Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен Рамазан айында қала көшелерінде 100 мың адамға су мен құрма таратылды. Соған орай қала көшелерінде 25 тонна су мен 2 тонна Меккеден арнайы алдырған құрма халыққа үлестірілді. Шараға қала мешіттерінің дін қызметкерлері мен волонтерлер қатысты. – Биыл қаладағы 52 мешіттің 47-сінде тарауих намазында құран хатым түсіріледі. Қалған 5 мешітте тарауих намазы құран хатымсыз оқылады. Рамазан құран айы. Сол себепті, осы айда қала мешіттерінде құран әліппесі мен намаз үйрету курстары жүргізіледі, – Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан. Қаланың бас имамының айтуынша, Алматының орталық мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарқаны жайылады. Сонымен қатар қала мешіттерінде де ауызашар беріледі.