Үкімет бидай мен ұн экспортына шектеу енгізуді ұйғарды. Бұл әлемдегі күрделі кезеңде елде азық-түлік тапшылығын тудырмау үшін қажет. Бірақ астық өндірушілер мен экспорттаушылар бұған қарсы: олар Қазақстан өзін бидаймен артығымен қамтамасыз етеді дейді. Ал шектеу нан құнының арзандауына ықпал етпейді, оның бағасына басқа факторлар ықпал етеді. Оның орнына бұл қадам елдің әлемдік астық нарығындағы орнын жоғалтуына әкелуі мүмкін. Шын ба? Қос тараптың дәйектемелерін тыңдап көрсек.
Қазақстанның көршіге тәуелділігі артқан еді
Ауыл шаруашылығы министрлігі кейінгі кезде бір-біріне қайшы мәлімдеме жасады. Алдымен ведомство нарықтың жосықсыз қатысушыларын «бидай нарығында жасанды түрде дүрбелең тудырды» деп айыптады. Себебі Қазақстан өзі егін сала отырып, бидайдың бір бөлігін Ресейден тасиды, ал бауырлас еліне баса-көктей кірген көрші санкциялық қысым кесірінен өзі астықтан тарыға бастады. Содан бізде ұн өндіруге қажет астық жетпей жатқаны жөнінде ақпарат тарап, ауыл-аймақтан дабыл қағылды. Министрлік мұны жоққа шығарды. «АШМ және министрліктің ресми тұлғалары Қазақстанда астық қоры жеткілікті және тапшылықтың туындау қаупі жоқ екенін бірнеше рет хабарлаған. БАҚ-та және әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды және бұл нарық қатысушыларына қысым жасау әрекеті, сондай-ақ жосықсыз бәсекенің көрінісі саналады. Ресеймен шекаралас облыстарымыздың ұн тартушылары шикізат ретінде сырттан әкелетін бидайды пайдаланатын. Ресей енгізген экспортқа шектеулерге байланысты бұрын бекітілген контракті бойынша да бидай жеткізу тоқтады. Осыған байланысты оларға отандық өндірушілерден бидай жеткізу үшін келісім жасасу мүмкіндігі пысықталып жатыр», – деп мәлім етті АШМ. 2021 жылы Қазақстан бидайды алдыңғы жылға қарағанда 6,2%-ға артық екті. Бидай егілген егістік ауданы екінші жыл қатарынан ұлғайып, 12,9 млн гектарды алып жатты. Соған қарамастан республика қуаңшылықтың жайлауы, ауыл шаруашылығы техникасының, тұқымның, пестицидтер мен гербицидтердің, ЖЖМ-нің қымбаттауы секілді факторлар кесірінен былтыр тарихтағы ең аз астық жиды: 11,8 млн тонна бидай, бұл тіпті ТЖ жарияланған пандемиялы 2020 жылғыдан 17,1%-ға кем! Жиналған егіннің аздығы ұн тартушыларды Ресейге бет бұруға итермеледі: 2021 жылы Қазақстан 1,2 млн тонна осы өнімді содан импорттады, бұл көрсеткіш 2020 жылғыдан бірден 65,5%-ға ұлғайды. Одан Ресей 182,9 млн доллар табыс тапты, бұл алдыңғы жылғыдан 97,4%, яғни екі есе көп. Өйткені бидай былтыр қымбаттай бастады. Тек биылғы қаңтар айында, соғыс қарсаңында Қазақстан 175,4 мың тонна бидайды көршіден тасыды, импорт 5,6 есе артты. Осынша астық 39,2 млн долларға түсті: бұл бір жыл бұрынғыдан 14,3 есе жоғары. Осылайша, Қазақстанның Ресейдің астық өндірушілеріне тәуелділігі арта бастаған еді. Алайда содан кейінгі әскери шиеленіс импортты сап тыйды: Ресей азық-түліктен тарықпау үшін бидай, ұн экспортына уақытша тосқауыл қойды. Қазақстандық АШМ «сырттан әкелінуі тиіс шикізатты алмастыруға жетерлік шикізаттың қажетті көлемі ішкі нарықта бар екеніне» сендірді. Оның мәліметінше, наурыз айында республикада 7,4 млн тонна бидай болды. Елді асырау, соның ішінде егіс мұқтаждықтары, азық-түлікке тұтыну, азықжем және өнеркәсіптік өңдеу қажеттіліктерін толық өтеу үшін 3,7 миллион тонна бидай ғана қажет көрінеді. Ал қолда бар қор елдің бидайға деген 2 жылдық қажеттілігін жабады.Дабыл неге көтерілді?
