Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүгедектік жәрдемақыға ілігуінің өзі ақыреттің қылкөпірінен өтуден де қиын. Неге десеңіз, медициналық әлеуметтік сараптамадан өту үшін құжат жинау сау адамды ауру қылады. Жолы болғандар құжаттарын тап-тұйнақтай етсе, бағы жанбағандар жемқорлықтың жетегінде кетеді. Ендеше жәрдемақы беру жүйесін жетілдіру үшін не істеу қажет? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, республикада 696 825 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 598 571 адам ересек және 98 254 адам 18 жасқа дейінгі балалар. Дегенмен аталған азаматтардың өз бетінше көп құжат жинауы қиын. Ең алдымен, мүгедектігі бар азамат тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға хабарласуы қажет. Яғни, ауыл тұрғыны 4 ай ішінде диагнозын қойып, оңалту бағдарламасы мен дәрігердің бақылауынан өту кестесін жасау үшін аудан орталығына келуі керек. Содан кейін ғана түрлі құжаттарды жинауды талап ететін облыстық басқармаға медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі. Бұлар да айтарлықтай уақытты талап етеді. Осылайша, мүгедектік дәрежесін алу мерзімі орта есеппен 2 айдан бір жылға дейін созылады. Мәжіліс депутаты Ғани Ташқараев тек медициналық мекемеге ғана жүгiну арқылы мүгедектiктi белгiлеу рәсiмдерiн оңайлатуды тілге тиек етті. – Былтыр сотта осы іс бойынша 102 талап-арыз қаралды. Мүгедектікті танудың қолданыстағы тетігімен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көбейіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың пікірінше, қайта сараптамадан өтуде түйткілді мәселелер бар. Осымен айналысатын уәкілетті органдар мен мамандардың әрекетіне де наразылық жиі айтылады, – деді депутат.
Аурудың бәрі мүгедектікке жатпайды
Мүгедектік деген ұғым мен ауру адам арасында үлкен айырмашылық бар. Көп жағдайда азаматтар «3-4 ауруым бар, маған неге мүгедектік берілмейді?» деп реніштерін білдіріп жатады. Сондықтан мүгедектіктің не екенін жіті түсініп алған дұрыс. Мүгедектігі бар жандар – ауру немесе жарақат салдарынан болатын ағза функцияларының, жүргізілген емдеу шараларына қарамастан тұрақты бұзылып, тіршілік ету әрекеттері шектелген, әлеуметтік көмекке мұқтаж адам. Еліміздің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, мүгедектік науқас адамның денсаулығына тұрақты түрде функционалды ауытқулар мен кемшіліктер байқалған жағдайда ғана белгіленеді. Мүгедектік және еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі 6 айға және 1 немесе 2 жылға, анатомиялық кемістіктер болған жағдайда мерзімсіз уақытқа белгіленеді. Ал 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге «мүгедек бала» санаты бойынша мүгедектік 6 айға, 1, 2, 5 жылға және 16 жасқа толғанға дейін деп белгіленеді. Мерзімсіз мүгедектік деген бар. Яғни, өмірлік мүгедектікке шығу. Өмірлік мүгедектік – ағза функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары болған кезде, емдеу-оңалту іс-шаралары тиімсіз болғанда, ал 1-топтағы мүгедектік – кемінде 4 жыл, 2 және 3-топтағы мүгедектік – кемінде 6 жыл динамикалық қадағалаудан кейін ғана белгіленеді. Дәрігер Зульфия Мажитованың айтуынша, мүгедектігі бар азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары, жарақаттар, қатерлі ісік аурулары бойынша мүгедектікке шығу жағдайы көп. Балалар арасында да түрлі туа бітті кемістік, психикалық аурулар жиілеп кеткен. – Медициналық сараптама жүргізуде кадр тапшылығы байқалып отыр. 2000 жылдардың басында қысқартулар болған еді. Сараптамадан өтушілер тым көп. Әр облыс бойынша орта есеппен 15 МӘС бөлімі бар. Ол бөлімдерде 60 дәрігер қызмет көрсетеді. Өңірде 100 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтың бар екенін ескерсек, 60 дәрігердің жұмыс ережесі, әрине ауырлай түседі. Ереже бойынша күніне 10-12 адам қабылдауымыз керек болса, қазір бір күнде 18-20 адам қабылдаймыз, – дейді Зульфия Мажитова. Айта кетсек, елімізде І топтағы мүгедектер 65 860 теңге, II топтағылар – 52 483 теңге, III топтағы азаматтар 35 675 теңге алады. Бұл қаржы дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен болса, посткеңестік мемлекеттердің жәрдемақы мөлшерімен шамалас. Мәселен, АҚШ халқының 19 пайызы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Олар айына орта есеппен 1 258 доллар, яғни 588 мың теңге алады. Ресейде І топтағы мүгедектер – 76 мың теңге, II топтағылар – 63 мың теңге, III топтағы азаматтар 31 690 теңге алады.Жыл сайын бітпейтін тексеріс
