Шымкентте жүргізуші жарты жылдың ішінде жол ережесін 178 рет бұзған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов айтты.
«Былтыр Шымкент қаласы бойынша 1000-нан астам камера орнатылды. Бір жылдың ішінде жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерінің 70 пайызын камералар тіркеді. Шымкенттік жүргізушілерге салынған айыппұл мөлшері 2,2 млрд теңге болды. Мысалы, жарты жылдың ішінде 178 рет жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізуші анықталды. Айыппұлдың жалпы сомасы 4,5 млн теңге болған», – деді Атығай Арыстанов.
Ол аталған өңірдің жүргізушілерін жолдарда абай болуға шақырды. Комитет төрағасының айтуынша, цифрлық технологиялардың көмегімен жол ережесінің сақталуына үлес қосып жүрген азаматтардың қатары артуда.
Сонымен қатар жыл басынан бері 2600 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынын 410 адам қаза тапты.