Жыл басынан бері Қарағанды облысында 6 058 адам жұмысқа орналастырылды. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрайды, бұл республикалық көрсеткіштен (4,9 %) төмен. Өңірдің жұмыспен қамту қызметіне бірінші тоқсанда 7 136 тұрғын жүгінді. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында 6 058 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 3,3 мың үміткер бос орындарға жолдама алды. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. – Әлеуметтік жұмыс орындарына – 294, қоғамдық жұмыстарға 2 310 адам тартылды. Жастар тәжірибесінен өту мүмкіндігін өңірдің 118 тұрғыны пайдаланды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша екі жас маман шеберлігін арттыра алды, – деп атап өтті Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова. – «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында 20 адам жұмысқа орналастырылды. Бұл бағдарламаны 29 жастан аспаған жастар пайдалана алады. Мысалы, жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер, жұмыспен қамту орталығында тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан жұмыссыз деп танылған жастар, соның ішінде NEET санатындағылар. Сондай-ақ өңірде «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол зейнеткерлік жасқа толған жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға бағытталған. Осы жылдың қаңтар айынан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу ұзақтығы мен еңбекақы мөлшері ұлғайтылды. «Жастар тәжірибесі» алты айдан бір жылға дейін созылады, жалақысы 30 АЕК (91 890 теңге). «Бірінші жұмыс орны» жобасын іске асыру шеңберінде 30 АЕК жалақымен 12 айдан 18 айға дейін жұмысқа орналасуға кепілдік берілген. Зейнет жасына жақындаған жұмыссыз адамдар үшін «Күміс жас» жаңа жобасы әзірленді. Биыл оны 534 адам пайдалана алады. Бұл ретте мемлекет жыл бойы жалақыны субсидиялайтын болады. Ай сайынғы субсидия мөлшері белгіленген жалақының 50 пайызы, бірақ салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы мен банктік қызметтер үшін өтемақыларды ескере келе 30 АЕК-тен аспайды. – Бүгінде жұмыс берушілер мен зейнеткерлік жасқа жақындаған тұлғаларды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаржыландыруға байланысты басталады, – деп қосты Әсем Жүніспекова. Жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру туралы ақпараттандыру үшін өңірде жылжымалы мобильді жұмысқа орналастыру пункттері жұмыс істейді.
Қарағанды облысы