Әлемге аштық төнді, Қазақстан қамданды ма?
Әлемге аштық төнді, Қазақстан қамданды ма?
Үкімет бидай мен ұн экспортына шектеу енгізуді ұйғарды. Бұл әлем­дегі күрделі кезеңде елде азық-түлік тапшылығын тудырмау үшін қажет. Бірақ астық өндірушілер мен экспорттаушылар бұған қарсы: олар Қазақстан өзін бидаймен артығымен қамтамасыз ете­ді дейді. Ал шектеу нан құнының арзандауына ықпал етпейді, оның ба­ғасына басқа факторлар ықпал етеді. Оның орнына бұл қа­дам елдің әлемдік астық нарығындағы орнын жоғалтуына әке­луі мүмкін. Шын ба? Қос тараптың дәйектемелерін тыңдап көрсек.

Қазақстанның көршіге тәуелділігі артқан еді

Ауыл шаруашылығы министрлігі кейінгі кезде бір-біріне қайшы мәлім­деме жасады. Алдымен ведомство нарықтың жосықсыз қатысушыларын «бидай нарығында жасанды түрде дүрбелең тудырды» деп айыптады. Себебі Қазақстан өзі егін сала отырып, бидайдың бір бөлігін Ресейден тасиды, ал бауырлас еліне баса-көктей кірген көрші санкциялық қысым кесірінен өзі астықтан тарыға бастады. Содан бізде ұн өндіруге қажет астық жетпей жатқаны жөнінде ақпарат тарап, ауыл-аймақтан дабыл қағылды. Министрлік мұны жоққа шығарды. «АШМ және министрліктің ресми тұлғалары Қазақстанда астық қоры жеткілікті және тапшылықтың туындау қаупі жоқ екенін бірнеше рет хабарлаған. БАҚ-та және әлеу­меттік желіде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды және бұл нарық қатысушыларына қысым жасау әрекеті, сондай-ақ жосықсыз бәсекенің көрінісі сана­лады. Ресеймен шекаралас облыс­тарымыздың ұн тартушылары ши­кізат ретінде сырттан әкелетін би­дайды пайдаланатын. Ресей енгіз­ген экспортқа шектеулерге бай­ланысты бұрын бекітілген контракті бойынша да бидай жеткізу тоқтады. Осыған байланысты оларға отан­дық өндірушілерден бидай жеткізу үшін келісім жасасу мүмкіндігі пысықталып жатыр», – деп мәлім етті АШМ. 2021 жылы Қазақстан бидайды алдыңғы жылға қарағанда 6,2%-ға артық екті. Бидай егілген егістік ауданы екінші жыл қатарынан ұлғайып, 12,9 млн гектарды алып жат­ты. Соған қарамастан рес­пуб­лика қуаңшылықтың жайлауы, ауыл шаруашылығы техникасының, тұқымның, пестицидтер мен гер­бицидтердің, ЖЖМ-нің қымбат­тауы секілді факторлар кесірінен былтыр тарихтағы ең аз астық жи­ды: 11,8 млн тонна бидай, бұл тіпті ТЖ жарияланған пандемиялы 2020 жылғыдан 17,1%-ға кем! Жиналған егіннің аздығы ұн тар­тушыларды Ресейге бет бұруға итермеледі: 2021 жылы Қазақстан 1,2 млн тонна осы өнімді содан им­порттады, бұл көрсеткіш 2020 жыл­ғыдан бірден 65,5%-ға ұлғайды. Одан Ресей 182,9 млн доллар табыс тапты, бұл алдыңғы жылғыдан 97,4%, яғни екі есе көп. Өйткені бидай былтыр қымбаттай бастады. Тек биылғы қаңтар айында, соғыс қарсаңында Қазақстан 175,4 мың тонна бидайды көршіден та­сыды, импорт 5,6 есе артты. Осын­ша астық 39,2 млн долларға түсті: бұл бір жыл бұрынғыдан 14,3 есе жоғары. Осылайша, Қазақстанның Ресейдің астық өндірушілеріне тә­уелділігі арта бастаған еді. Алайда со­­дан кейінгі әскери шиеленіс им­порт­ты сап тыйды: Ресей азық-тү­лік­тен тарықпау үшін бидай, ұн экс­порты­на уақытша тосқауыл қойды. Қазақстандық АШМ «сырттан әкелінуі тиіс шикізатты алмасты­руға жетерлік шикізаттың қажетті көлемі ішкі нарықта бар екеніне» сендірді. Оның мәліметінше, нау­рыз айында республикада 7,4 млн тонна бидай болды. Елді асырау, соның ішінде егіс мұқтаждықтары, азық-түлікке тұтыну, азықжем және өнеркәсіптік өңдеу қажеттіліктерін толық өтеу үшін 3,7 миллион тонна бидай ғана қажет көрінеді. Ал қолда бар қор елдің бидайға деген 2 жыл­дық қажеттілігін жабады.

Дабыл неге көтерілді?

