қаражатты былай қойғанда, дәл сол мезетте құқық қорғау мен төтенше жағдай қызметкерлері шын мәнінде қауіпті қылмыстың алдын алып, жәрдемге мұқтаж басқа адамдардың қасында болуы керек те шығар. Өкінішке қарай, әліптің артын бақпайтын бұзақылардың бұл айтылғандарға бас ауыртқысы жоқ. Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары жалған ақпарат таратушылар мұндай қоңырауларды еріккеннің ермегіне айналдырған. Кейбіреулер құзырлы орындарға қоңырау шалғандарын әзілмен байланыстырса, тағы біреулері мас күйінде жасайды. Себебі де әртүрлі. Жалған хабарлама жасаушылардың дені өз әрекеттерін белгілі бір мекемеден кек алу мақсатында жасағанымен түсіндіреді. Кейде адамдардың осындай ессіздікке баруы бұзақылықпен байланысты. Ал енді біреулері мекеменің жұмысына кедергі келтіру үшін, тіпті құқық қорғау органдарының жұмысын тексеру мақсатында да барады екен. Бұрын бұзақылардың арасында мас күйінде жалған ақпарат тарататындар көп болса, бұл күні балалар да мектептегі сабақты болдырғысы келмесе «бомба барын» айтып, «102» арнасына хабарлауды әдетке айналдырып барады. Олардың арасында да өз ортасында мықтыларды анықтау үшін жалған хабарлама жасайтындар бар. Сорақысы, үй тапсырмасын орындамаған күні сыныққа сылтау таппаса, терроризм актісі туралы жалған ақпарат тарататын көрінеді. Мысалы, биыл Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қалалық 34 мектепке электронды поштамен жалған хабарлама таратқан жасөспірімді ұстаған.Жалған ақпарат үшін жаза ортақ
Жалпы, жалған хабарлама жасағаны үшін сотталғандардың 55 пайызға жуығы қылмыс жасаған сәтте мас болған. Барлық қылмыстың 88 пайызын жұмыссыздар жасаса, 9 пайызы жұмыс істейтін адамдар тарапынан, қалған 3 пайыз шақырту кәмелетке толмаған жасөспірімдерден түсіпті. Құқық қорғау органдарының дерегінше, «әзілқойлардың» орташа жасы 30-49 жасты құрайды. Осы жастағы адамдар жыл сайын жалған ақпарат тарату бойынша қылмыстың 55 пайызын жасайды. Қаскөйлердің арасында 18-29 жас аралығындағы жастар көп. Олардың саны 27 пайызды құрайды. Жалған ақпаратты таратқандардың 85 пайызға жуығы ұялы телефонды пайдаланса, интернет желісі арқылы түскен хабарламалар 8 пайызға жеткен. Дәл осындай хабарламаларды ашу ұзаққа созылады екен. Дегенмен жалған ақпарат таратқандар жазасыз қалмайды. Себебі, мұндай қылмыстармен күресуге құқық қорғау қызметкерлері барлық мүмкіндіктерді қарастырады. Оның ішінде заманауи техникалық құралдармен жабдықталған құрылғылар барынша қолданылады. Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырғанның өзінде, істеген әрекеті анықталмай қоймайды. Оның дәлелі – қылмыстардың 90 пайыздан астамы «ізі суымай» кезекші тәулікте ашылған. «Елімізде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бұл шамамен 14,5 миллион теңге. Не болмаса осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ата-аналар мен оқушыларға құлаққағыс болсын, осындай қылмысты жасаған 14 жасқа толған жасөспірімдер де қылмыстық жауапқа тартылады. Сондықтан мұны мектеп оқушылары білуі тиіс», – дейді ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев. Сондай-ақ ол осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығындар өтелу керегін айтады. Мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығын ата-анасының мойнына ілінеді екен. Өйткені терроризм актісі туралы жалған хабарлама әзіл емес, қылмыстық әрекет. Сондықтан өкініш білдіргенімен, қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайды.«Айтқыштардың» артуына кім кінәлі?
Алайда мұндай ессіз іске баратындардың біразы бұрын сотталғандар, психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратындар мен осы қылмыс үшін ұсталғандар. Оның себебін психолог Айгүл Қараманова «адамдарды әбігерге салғысы келетіндердің көбі адреналинді жақсы көретінімен» түсіндіреді. Яғни, адамдардың әлденеден қорыққаны қызық болып көрінгендіктен, өз іс-әрекетіне есеп бере алмауы мүмкін. Сондай-ақ тұрақсыз психикасы бар адамдар да жалған ақпарат таратуға бейім келеді. Кейбір адамдар бала күнінде отбасындағы қорлықты көп көрсе, есейгенде адамдарға деген қарым-қатынасы өзгереді. Мұндай адамдар қоғамды қызықтыратын дүние арқылы өзіне назар аудартқанға құмар. Дегенмен оларды емдеуге болады. «Медициналық көмекке мұқтаж, психологиялық ауытқушылығы бар адамдардың ауруы басталғанда оларды қоғамнан оқшаулау керек. Оларды емдеуге болады. Өзімнің тәжірибемде жалған ақпарат беретіндер, ұйқысыздық пен құмар ойындарға әуестенгендерге гипнозды қолданамын. Нәтижесі бар», – дейді психолог маман. Бұдан бөлек, жазасын өтеп шыққандар мен осы өмірде ештеңеден жолы болмаған жандар да өшін алу үшін адамдарды әбігерге салатын әрекетке барғанды құп көреді екен. Мысалы, жазасын өтеп шыққан адам бастапқыда бұл әрекетін мас күйінде жасауы мүмкін. Екінші рет саналы түрде барады. Оның үстіне, жалған ақпарат таратуға бейімділік қоғамдағы хайпқұмарлықтан басталады. Маманның айтқан бұл уәжіне келіспеске шара жоқ. Өйткені қазір күнделікті өмірімізде сан түрлі ақпарат естиміз. Оның ішінде шындыққа жанаспайтыны жетерлік. Хайп қуған заманда адамдар үшін жантүршігерлік ақпарат әлдеқайда қызықты болып тұр. Жұрттың дені ел өміріндегі маңызды салалардағы оң өзгерістен қарағанда, төтенше жағдай мен алапат апаттар туралы оқығанды жөн көреді. Сол себепті әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар тарату арқылы тіркелушілердің санын толтырғысы келетіндер көп. Сорақысы сол, «атың шықпаса жер өртенің» кебін кигендер жалған ақпарат таратумен «танылып» жатады. Ең өкініштісі, оларды қолдан «жұлдыз» жасайтын да, артынан опық жейтін де өзіміз.