Шымкентте Полиция департаментінің баспасөз хатшысы өз-өзіне қол салды. Оқиға 6 сәуірге қараған түні болған. Ол өзіне қол салардан бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды. Онда өзінің осы жағдайға жетуіне Полиция департаментінің басшысын кінәлады. Департамент басшылығынан көрген қысымнан соң өз-өзіне қол салуға мәжбүр болыпты. Естеріңізде болса, жуырда баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева қарамағындағы қызметкерін балағаттап, былапыт сөздер айтты деген аудиожазба YouTube желісінде таратылған болатын. Аудиожазба ақпарат құралдарында жарияланып, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Көпшілік «нәзікжанды қыз баласына мұндай былапыт сөздер жат» деп жазғырса, екінші тарап «осыған дейін жеткізген және дауысты жазып алған қызметкердің әрекеті ер-азаматқа тән емес» деп пікір білдіріп жатты. Ал Мөлдір Бекеева мұны арандату, аудиожазба монтаж деп мәлімдеді. Бұл жағдай бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков қызметтік тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Кешегі өз-өзіне қол салу оқиғасы да осы жағдайдан кейін болуы мүмкін. Өйткені Бекеева өзінің жазбасында үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, басшылықтан көрген қысымнан соң өмірден кеткенді жөн көрдім деген. «Мен сындым... Сабырым таусылды... Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментіндегі қызметімнен кеттім. Жай кеткен жоқпын, үстімнен қылмыстық іс ашылған соң кеттім! Әлеуметтік желілерде тараған беймәлім жала аудиожазбаға барынша шағылмай, бұл да бір Алланың сынағы, көтеруім керек деп іштен тынып, сыр алдырмай жүрген едім. Мен өз еркіммен емес, мәжбүрлі түрде кеттім. Бұлар адамды жұмыстан кетіру үшін неше түрлі қитұрқы айла-амалды табады екен ғой! Соған көзім жетті. Анықтау басқармасының бастығы үстімнен қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Қылмыстық іс ҚР ҚК 378-бабы 1-бөлігімен, яғни билік өкілін қорлау бойынша... Ашылған қылмыстық істің өзі жүз пайыз сол кісінің қолымен жасалып отырғанына сенімдімін, мені жұмыстан өз еркіммен кетіру үшін жасап отырған кезекті іс-әрекеті ғой! Мен енді жұмыстан ғана емес, өмірден кеткенді де жөн көрдім…» деп осы жағдайға тікелей бірінші басшы себепкер деп атап өткен. Сонымен бірге ұзын-сонар хатында Полиция департаментінде соңғы екі айда болған бірнеше заңсыздықты көрсеткен. Осылайша, өзінің жұмыстан кету туралы өтінішінің қолжазбасын салған. Ол парақшаға жазбаны қалдыра салысымен, бірнеше дәрі ішіп, өмірімен қоштаспақ болыпты. Алайда дер кезінде жеткен жедел жәрдемнің арқасында Бекеева бүгінде аурухананың жансақтау бөлімінде хал үстінде жатыр. Денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі «06.03.2022 жылы түнгі сағат 01.30-да Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдем қызметімен 1991 жылғы пациент ауыр жағдайда жеткізілген. Пациентті дәрігерлер шұғыл түрде тексеріп, жансақтау бөліміне жатқызды. Түскен кездегі жағдайы ауыр, команың І дәрежесі. Қазір науқас реанимацияда ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр. Алдын ала болжам бойынша пациент суицид жасау мақсатында көп мөлшерде дәрілік препараттар ішкен болуы мүмкін» деп хабарлады. Ал Полиция департаментінің түсіндірмесінде алдымен Бекееваның полиция қызметкеріне қарсы былапыт сөздер айтқаны бойынша ақпаратын жариялады. Аталған бейнежазба бойынша жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесінде Өзіндік қауіпсіздік басқармасы баспасөз қызметінің басшысымен әңгімесін жазып алған полицейді анықтағанын атап өткен. «Жедел басқару орталығының офицері ретінде қызмет атқарған оны баспасөз қызметінің жетекшісі күн сайын балағаттап, дау-дамай ұйымдастырып, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Оны бірге істеген қызметкерлер растады. Осылайша, ЖБО қызметкері қылмыстық іс қозғау туралы хаттама толтырды. Оның хабарламасы ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы «Билік өкілін қорлау» бойынша тіркелді. Арыз бойынша, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын анықтау бөлімі жүргізеді. Ал өз-өзіне қол жұмсау жағдайы бойынша Қаратау АПБ ҚР ҚК 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазір Мөлдір Бекеева аурухананың жансақтау бөлімінде» делінген ресми хабарламада. Ал қалалық Полиция департаменті Кадрлық саясат басқармасының басшысы Данияр Үндербаев департаменттің Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасы басшысы Мөлдір Бекееваның қызметінен босатылмағанын мәлімдеді. Қызметінен кету туралы өтініш бергенімен, оған әлі бұйрық шықпаған. Оқиғаға байланысты «Өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабымен іс қозғалыпты. Полиция департаментінің кеше түстен кейін таратқан мәліметіне сүйенсек, тергеу барысында Бекеева мен оның үстінен арыз жазған полиция қызметкерінің арасындағы жанжал «Билік өкілін қорлау» (378-бап) бабымен тіркелгенімен, кейін «Қорлау» (131-бап) бабына жататыны анықталған. Соған байланысты іс тоқтатылыпты. Ал арызданушыға Бекееваның үстінен азаматтық тәртіппен сотқа жүгіне алатынын ескерткен. Бүгінде шымкенттік БАҚ өкілдері әріптестерін қолдап, өзіне қол салуға мәжбүр болған шарасыз жанның аман қалуын тілеп отыр. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан да бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, өзінің пікірін қалдырды. Депутат өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына «Бас прокурор, ІІМ, Антикор басшылығы! Шымкентте артына үшбу хат жазып өзіне-өзі қол салған ішкі істер қызметкері, журналист Мөлдір Бекееваның ісін мұқият назарларыңызға алуды талап етемін!» – деп жазды ол.
Шымкент қаласы