АШМ тұспалдауынша, бұл – ел ішіндегі бағаны көтерудің амалы: «Әлемдік бидай нарығында баға шығындап жатқан кезде тараптар­дың әрқайсысы БАҚ пен әлеуметтік желіні өзара қысым жасау құралы ретінде пайдаланып, ақпараттық кеңістікке жалған ақпаратты тара­тады. Сол арқылы дүрбелең жағдай жасай туғызып, неғұрлым тиімді бағаға қол жеткізуге тырысады». Министрлік Қазақстанда ұн қо­ры жеткілікті деген сенімде: нау­рызда жалпы көлемі 137,9 мың тонна ұн, соның ішінде өңірлік тұ­рақтандыру қорларында – 11,2 мың, сауда объектілерінде – 53,2 мың, өндіруші кәсіпорындарда – 52,8 мың, ал қоймаларда – 20,7 мың тонна болған. Бұған қосымша, «Азық-түлік келісімшарт корпо­ра­циясы» АҚ 600 мың тонна астыққа ие, ол 450 мың тонна ұн өндіруге жарайды. Министрлік жағдайды бақылау­да ұстап отырғанын, елдегі ұн мен бидай тапшылығына жол бермей­тінін нықтады. Нарықтағы тұрақ­тылық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді. [caption id="attachment_191648" align="alignleft" width="1200"]бидай © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Дегенмен соңыра АШМ астық пен ұн экспортын шектеуге бас­тамашы болғаны анықталды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеевтің айтуынша, шектеу 15 маусымға дейін созылады. Осы­дан «астық қоры жетсе, шектеудің қажеті не?» деген сауал туындайды. –Ведомствоаралық комиссияда бидай мен ұн экспортына шектеу қою туралы шешім мақұлданды. Қазір оның ережелерін келісімнен өткізу рәсімі жүріп жатыр. Таяу уақытта, менің ойымша 2 апта үде­рінде шектеу күшіне енеді. Біз 15 мау­сымға дейін енгізуді ұсындық, – деді Мәжілістен шыққан министр журналистерге берген сұхбатында. Оның түсіндіруінше, жергілікті астық өндірушілер бидайды отан­дық диірменшілерге ұн тарту үшін сатпай жатыр. Сондықтан осындай қадамға баруға мәжбүр көрінеді. Осы орайда тыйым емес, шек­теу деген сөздің қолданылып отыр­ғанына назар аударған жөн: рес­публика жаһандық нарыққа аталған кезеңде 1 млн тонна көлемінде ғана астық жеткізбек. Бұл ретте экс­порт­таушылар қолында бар қорының кем дегенде 10%-ын міндетті түрде ішкі нарыққа сатуға міндеттеледі. Осылайша, Қазақстан әлемдік «қа­ра базарға» айына тек 500 мың тонна ғана бидай өткізеді. Әйтпесе, ақпан айының қорытындысында бұл көрсеткіш 600 мың тоннадан асып кеткен-тін. Наурызда одан да артқан. Осыған ұқсас, ұнды шетелге шығаруға да 2 айға 300 мың тонна көлемінде шектеу енгізілгелі тұр. Экспорттаушылар 10% ұнын ел ішінде сатуы шарт. Нәтижесінде, ай сайын «ас атасы» шикізатының 150 мың тоннасын дүниежүзіне жө­нел­туге рұқсат етіледі. Биылғы ақпанда еліміз 120 мың тонна ұн сата алған. Бірақ ол кезде ахуал негізінен ты­ныштау еді, Ресей-Украинаның қа­рулы қақтығысы 24 ақпанда бас­талды. Сонымен бірге ұн экспор­тының көрігі дәстүрлі түрде көк­темде қызатын.

Қазақ елі әлемде қай елдерді асырайды?

