Оқушылардың ораза ұстауына қатысты ҚМДБ түсіндірмесін басқарма өкілі Ағабек Қонарбайұлы Facebook-тағы парақшасында жариялады. «Құрметті ата-аналар! Әлеуметтік желілер мен мектеп мұғалімдерінің whatsapp чаттарында ораза ұстаған оқушылардың оқу үлгерімі мен денсаулығына қатысты мәселе талқылануда. Осыған орай әлеуметтік желі қолданушылар мен ата-аналар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) жас балалардың ораза ұстауына қатысты сауалдар келіп түсуде. Осыған байланысты ҚМДБ төмендегі ақпараттық түсіндірмені қаперлеріңізге салады: Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз. Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз. Кез келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайды қарауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды. Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұраймыз», – деп жазды Ағабек Қонарбайұлы. Бұған дейін биыл пітір садақа мөлшері 500 теңге болып бекітілгені туралы жазған болатынбыз.