Балалардың білім алуына бөлінген ақша Тұрсынбек Қабатов пен Ninety one тобына жұмсалғаны рас па?
Балалардың білім алуына бөлінген ақша Тұрсынбек Қабатов пен Ninety one тобына жұмсалғаны рас па?
©https://sn.kz/
466
оқылды
Ақтөбе облыстық ауданаралық мамандандырылған сотында облыстық білім беру басқармасы мен оның еншілес мекемесі "Ақтөбе-Дарын" аймақтық ғылыми-практикалық қосымша білім беру орталығына" қатысты іс қаралды. “BILIM Aktobe” ЖШС аталған мекемелерді әрекетсіздіктері үшін жауапқа тартуды сұраған. Істі қарау  барысында бірнеше жайттар анықталды. Мәселен, облыстық білім беру басқармасы балалардың білімі мен дамуына бөлінген ақшаны Тұрсынбек Қабатов пен Ninety one тобына жұмсаған. Істі тексеру кезінде компанияның оқу-танымдық лагерьді ұйымдастыруға арналған нысанды сенімді басқаруға алған. Ал шенеуніктер бұл қызметтерді сатып алу бойынша тендерді болдырмаған. Мемлекеттік сатып алулар сайтында жарияланған техникалық сипаттамаға сәйкес, әкімдік 12-15 жас аралығындағы балаларды оқыту мен жаттықтыруды ұйымдастыруға ақша бөліп отырған. Жоспар бойынша, оқушылар (негізінен ауылдық) әр ауысымда жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар бойынша тереңдетілген білім алуға қол жеткізуі керек еді. Мұнда ең маңызды әрі қажетті деген пәндер таңдалған: дүние жүзі тарихы, Қазақстан тарихы, қазақ тілі, ағылшын, орыс тілі, неміс тілі, химия, физика, математика, география, информатика. Одан бөлек, лагерьде жас спортшыларға, ақындар мен болашақ журналистерге арналған іс-шаралар қарастырылған. Балалар білімдерін жетілдіріп, олимпиадаға дайындалуға тегін мүмкіндік алар еді. Бастапқы ой керемет болғанымен, кейін іс жүзеге аспады. 2019 жылы шенеуніктер лагерьді ұйымдастырмайтын болды. Қатысушылардың қажетті саны жиналмады. Оны қайта ұйымдастыру туралы да хабар болмады. Тергеу ісіне де себеп болғаны осы. Ақырында заң облыстық білім беру басқармасы мен оның еншілес мекемесі "Ақтөбе-Дарын" аймақтық ғылыми-практикалық қосымша білім беру орталығының" әрекетсіздігін заңсыз деп таныды. Олар байқауды ұйымдастыруға немесе әлеуетті қызмет жеткізушілердің бірімен келісімшартқа отыруы тиіс еді. Бірақ шенеуніктер қаражатты басқаша жұмсауды құп көрген. 2019 жылдың 10 қазанында сол кездегі білім беру басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева әлгі қаражатты "Ел үміті" атты дарынды жастарға арналған фестивальді ұйымдастыруға бөлген. 22 млн теңгеге смета құрылған. Іс-шара аясында мемлекеттік мекеме Тұрсынбек Қабатовқа 6 млн теңге, оның елордадан келген екі әріптесіне 960 мың теңге, мотивациялық спикерге 600 мың, Қайрат Баекенов пен Гүлсім Мырзабекова есімді әншіге 840 мың теңге берген. Сондай-ақ, Алматыдан келген режиссер 1,2 миллион теңге, оның көмекшісі 360 мың теңге, дыбыс операторы 360 мың, редактор 600 мың, монтаждаушы 360 мың, сценарист 456 мың, үйлестіруші 360 мың, жоспарлы жетекші 1 млн теңгеден аса табыс тапқан. Одан бөлек, Ақтөбеде журналистер қызметіне 1,5 миллион теңге бөлініп, фестиваль әнұранына миллион теңгеден аса қаражат жұмсалған. Кейін қосымша шығындар қосылған. Мысалы, әнші Раим мен Артурдың (1,5 миллион), Ninety One (5 миллион) тобының, биге қажетті массовканың (1,2 миллион) қызмет ақысы төленген. Оразбаева басқаратын білім беру басқармасы іс-шараны егжей-тегжейлі ұйымдастырған. Қонақтардың ұшып-қонуы, тұратын жері мен тамағына 4 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалған. Қатысушыларға естелік сыйлықтарға миллион теңгеден аса ақша жұмсап, мереке күні ешкім шөлдеп қалмасын деп су алған. Смета 45 миллион теңгеге дейін жеткен. Бұл бір ғана мерекеге бөлінген қаржы. Оразбаева ханым түлектерді шығарып салу кешіне қыруар ақша бөлген. Үздік түлектерді бірге жинап, оларға ақшалай сыйлықтар мен сертификаттарды табыс ету үшін, әнші Әбдіжаппар Әлқожаның өнерін тамашалау үшін 11 млн 554 мың теңге жұмсаған. Тағы бір айта кететіні, балалардың білімін көтеруге арналған ақшаны түрлі саяхаттарға бөлген. Оқушыларды өзге аймақтарға ата-аналарымен бірге түрлі іс-шараларға тасыған. Онда да олардың жолы, тамағы мен тұратын жері бар.