Қызылорда облысында қаңтарда бейбіт шерумен басталып, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиға кезінде кісі өлтірген 24 адамға қатысты қызметтік қару қолданудың себептері анықталды. Бас прокуратураның бірінші қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, 5 қаңтарда Қызылорда облысының Полиция департаментіне қарулы шабуыл жасалған. «Жүк көлігіне мінген лаңкестер ғимараттың қақпасын соғып, аңшы мылтықтарынан оқ жаудырып, бақылау-өткізу пунктін, Жедел басқару орталығының камералары мен патрульдік көліктерді өртеп жіберген. Осыған байланысты полицейлер қызметтік қаруды қолдануға мәжбүр болып, әуелі аспанға оқ атқан, сосын шабуыл жасағандардың аяқ-қолын көздеген. Алайда бұл оларға кедергі бола алмады», – деді Қилымжанов. Оның айтуынша, екінші шабуылдан кейін алты адамнан тұратын топ келіссөз желеуімен жергілікті полиция қызметінің бастығы Ибраев пен рота командирі Естаевты шақырған. «Осы сәтті пайдаланып, бұрын сотты болған О.-ның келіссөз жүргізушілерінің бірі рота командирі Естаевқа кесілген шолақ мылтықтан оқ атқан. Естаев көп жарақатпен, ауыр халде реанимацияға жеткізілген, онда ол дәрігерлердің арқасында аман қалды» деп қосты ол. Қилымжановтың сөзіне сенсек, қоршауда қалған 12 сағат ішінде жергілікті полиция қызметінің ғимаратына барлығы 10-нан астам қарулы шабуыл жасалған. Атыс кезінде 20 шабуылшы өлтірілген. Қалған төрт адамның кім екенін Қилымжанов нақтыламады.