Кедергі қоймаса, экспорттау­шылар елдегі бар астық пен ұнды түп қотара көтеріп, шетелге сатып жіберуі ғажап емес: жаһандық нарықта бидай бағасы қымбаттау жөнінен үсті-үстіне жаңа рекорд ор­натып келеді. 2021 жылғы қаң­тарда Чикаго биржасында бидай котировкалары 1 бушель үшін 6,405 доллар, яғни 1 тоннасы үшін 235 долларға дейін көтерілген. Ал 2022 жылғы 7 наурызда биржада наурыз­да жеткізуді қарастыратын кон­трактілер бойынша бидай фью­черстері 1 тонна үшін 523,7 долларға дейін шығандады. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда бидайдың 1 тоннасы 115-120 мың теңге ара­лығында сатылады. Бұл қазіргі бағаммен 260 долларға ғана тең. Демек, дәл қазір астықты ішкі на­рықтан гөрі, жаһандық нарыққа сатқан тиімді көрінеді. Қазақстанның бидай мен ұнға шектеу енгізуі әлемдегі бірқатар елдердің ашығуына, олардағы ұн мен ұн өнімдерінің жаппай қым­баттауына соқтыруы мүмкін. Мы­салы, биылғы қаңтар қорытын­дысында қазақстандық бидай экс­портының жартысынан астамын екі ел сатып алды: 223,9 мың тон­насын 58,5 млн долларға – Өз­бекстан, тағы 101,7 мың тоннасын 34 млн долларға Иран алды. Қазақ астығының елеулі бөлігі сондай-ақ Ауғанстанға (79,9 мың тонна), Ита­лияға (60,9 мың тоннасы) ат­танды. Бұдан бөлек қазақ елі Тәжікстанды (биылғы қаңтарда 49,4 мың тон­насы жеткізілді), Әзербайжанды (45,5), Түрікменстанды (25,6), Поль­шаны (3,6 мың), Ұлыбрита­нияны (3), Түркияны (2,5 мың тон­на) және басқа да елдерді би­даймен қамтып келді. Сарапшылар Үкіметтің әр та­раптың талап-тілегіне құлақ қоя келе, ымыра-компромистік шешім қабылдағанын қаперге салады: бір жағынан шектеу қойылады, екінші жағынан 1 млн тонна бидай жет­кі­зілімі Қазақстанға әлемдік нарық­тағы орнын мүлдем жоғалтпай, сақтауына мүмкіндік беруі тиіс. Әйткенмен шешімге қос тарап­тың да онша көңілі толмай тұр. Экспорттаушылар «елде мол астық қоры барда шектеу енгізудің қажеті жоқ» деп санайды. Ал астық өндірушілер мемлекеттен бұдан да қатал шара­лар күткен: шектеуді айына 400 мың тоннадан асырмауды және жаңа егінге дейін 5 айға енгізуді сұраған. Бидай өңдеушілердің байла­мынша, қатаңдау шара қабылдан­ғанда, ол елдегі бидайдың бағасын арзандатып, заманауи диірмен кә­сіпорындарын қолжетімді шикі­затпен толыққанды жүктеуге мүм­кіндік беретін еді. Сондай-ақ бұл құс пен мал үшін аса құнды азық­жем – жарма өндірісін арттыруға жол ашатын еді. Алайда қатаң шек­теу болмаған соң бидай бағасы ауыздықталмады. Экспорт жолы жабылмағандықтан, трейдерлер егіншілер қолындағы бидайды шетелге әкету үшін белсенді сатып алуын жалғастырды. 1 тоннасына 140 мың теңгеден береді. Ұн тарту­шылар үшін қолайлы баға – 114 мың теңге шамасы. Қарсы уәжін айтқан экспорт­таушылар қандай шектеу қойылса да, одан елге пайдасынан зияны көбірек болады деген ойда: нан және ұннан жасалатын өнімдерінің бағасы бәрібір арзандамайды-мыс, себебі олардың өзіндік құнына қанттың, ЖЖМ-нің және басқа­сының қымбаттауы, коммуналдық қызметтердің көтерілуі, теңге девальвациясы сияқты факторлар көбірек әсер етеді. Ұн тартушы кәсіпорын дирек­торының өндіріс бойынша орын­басары Андрей Сизов елдегі астық қорына қатысты дерек өтірік болуы мүмкін дейді: «Астық егушілер суб­сидия, мемлекеттен қолдау алу, иелігіне берілген ауыл шаруа­шылығы жерлерін сақтап қалу үшін егін салынған жер көлемін де, одан алынған астық ауқымын да арты­ғымен көрсетеді. Қосып жазу тәжі­рибесі кең таралған. Мысалы, АШМ 19 наурызда республикада 7,4 млн тонна бидай бар деп ресми мәлімдеді. Ал Ұлттық статбюроның дерегінше, наурыз ортасында елде шамамен 6 миллион тонна азық-түліктік бидай болған. Айырма­шы­лығы бірер тонна емес, 1,5 млн тонна! Кейінгі кезде бидайды экс­портқа жөнелту көлемі күрт артты. Бұл қарқынмен ішкі нарықта шикізат тапшылығы туып, бейбіт кезде ұлттық қауіпсіздікке қатер төнуі мүмкін», – дейді сарапшы. Қазақстанның астық одағының қолдауына сүйенген шетелге өнім жеткізушілер болса, әлемдегі ахуалды қайта, экспорттық мүм­кін­діктерді арттыруға пайдаланғаны жөн деген ұстанымда. Қалай болғанда да, бүгінде жал­ғыз бидай ғана емес, күнбағыс, жүгері, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы қан-қасап соғыс түріндегі геосаяси дауыл кесірінен де, сондай-ақ климаттың жылынуы салдарынан жаһанды жайлаған қуаңшылықтың қайта­лану қаупіне байланысты да қым­баттап барады. Үрейлісі сол, БҰҰ, халықаралық сарапшылар әлемде азық-түлік тапшылығы қаупі кү­шейгенін ескертеді. Сондықтан жал­ғыз Қазақстан ғана емес, өзге ел­дер де бидай, өзге маңызды да­қыл­дардың шетелге экспортын шек­теді. Әлемге аштық қаупі төн­генде әр мемлекет басты орынға алдымен өз халқын сақтауды қояды.