Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы халыққа Жолдауында жоғарғы институционалдық ұйым саналатын Конституциялық кеңестің жұмысын тілге тиек ете отырып, оның жабық мекемеге айналғанын атап өтті. Сондықтан да оның жұмысын жандандыра түсу үшін ол елімізде бұрын болған жоғарғы төрелік тәжірибесіне қайта оралуға шақырды. Ендеше Жаңа Қазақстанда Конституциялық Соттың орны қандай болмақ? Сарапшылар пікір білдірді.
Марат БӘШІМОВ,
құқықтанушы, Еуропалық құқық
және адам құқы сарапшылық
институтының директоры:
– Көп ұзамай жаңа Конституциялық Сот өмірге келмек. Қазірдің өзінде бұл ұйымның өкілеттігі бойынша халықаралық тәжірибелер аясында жаңа конституциялық құқықтық қатынастар қалыптасып келеді, осынау конституциялық қадағалау органының орны мен рөлі айқындалуда, ғалымдар мен мемлекеттік орган өкілдерінің көптеген тірнекті талқылаулары өтіп жатыр.
Конституция – «Жаңа Қазақстанның» темірқазығы. Ал Конституциялық Соттың құрылуы азаматтардың конституциялық құқығын қорғаудың нәтижелілігін күшейте түсіп, сенімін оятпақ. Осылайша, біздің өмірімізде көп нәрсе жақсы жағына қарай өзгермек, әсіресе әділетсіздік пен проблема өте көп кездесетін құқық саласы жақсара түспек. Конституциялық Сот келесідей тұстарда: яки нормалардың мазмұны бойынша, нормативтік-құқықтық актінің нысаны бойынша, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың арасындағы құзыреттіліктерді бөлу тұрғысынан және нормативтік-құқықтық актіні қабылдау, қол қою, сондай-ақ оның ресми жариялануы мен қолданысқа енгізілу тәртібі бойынша заңның Конституциямен теориялық тұрғыдағы сәйкестігін айқындайды.
Шындығында да, құқықтық нормалар қатардағы азаматтардан бастап құқықты қолданушы мамандарға дейін түсінікті де қарапайым тілде, екіұшты мағынада ада түрде жазылуы тиіс. Осы реттен келгенде Конституциялық Сот құқықтық жүйені үйлесімді ете түсеріне сенім мол. Сондықтан да Президенттің бұл идеясы тек қана қолдауға лайық.
Алмас ЖҰМАҒАЛИ,
заңгер, заң ғылымдарыныңкандидаты,
Сулейман Демирель атындағы
университеттің аға оқытушысы:
– Еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіру мәселесіне келгенде өзгерістерді алдымен Ата Заңнан бастау керек. Тіпті, саяси реформаның түбегейлігін таныту үшін жаңа Конституция қабылдау қажет. Президенттің 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында айтқан шешімдері мен бастамасы өте дұрыс. Бірақ сөз күйінде қалмай, жұмыс тобы тез арада өзгерістерді Конституциялық заңдардан бастап енгізуі керек. Конституциялық Соттың қайта қалыпқа келуі өте дұрыс. Мемлекеттік билік механизмінде Конституциялық Сотты құру биліктің бөліну принципіне, конституциялық процестің үздіксіздігі мен қайтымсыздығына, мемлекеттік органдардың қоғам мен халық алдындағы жауапкершілік алатынына кепілдік береді. Сондай-ақ азаматтар мен басқа да құқық субъектілерін құқықтары бұзылған жағдайда тікелей қорғауға мүмкіндік туғызады. Мәселен, айталық, 1992 жылғы Конституциялық Сот жұмыс істеп тұрған кезінде Ата Заңның барлық нормалары тікелей жұмыс істейтін. Ал ол орган жабылып қалған 1995 жылдың тамыз айынан бері Конституцияның баптарында айтылған дүниелер одан кейінгі заңнамаларда келтірілетін екіұшты тыйымдармен шектелді. Қазірге дейін солай жалғасып келеді. Тек кейінгі екі жылда бұл ахуал аз ғана жібіп, азаматтарға өз пікірін білдіруге рұқсат етілді. Мәселен, митингіге немесе шеруге шығу рұқсат алу сипатынан хабарлау сипатына өткізілетіні мәлім етілді. Толықтай жүзеге асып кете қоймаса да, бұл өзгерістердің басы болды. Енді Конституциялық Сот құрылар болса, ол әділ төрелік инстансасына айналып, елімізде демократиялық құндылықтар жандана түспек.