АШМ тұспалдауынша, бұл – ел ішіндегі бағаны көтерудің амалы: «Әлемдік бидай нарығында баға шығындап жатқан кезде тараптардың әрқайсысы БАҚ пен әлеуметтік желіні өзара қысым жасау құралы ретінде пайдаланып, ақпараттық кеңістікке жалған ақпаратты таратады. Сол арқылы дүрбелең жағдай жасай туғызып, неғұрлым тиімді бағаға қол жеткізуге тырысады». Министрлік Қазақстанда ұн қоры жеткілікті деген сенімде: наурызда жалпы көлемі 137,9 мың тонна ұн, соның ішінде өңірлік тұрақтандыру қорларында – 11,2 мың, сауда объектілерінде – 53,2 мың, өндіруші кәсіпорындарда – 52,8 мың, ал қоймаларда – 20,7 мың тонна болған. Бұған қосымша, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 600 мың тонна астыққа ие, ол 450 мың тонна ұн өндіруге жарайды. Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын, елдегі ұн мен бидай тапшылығына жол бермейтінін нықтады. Нарықтағы тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді. [caption id="attachment_191648" align="alignleft" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Дегенмен соңыра АШМ астық пен ұн экспортын шектеуге бастамашы болғаны анықталды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеевтің айтуынша, шектеу 15 маусымға дейін созылады. Осыдан «астық қоры жетсе, шектеудің қажеті не?» деген сауал туындайды. –Ведомствоаралық комиссияда бидай мен ұн экспортына шектеу қою туралы шешім мақұлданды. Қазір оның ережелерін келісімнен өткізу рәсімі жүріп жатыр. Таяу уақытта, менің ойымша 2 апта үдерінде шектеу күшіне енеді. Біз 15 маусымға дейін енгізуді ұсындық, – деді Мәжілістен шыққан министр журналистерге берген сұхбатында. Оның түсіндіруінше, жергілікті астық өндірушілер бидайды отандық диірменшілерге ұн тарту үшін сатпай жатыр. Сондықтан осындай қадамға баруға мәжбүр көрінеді. Осы орайда тыйым емес, шектеу деген сөздің қолданылып отырғанына назар аударған жөн: республика жаһандық нарыққа аталған кезеңде 1 млн тонна көлемінде ғана астық жеткізбек. Бұл ретте экспорттаушылар қолында бар қорының кем дегенде 10%-ын міндетті түрде ішкі нарыққа сатуға міндеттеледі. Осылайша, Қазақстан әлемдік «қара базарға» айына тек 500 мың тонна ғана бидай өткізеді. Әйтпесе, ақпан айының қорытындысында бұл көрсеткіш 600 мың тоннадан асып кеткен-тін. Наурызда одан да артқан. Осыған ұқсас, ұнды шетелге шығаруға да 2 айға 300 мың тонна көлемінде шектеу енгізілгелі тұр. Экспорттаушылар 10% ұнын ел ішінде сатуы шарт. Нәтижесінде, ай сайын «ас атасы» шикізатының 150 мың тоннасын дүниежүзіне жөнелтуге рұқсат етіледі. Биылғы ақпанда еліміз 120 мың тонна ұн сата алған. Бірақ ол кезде ахуал негізінен тыныштау еді, Ресей-Украинаның қарулы қақтығысы 24 ақпанда басталды. Сонымен бірге ұн экспортының көрігі дәстүрлі түрде көктемде қызатын.Қазақ елі әлемде қай елдерді асырайды?
