Астанада тұрмысы төмен отбасылардың үйіне газ кіргізуге 400 мың теңгеден беріледі. 11 сәуірден бастап үйлерді газға қосу үшін берілетін әлеуметтік көмек мөлшері артты. Бас қала басшысы ұсынған бастама экологияға да оң әсерін тигізеді. Оған дейін 90 АЕК мөлшерінде ақшалай көмек берілетін, яғни 275 670 теңге еді. Биыл 1 айлық есептiк көрсеткiш – 3 063 теңге. Енді осы әлеуметтік көмектің мөлшері 130 АЕК, яғни 398 190 мың теңгеге жетті. Әлеуметтік көмек алу үшін egov.kz («электрондық өтініштер» – «онлайн қызметке тапсырыс беру») порталында өтініш қалдыру керек. «Ұстау» бағанында тұрғын үйді газдандыруға әлеуметтік көмек, «алушы» бағанында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы таңдалады. Елордада жеке секторды газдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Қазір Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Ол үшін қалада 680 шақырымнан астам газ тарату желілері салынды, желілер 9 елді мекенге жеткізілді. Қалған екі аудан бойынша газ тарату желілерін салу жұмысы кезең-кезеңмен жүргізіледі. Газдандыру қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға әсер етеді. Қазір 3 мыңнан астам отбасы газға көшті. Бұл қазірдің өзінде 40 мыңнан аса отбасы өз үйін көмірмен жылытпайды дегенді білдіреді. Ал бұл орташа есеппен 40 мың тонна көмірді құрайды. Газға қосылған үйлердің саны күн сайын артып келеді. Сонымен қатар ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі барлық су жылыту қазандығы газға ауыстырылды. Қаланы газдандыру Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Көгілдір отынға қол жеткізген астаналықтардың қуанышында шек жоқ.