Аманғали Бердалин: Ветеринария жүйесін жойып алдық
Аманғали Бердалин: Ветеринария жүйесін жойып алдық
Елімізде мал шаруашылығына қатысты күрмеулі мәселелер тым көбейіп кетті. Бұған шарықтау шегінен асып, әлде де таралып жатқан төрт түліктің індетін қосыңыз. Ал қолында аз­ған­тай малы бар жұрт сенген ветеринар мамандардан айтар­лықтай қайыр болмай тұр. Себебі жұмыс істемейтін зертхана мен шайлығына жетпейтін жалақы оларды қажытқандай. Жастар жағы бұл салаға жолағысы келмейді. Осыны ескеріп Мәжіліс депутаттары таяуда осы салаға жауапты Ауыл ша­руашылығы министрлігіне ұсыныстарын жеткізіп, ветеринария жүйесін реформалау ісін ілгерілетуді сұраған еді. Әйтпесе жағдай қиындай беретіні анық. Біз осы тұста ауыл шаруа­шылығының қыр-сырына қанық Парламент Мәжілісінің депу­таты Аманғали Бердалинмен ветеринарияға қатысты жағдайды талқылап көрдік. – Жыл сайын еліміздің әр ай­мағында түрлі індеттен мал қыры­лады. Бірақ ветеринарлар алдын алмақ түгілі, індетті анықтаудың өзіне біраз уақыт жоғалтатынын білеміз. Ол аралықта жұрт аурудың емін өздері іздеп сабылып, біраз ма­лынан айырылады. Сонда бұл біздегі ветеринария саласының әбден құл­дырағанын көрсетпей ме? – Ветеринарияға қайта-қайта реформа қажет деп жүріп, бірізді жүйені жойып алдық. Төрт түліктің шығыны басталғанда мал дәрігер­лері міндетті түрде диагноз қою керек. Алайда зертханалар жұмысы өте нашар. Таяуда Атырау облы­сының Исатай және Құрманғазы ауданында жылқы малы белгісіз аурумен ауырып, қырылды. Жұрт ветеринариялық мамандардың себебін анықтауға құлықсыз екенін айтыпты. Өкініштісі сол, көп жағ­дайда әртүрлі себеппен мүлдем диагноз анықталмай кетеді. Иә, әр облыста зертханалар бар. Бірақ республикалық ауқымдағысы жоқ. Бұрын бүтін республикаға қарайтын зертхана болатын. Оның жекелеген бактериологиялық, вирусология­лық, паразитологиялық бөлімдері жұмыс істеді. Ал әр аудан мен об­лыстағы мамандар білмегенін осы зертханаға келіп үйреніп, тәжірибе жинайтын. Қазір барлығын реттеп отыратын бас мекеме жоқ, әркім білгенінше ісін жасай береді. Кейбір қалтасы қалың дөкейлер зертха­на­ларды жекешелендіріп те алды. Олар әр малдың қанын тексергені үшін Үкіметтен ақша алады. Біз салаға жауапты министрлік өкіл­де­ріне осындай олқылықтарды реттеу қажетін айтып отырмыз. Өткенде Президент те ескертті. Егер ветери­нария саласын жөнге келтірмесек, біздің өнімді өзге елдер алмайды, сұраныссыз қаламыз. Ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің экспорты тежеледі. Негізі, ветеринария жүйесін реформалау 2002 жылы «Ветери­на­рия туралы» заң қабылданған кезден басталған. Алайда жақсы нәтижеге жеттік дей алмаймын. Мал қыры­лып қана қоймай, соңғы жылдары адамдарға берілетін жануарлардың өткір және созылмалы жұқпалы ау­руларының ошақтары шығып жа­тыр. Құтыру және бруцеллез ошақ­тары барлық жерде тіркеледі. Бұл аурулармен күресудің оң дина­ми­ка­сы жоқ. Мысалы, бруцеллез ауруы 2020-2021 жылдары 2 пайызға арт­қан. Малдың сібір жарасы – 6 есе, лептоспироз – 5 есе, анаэробтық энторотоксемия – 5 есе, вирусты диарея мен инфекциялық рино­тра­хит 113 пайызға өскен. Енді ойлай беріңіз. Барлық ауру қоздыр­ғыш­тарының 80 пайызы жануар­лардан шыққанын ұмытпаған жөн еді. – Қазір мал базарлары мен ет сататын дүкендер өте көп. Бірақ сатылымда тұрған ет ненің еті, малға ауру жұқпаған ба, оны ескеріп жатқандар сирек. Бұлар да тікелей зертханалардан тексерістен өтіп, ветеринар мамандардың рұқсатымен жұмыс істеуі тиіс. Әйткенмен, қазір көшенің бойында да түрлі ет өнімдері сатыла беретін болды. Мұның бәрін бақылап жатқан жан бар ма? – Мал базарлар, жалпы ет са­татын жерлер жекенің қолында. Иелері «мен қожайынмын, өз вете­ринарымды қойдым» дейді. Бірақ ол мал дәрігері иесінен ақша алып отырған соң жаман өнім келіп жатса да шикілігін айтпайды, жақсы деп мөр басып береді. Рас, жолдың бойында тұрып-ақ ет сата беретіндер көптеп табылады. Ешкім тексеріп жатқан жоқ. Бұрын барлығы тек мемлекетке бағынатын ветеринар­лардың қолында болатын. Мемле­кет­тің рұқсат қағазы болмай жұмыс істей алмайтын. 