Кедергі қоймаса, экспорттаушылар елдегі бар астық пен ұнды түп қотара көтеріп, шетелге сатып жіберуі ғажап емес: жаһандық нарықта бидай бағасы қымбаттау жөнінен үсті-үстіне жаңа рекорд орнатып келеді. 2021 жылғы қаңтарда Чикаго биржасында бидай котировкалары 1 бушель үшін 6,405 доллар, яғни 1 тоннасы үшін 235 долларға дейін көтерілген. Ал 2022 жылғы 7 наурызда биржада наурызда жеткізуді қарастыратын контрактілер бойынша бидай фьючерстері 1 тонна үшін 523,7 долларға дейін шығандады. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда бидайдың 1 тоннасы 115-120 мың теңге аралығында сатылады. Бұл қазіргі бағаммен 260 долларға ғана тең. Демек, дәл қазір астықты ішкі нарықтан гөрі, жаһандық нарыққа сатқан тиімді көрінеді. Қазақстанның бидай мен ұнға шектеу енгізуі әлемдегі бірқатар елдердің ашығуына, олардағы ұн мен ұн өнімдерінің жаппай қымбаттауына соқтыруы мүмкін. Мысалы, биылғы қаңтар қорытындысында қазақстандық бидай экспортының жартысынан астамын екі ел сатып алды: 223,9 мың тоннасын 58,5 млн долларға – Өзбекстан, тағы 101,7 мың тоннасын 34 млн долларға Иран алды. Қазақ астығының елеулі бөлігі сондай-ақ Ауғанстанға (79,9 мың тонна), Италияға (60,9 мың тоннасы) аттанды. Бұдан бөлек қазақ елі Тәжікстанды (биылғы қаңтарда 49,4 мың тоннасы жеткізілді), Әзербайжанды (45,5), Түрікменстанды (25,6), Польшаны (3,6 мың), Ұлыбританияны (3), Түркияны (2,5 мың тонна) және басқа да елдерді бидаймен қамтып келді. Сарапшылар Үкіметтің әр тараптың талап-тілегіне құлақ қоя келе, ымыра-компромистік шешім қабылдағанын қаперге салады: бір жағынан шектеу қойылады, екінші жағынан 1 млн тонна бидай жеткізілімі Қазақстанға әлемдік нарықтағы орнын мүлдем жоғалтпай, сақтауына мүмкіндік беруі тиіс. Әйткенмен шешімге қос тараптың да онша көңілі толмай тұр. Экспорттаушылар «елде мол астық қоры барда шектеу енгізудің қажеті жоқ» деп санайды. Ал астық өндірушілер мемлекеттен бұдан да қатал шаралар күткен: шектеуді айына 400 мың тоннадан асырмауды және жаңа егінге дейін 5 айға енгізуді сұраған. Бидай өңдеушілердің байламынша, қатаңдау шара қабылданғанда, ол елдегі бидайдың бағасын арзандатып, заманауи диірмен кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен толыққанды жүктеуге мүмкіндік беретін еді. Сондай-ақ бұл құс пен мал үшін аса құнды азықжем – жарма өндірісін арттыруға жол ашатын еді. Алайда қатаң шектеу болмаған соң бидай бағасы ауыздықталмады. Экспорт жолы жабылмағандықтан, трейдерлер егіншілер қолындағы бидайды шетелге әкету үшін белсенді сатып алуын жалғастырды. 1 тоннасына 140 мың теңгеден береді. Ұн тартушылар үшін қолайлы баға – 114 мың теңге шамасы. Қарсы уәжін айтқан экспорттаушылар қандай шектеу қойылса да, одан елге пайдасынан зияны көбірек болады деген ойда: нан және ұннан жасалатын өнімдерінің бағасы бәрібір арзандамайды-мыс, себебі олардың өзіндік құнына қанттың, ЖЖМ-нің және басқасының қымбаттауы, коммуналдық қызметтердің көтерілуі, теңге девальвациясы сияқты факторлар көбірек әсер етеді. Ұн тартушы кәсіпорын директорының өндіріс бойынша орынбасары Андрей Сизов елдегі астық қорына қатысты дерек өтірік болуы мүмкін дейді: «Астық егушілер субсидия, мемлекеттен қолдау алу, иелігіне берілген ауыл шаруашылығы жерлерін сақтап қалу үшін егін салынған жер көлемін де, одан алынған астық ауқымын да артығымен көрсетеді. Қосып жазу тәжірибесі кең таралған. Мысалы, АШМ 19 наурызда республикада 7,4 млн тонна бидай бар деп ресми мәлімдеді. Ал Ұлттық статбюроның дерегінше, наурыз ортасында елде шамамен 6 миллион тонна азық-түліктік бидай болған. Айырмашылығы бірер тонна емес, 1,5 млн тонна! Кейінгі кезде бидайды экспортқа жөнелту көлемі күрт артты. Бұл қарқынмен ішкі нарықта шикізат тапшылығы туып, бейбіт кезде ұлттық қауіпсіздікке қатер төнуі мүмкін», – дейді сарапшы. Қазақстанның астық одағының қолдауына сүйенген шетелге өнім жеткізушілер болса, әлемдегі ахуалды қайта, экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға пайдаланғаны жөн деген ұстанымда. Қалай болғанда да, бүгінде жалғыз бидай ғана емес, күнбағыс, жүгері, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы қан-қасап соғыс түріндегі геосаяси дауыл кесірінен де, сондай-ақ климаттың жылынуы салдарынан жаһанды жайлаған қуаңшылықтың қайталану қаупіне байланысты да қымбаттап барады. Үрейлісі сол, БҰҰ, халықаралық сарапшылар әлемде азық-түлік тапшылығы қаупі күшейгенін ескертеді. Сондықтан жалғыз Қазақстан ғана емес, өзге елдер де бидай, өзге маңызды дақылдардың шетелге экспортын шектеді. Әлемге аштық қаупі төнгенде әр мемлекет басты орынға алдымен өз халқын сақтауды қояды.