«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы мен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында биыл Ақмола облысы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 258 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жоспарланған. Тек Көкшетау қаласы бойынша биыл 25 нысан бейімделуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Ал олардың қаншалықты сапалы әрі уақытылы бейімделуін партия мүшелері мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарынан құралған аймақтық мониторинг тобы бақылап қайтты. Мониторинг тобы өкілдері Көкшетау қаласындағы 4 білім және мәдениет нысандарын тексеріп, олардан бірқатар кемшін тұстарды анықтады. Сол бойынша оларды жою жөнінде нысан жетекшілеріне ұсыныстарын айтты. «Мәселен, Мәлік Ғабдуллин музейі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тек жартылай бейімделген болып шықты. Ал лифт механизмі талапқа сай емес, тіпті жарақат алу қаупі бар болғандықтан, оны ауыстыру қажет. Жалпы, қай мекемеде де, әсіресе жаңадан салынатын ғимараттарда мүгедектер талабы ескерілуі тиіс», – деді мониторинг тобы өкілдері. Одан кейін мүгедектердің мұқтаждығына қарай бұған дейін бейімделуден өткен білім беру нысандары тексерілді. Олардың қатарында Көкшетау жоғары медициналық колледжі, Ж.Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжі және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің №2 студенттер үйі бар. Соңғысында көтерме механизмі және оларға кедергісіз өту жолы талапқа сәйкес еместігі анықталып, кемшілікті жою бойынша ұсыныстар айтылды.