2010 жылға дейін Республикалық ветеринариялық зертхана мемлекеттік аккредиттеуді алып, шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып жұмыс істеді. Өзі­нің ақылы қызметі есебінен ке­регін қамтамасыз етіп отырды, тіпті материалдық-техникалық базасы жақсарған еді. Қазір мал соятын жер­лер тексерілмейді. Бәрін жеке­нің қолына беріп қойдық. Ал содан кейін сіз бен біз жеп отырған еттің сапасына күмән болмай ма? Енді жекеге кеткен ішкі сауда объекті­леріндегі лабораторияларды мем­лекет меншігіне қайтаруымыз ке­рек. Ветеринариялық-санитар­лық сараптаманы түгелдей Респуб­ли­­калық ветеринариялық зертхана­ның (барлық өңірлерде филиалдары бар) қарамағына берген абзал. Әйтпесе, барлығын жекелендіріп, қауіпсіз­дікті ұмыт қалдырдық. Яғни, вете­ринария саласының әлсіз­дігі лабо­ратория мәселесінен шығып тұр. Мал ауруларымен кү­рес­те жү­йелі және дәйекті тәсілдің болмауы­нан шетелдерден асылтұқымды малмен бірге жануарлардың экзо­тикалық аурулары, блютанг, шмал­ленберг, нодулярлық дерматит сияқ­ты індеттер кірген. – Бірақ Қазақстанда малдәрі­герлік зертханалар жеткілікті тәрізді. Олардың жұмысы неге ілгері баспай тұр? Бәлкім, қазіргі жағдайға мал дәрігерлерінің тапшылығы әсер етіп отырған шығар? – Елімізде тек 2010-2012 жыл­дардың өзінде 14,6 млрд теңгеге 114 малдәрігерлік зертхана пайдалануға берілген. Аса қауіпті ауруларды анық­тау үшін онда көп қаржы жұм­салады, бірақ осы зертханаларда бар болғаны екі бөлім ғана жұмыс іс­тейді екен. Мүмкіндіктерін толық пай­да­лана алмай отырмыз. Жал­пы, 220 ветеринариялық зертхана­ның 191-і жұмыс істеп тұр. Қалған 29 ме­кеме Денсаулық сақтау минис­трі­нің 2021 жылы 15 қазанда «Ық­ти­мал қауіпті химиялық және био­ло­гия­лық зат­тар­ды пайдаланатын зерт­ханаларға қойылатын санита­рия­лық-эпиде­миологиялық талап­тар» санитария­лық қағидаларының бұй­рығымен бекітілген талаптарына сәйкес кел­мей, жабылған. Осы кез ең алдымен халықтың азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық диаг­нос­тикалық бөлімдері бар Республи­ка­лық ветеринариялық зертхананы қайта құру қажет. Ға­лым­дарды тар­тып, жақсы кадрлар жинаған жөн. Маңғыстауда облыс­тық вете­ри­нарлық лаборатория жоқ. Ал елі­міз Ресейге санкция са­лын­ғаннан кейін Құрық порты ар­қылы экс­порт­ты 230 пайызға кө­бейт­ті. Есе­сіне, арғы Иран мен Әзер­бай­жаннан қаншама азық-түлік келіп жатыр. Лаборатория жоқ, қауіпсіз­дігіне көз жетпестен сол тауарларды алып жа­тырмыз. Салаға жауапты министрге айтсақ, ғимараттың апат­тық жағдай­да тұрғанын алға тартады. Ең бол­ма­са аудандағы бір зертханаға ак­кре­диттеу өткізіп, жұ­мысты жал­ғастыру керек. Елімізде 10 798 вете­ри­нар маман бар. Олар­дың орташа жасы – 40-55 жас ара­лығы. Әлі де республика аумағында 810 маман жетіспейді. – Індеттің алдын алу дегенде ойымызға вакцина мәселесі де түседі. Елдің әр өңірінде мал ауруларының жиі шығатынына қарағанда бізде ветеринариялық препаттар жеткі­ліксіз болуы мүмкін бе? – Малдың жұқпалы аурулары пай­да болған кезде біз Үкімет дең­гейінде көрші елдерден вакцина сұрауға мәжбүрміз. Тек соңғы 3 жыл­дың ішінде Қазақстан Ресейден 7,8 млрд теңгеге аусылға қарсы вак­цинаның 110,5 млн дозасын сатып алған. Бұл – бүкіл