Ол саналы ғұмырын білім беру ісін өркендетуге арнады. Ардақты ұстаз, қоғам қайраткері, академик Шәмшә Беркімбаева 80-ге толған шағында өмірден өтті. Ол туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, академик Шәмшә Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына үлкен үлес қосты. Шәмшә Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға және дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді» деп жазды. Шәмшә Беркімбаева мектеп директоры, Білім министрінің орынбасары, Сенат депутаты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры, Білім және ғылым министрі қызметтерін атқарды. Беркімбаеваның мектебінен өткен шәкірт көп. Талай-талай қызметте жүрген азаматтың көпшілігі Беркімбаева мектебінен шыққанын мақтан тұтады. Білім және ғылым саласын басқарған министрлердің ішінде ел есінде қалғаны да Шәмшә Көпбайқызы. Ол аталмыш салада қордаланып қалған біраз проблеманың аражігін ажыратып, жақсы идеяларды жүзеге асыруға тырысты. Қазақ мектептерін көптеп ашқызды. Өзі Кеңес Үкіметі кезінде қызмет атқарып, сол саланың ұңғыл-шұңғылына дейін жақсы білетіндіктен, бұл саланың барлық проблемасы ол кісіге бес саусақтай белгілі еді. Ә дегеннен-ақ ауыл мектептерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға күш салды. Ол министрлікті басқарған 2002-2003 жылдар туралы көп сын айтыла бермейтіні де сондықтан. «Ауыл мектебі» бағдарламасы да енгізілгені сол уақыт. Ұстаз өнегелі өмірінде екі мәселеге қатты көңіл бөлген еді. Біріншісі қазақ тілінің тағдыры болса, екіншісі қазақ мектебінің тағдыры. Бірде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да шетелдерден келген ғалымдар Қазақстанның Білім және ғылым министрі қатысқан халықаралық ірі жиында бірде-бір ғалым қазақ тілінде баяндама жасамағанда өзі сөз сұрап алған Шәмшә Көпбайқызы: «Бүгін бірнеше ірі мемлекеттен қадірлі меймандар, ғалымдар келіпті. Өте қуаныштымыз. Енді осы қонақтарымыз қазақ деген ел, ұлт бар екенін, олардың өз тілі, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі, тағы да басқа рухани құндылықтары бар екенін біліп кетсін, қазақ тілінің өзіндік әуені, мақамы барын құлағына құйып кетсін деген ниетпен мемлекеттік тілде сөйлеймін», – деген екен. Ғалым қай жерде жүрсе де, білім саласынан алыс кеткен жоқ. Кезінде өзі білім алған Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық институтын университет деңгейіне дейін көтеріп, іскерлігін көрсетті. Ол тек үздік педагогтерді ғана емес, көптеген өнерлі жастарды тәрбиелеп, қазақ өнері мен мәдениетіне жанашыр бола білді. Қамқорлық танытты. Бірегей ғалым екенін көрсетті. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы сыйластықтың биігінде қалды. Сенатор Динар Нүкетаева: «Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының экс-білім және ғылым министрі, білім беру саласының ардагері Шәмша Көпбайқызының қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Шәмшә Көпбайқызы ұзақ жылдар бойы Кеңестер Одағы кезінде комсомол, партия қызметтерінде белсенді қызмет атқарды. Саналы ғұмырын елімізді ағарту, балалар мен жастарға білім беруге арнап, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын университет мәртебесіне ие болуына қомақты үлес қосқан қайраткер. Шәмшә Көпбайқызы педагог, дарынды басшы ретінде университеттің биік мақсат пен мол жетістікке қол жеткізуіне аянбай еңбек етті. Университетке келіп түскен қазақ қыздарына саналы білім мен рухани тәрбие берді. Болашақ мамандардың педагог қана емес, ұлт тәрбиешілері екеніне ден қоя отырып, «Бір қызды тәрбиелеу бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деген қағиданы басты мақсат еткен басшы ретінде танылды. Ауылдан келген қыздарға апалық қамқорлық, басшылық даналығын көрсетті. «Қыз – болашақ ана, шаңырақтың шырақшысы» деген даналықты басшылыққа ала білді» деп қазақ халқына көңіл айтты. Шәмшә апай есімін ардақ тұтатын, құрметтейтін шәкірттерінің барлығы дерлік ұстаздарын жоқтап жатыр. Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бисембаев әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бүгінгі таңды осындай жазбадан бастаймын деп ойламаппын. Ағынды судай асыққан өмір тағы бір жақсы адамды жанымыздан алып барады. Бақыл бол, Шәмшә апай! Шәмшә Көпбайқызы бар ғұмырын білім саласына арнаған ардақты ҰСТАЗ. Шәмшә апайымыз жақсы мұғалім келбеті, мемлекет қызметкерінің эталоны, бәріміз үшін адам болып өмір сүрудің айқын үлгісі еді. Қазақтың қайсар да қайраткер қызы Шәмшә Көпбайқызы қазақ тілі мен ұлт мектептерінің өркендеуі жолында аянбай тер төкті. Білім және ғылым министрі болған жылдары тұңғыш рет ауыл мектептері мен қазақ тілін сапалы оқытудың мәселесін қолға алды. «Мамай» мектебінің атын алғаш елге паш еткен де Шәмшә апайымыз. Апай нағыз қазақ қызына тән биязы мінезді, сабырлы да салмақты, жастарға қамқор әрі мейірімді болатын. Бұрын жолықпасам да, зейнетке шыққаннан кейінгі соңғы жылдары жақын танысып, жиі хабарласып, кеңесіп отыратынмын. Бірде-бір адамның артынан ғайбат сөз айтқанын естімеппін. Бұл да бір ЖАҚСЫ адам деген атқа лайық тектілік қасиеті болса керек. Шәмшә Көпбайқызы өмірінің соңғы сағатына дейін елінің ертеңі мен білім жүйесі үшін алаңдап отыратын. Енді келмеске кетті. Қош бол, ардақты ұстаз, Шәмшә апай!!!» деп жазды. Ұлтқа қызмет етудің айрықша үлгісін көрсеткен ардақты жан, жақсы мұғалім келбетін көрсеткен аяулы ұстаз еді. Жақсылар біртіндеп кетіп жатыр. Қасиетті айда Хаққа қауышқан аяулы жанның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Көрмеген көшесінен жарылқасын! Бақұл болыңыз, ардақты ұстаз! Жаныңыз жәннатта болсын!
Айым БЕКТҰР