Медициналық әлеуметтік сараптаманың негізгі міндеттеріне мүгедектікті және еңбек қабілетін жоғалту дәрежесін, олардың себептерін анықтау, мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеп, олардың орындалуына бақылау жасау жатады. Дегенмен сараптамаға көңілі толмайтын азаматтар да жетерлік. Солардың бірі – отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов. Оның айтуынша, бірдей диагноз қойылған жігіттердің мүгедектік дәрежесі әртүрлі. Ал бір аяғы келесі аяғынан қысқа жандар өмір бойына мүгедектік алып алған. – Паралимпиадаға қатысатын спортшыларымыздың көбінің мүгедектігі –аяғынан. Олар жыл сайын медициналық сараптамадан өту үшін көп уақытын жоғалтады. 25-30 жастағы қалыптасқан жігіттердің аяғы қалпына келмейді ғой. Ал комиссия мүшелеріне бәрібір. Жеті жыл бойы жыл сайын тексереді. Екінші топтағыларды үшке, үшінші топтағыларды екіге ауыстырады, – дейді Бауыржан Тахауов. Онсыз да өмірден баз кешкен жандарды жылына екі рет тексерістен өткізу – артық жұмыс. Олардың халін қиындатпай, топты рәсімдеу мен оны күшейту кезіндегі талаптарды неге барынша жеңілдетпеске? Мүгедектігі бар Олег Шарапатюктың пікірінше, үшінші топта жеті жыл үздіксіз тұрған азаматтарды автоматты түрде екінші топқа ауыстыру немесе үшінші топты екінші топпен теңестіру қажет. – Маған өмір бойына үшінші топ мүгедегі деген санат берді. Бізде неге екені белгісіз, Үкімет үшінші топты мүгедек деп есептемейді. Барлық жерде көмек пен жеңілдіктің бәрі бірінші және екінші топ мүгедектеріне беріледі, – дейді Олег Шарапатюк. Ал мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ана Жаңагүл Жаппарованың айтуынша, мүгедектікті рәсімдеу үшін емханадағы талаптарды жеңілдету керек. Өйткені ұзақ уақытқа созылатын процесс адамды материалдық шығынға батырады әрі шаршатады. – Мүгедектікті алу үшін табанымыздан тоздық. Жыл сайын медициналық сараптамадан өтеміз. Басында ПМПК-да кезек күтіп 1,5 ай, «Асыл мираста» тағы 4 ай жүрдік. Кейін ол жақ қайтып ПМПК-ға жіберді. Кезегіміз келгенше тағы 5 айдай өтті. Біз сияқты сараптамадан өтуге келген адам көп. Біраз дауысыңызды көтеріп сөйлеп, пысық болмасаңыз, қарамай қоюы да мүмкін, – дейді Жаңагүл Жаппарова.Ақша сұраудан ұялмай ма?
Осындай бітпейтін кезек пен қым-қуыт тірліктен қажыған азаматтар мүгедектікке шығу үшін амалдың жоғынан саладағы жемқорлыққа дем береді. Кейбір комиссия мүшелерімен келісіп, мүгедектікті рәсімдеп алуға тырысады. Өз кезегінде бір жапырақ қағазға ақша үшін қол қойып беруді ар санамаған комиссия мүшелері сараптаманы бизнеске айналдырып үлгерген. Сол себепті ел ішінде «Мүгедектікке шығаруда осы мекеме ақшасыз өткізбейді» деген әңгіме де басым. Салдарынан мардымсыз жәрдемақысын жырып берген талай жан жылап жүр. «Мүгедек жастар» қоғамдық қорының төрайымы Айгерім Дәулетбаеваның пікірінше, көп жағдайда азаматтар өздерінің құқығын қорғай алмайды. Саладағы жемқорлықты әшкерелеу үшін соңына дейін күрескілері келмейді. – Медициналық сараптама жүргізетін комиссияның ақша талап ететін жағдайлары жиі кездеседі. Мысалы, туғанынан сөйлей алмайтын, жүре алмайтын баладан комиссия мүшелерінің жыл сайын 100 мың теңге алып отырған кездері болды. Сараптама мүшелері бұл істе әккіге айналған. Кімнен ақша сұрайтындарын біледі. Сондықтан мен азаматтарға: «Медициналық сараптамадан өтерде қолдарыңыздағы алтындардың бәрін шешіп, қарапайым киіммен барыңыздар» деп ашық айтамын, – дейді Айгерім Дәулетбаева. Оның айтуынша, комиссия мүгедектік бермей, ақша талап етсе, кез келген азамат ең бірінші облыстық прокуратураға арыздануы керек. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, мүмкіндігі шектеулі жандардың шарасыздығын пайдаланып, «мүгедектікке шығарып беремін» деп алдап, ақша алатын алаяқтар да көбейген. Осылайша, жәрдемақы тағайындау жүйесінің олқылығы талай жанның обалына қалып отыр.