Соңғы екі аптаның ішінде табиғат жұртты сынаққа алған сыңайы бар. Наурыздың соңында қар қалың түсті. Іле-шала күн күрт жылынды. Енді сол мол, дала мен қалаға қарғын қауіп төндіріп тұр. Тасқын Қарағанды қаласын да әбігерге салды. Бұл туралы Қарағанды қалалық Төтенше жағдайлар басқарма басшысының орынбасары Асқат Маханов жиында айтты.
– Наурыздың аяғында 50 мм-ден астам қар түсті. Қазір күннің күрт жылынуынан күндіз де, түнде де қар тез еріп жатыр.
Су ағынының көп болуынан Оңтүстік-Шығыс аймағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің 5 жертөлесі, кеңсе ғимараттары мен көшелер су астында қалды. Соның кесірінен Гүлдер –Тәттімбет көшелерінде жол жабылды.
Бұл жерде еріген судың ағынын коллекторға бағыттау үшін құм-топырақтан қорған салу жұмыстарын жүргіздік. Барлық мекенжайда арнайы техникамен су сорғызылып жатыр, – Асқат Маханов.
Жалпы, Қарағанды қаласында су тасқыны кезеңі басталғаннан бері су басу туралы 194 хабарлама тіркелген. Күзембаев көшесіндегі № 2, 4, 6, 8, 10, 12, Өркен көшесіндегі № 5, 7,9, 11,13 тұрғын үйлерге су кірген. Себебі қожайындары үйлерінің кәріз құбырларын қалалық кәрізге заңсыз жалғаған.
Университет көшесіндегі жертөлелерді су басу себебі қалалық орталық канализацияға еріген судың үлкен көлемде түсуінен болды.
Сондай-ақ 31 наурыздан бастап сарқынды су көлемі 2,5 есеге артып, тәулігіне 160 000 шаршы метрді құраған.
Тұрғын үйлерді су басу қаупін жою үшін жергілікті атқарушы органдардың, жол-коммуналдық
ұйымдардың күштері мен құралдары, Қарағанды қаласының төтенше жағдайлар басқармасы тартылды. Қазір 380 мың текше метрден астам су сорылған. Бүгінде жанар-жағармай қоры – 5 мың тонна, инертті материалдар – 66 мың тонна, қап – 15 мың дана.
– Жағдай бақылауда, күштер мен құралдар жеткілікті, тұрғын үйлерді су басып кетпеу, іргелес аумақтардағы суды жедел ағызу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Сонымен қатар барлық ата-анадан балалардың үйден шығуын, қар еруі аяқталғанға дейін қараусыз жүруін шектеуді сұраймын. Оларды судың жанында ойнауға қатаң тыйым салу қажет. Қалада және барлық елді мекенде көптеген арна бар, мақсаты бойынша олар әрқашан ашық. Қазір олар суға толы, – дейді Асқат Маханов.