сатып алынған вакцина шығынының 35 пайызын құрайды. Ал ірі қара малдың ноду­ляр­лық дерматит ауруының вакци­насына 2019 жылмен салыстырғанда шығын 43,5 пайызға өсіп, бір жылда 9 млн дозаға 2,1 млрд теңге жұмса­дық. Рас, экономикаға үлкен зиян келтіріп тұр. Жалпы, 2020 жылы 3,2 млрд теңге, ал 2021 жылы жойылған малға, құсқа республикалық бюд­жеттен 142,3 млн теңге, ал жергілікті бюджеттен 247,3 млн теңге өтемақы төленген. Мұндай мәселенің ес­керу­сіз қалуы елдің экспорттық мүм­кін­діктеріне теріс әсер етпей қоймайды. Міндетті түрде Стандарттау және сертификаттау институтымен бірге халықаралық талаптарға сәйкес келетін отандық препараттар өндіру мүмкіндігін қарастыру үшін отандық биоөнеркәсіптік саласын құру қажет. Соңғы үш жылда 22,1 миллиард теңгеге сатып алынған ветпрепараттардың 44,7 пайызы отандық өнім болған. Қалған басым бөлігі импортталған. Сондықтан отандық ветпрепараттардың сапасы мен қолжетімділігін арттырмай болмайды. Өткенде Үкімет сағатына дайындық аясында біз Степногор қаласындағы Ұлттық биотехнология орталығына барып, биопрепарат өндірушілермен кездескен едік. Импорттық вакциналарды сатып алуға жыл сайын бөлінетін қаржыны азайту жолын талқыладық. Сонда айтылған бір мәселе – ветпрепарат­тарды қоспағанда отандық аналог­тері бар импорттық биопрепарат­тарды сатып алудан бас тарту. Мы­салы, Павлодар облысы 3 жылдан бері 450 млн теңгеге Ресейдің Берс­кий биокомбинатынан масамен күресу мақсатында биопрепараттар­ды бір көзден сатып алады. Ал мұн­дай препараттарды бағасы 30 па­йызға арзан отандық Степногор қаласындағы BiotronGroup ЖШС шығарады, бірақ тиімді бола тұра неше түрлі сылтаумен осы компа­нияны конкурстардан шектейді екен. Міне, мәселенің мәні қайда жатқанын ұға беріңіз. – Жастар ветеринария саласына келуге құлықсыз. Оның бірнеше себебі бар. Оның үстіне, осы сала бойынша елдегі білім беру деңгейі төмен екені айтылады. Ал қазір салада қызмет етіп жүргендердің біліктілік деңгейі оңып тұр ма? – Жыл сайын ветеринария сала­сы бойынша 1 000-нан астам студент диплом алып шығады. Мысалы, 2019 жылы – 1 019, 2020 жылы – 1 101, 2021 жылы – 1 283 түлек бол­ды. Былтырғы 1 283 түлектің 712-сі ғана жұмысқа тұрыпты. Бірақ бәрі өз саласы бойынша жұмыс істей ме? Алдында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универси­тетіне бардық. Бөлінуді күтіп отыр­ған «Ветеринария» факультетінің екі тобының 5-курс студент­терімен кездестік. 80 пайызы қыздар екен. Сол кезде білім алғандардың тек біреуі шаруашылықта жұ­мыс істе­гісі келетінін айтты. Қал­ғандары клиникада қалып немесе магис­тра­турада оқуын жалғастыр­мақ ниетте. Негізі, қазір Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің жүйе­сін­де жоғары білімі бар ветерина­риялық кадр­ларды даярлайтын үш қана бейінді оқу орны ұсынылған. Олар – Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С.Сейфуллин атын­дағы ҚАУ, Жәң­гір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техни­калық университеті. Бұлардың ба­засы жабдықталған. Ал бейінді емес алты оқу орны бар. Бұрын бейінді емес жоғары оқу орындарында ве­теринарлық маман­дарды даярлау тек «0502200-Ве­те­ринарлық сани­тария» мамандығы бойынша жүргі­зіл­ген болатын. 2019 жылы өзгеріс­тер болып, жекелеген жоғары оқу орындары «6В09103–Ветеринария» мамандығы бойынша кадрлар даяр­лауға қайта бағдар­ланды. Біз осыған байланысты Білім министр­лігі мен Ауыл ша­руашылығы ми­нистр­лігі­нен жоғары оқу орындарына қойы­латын та­лаптарды әзірлеу керегін айттық. Материалдық-техникалық база сәйкес келе ме, зертханасы, жануар­ларды ұстауға арналған стацио­нарлар, оқу-тәжірибе шаруа­шы­лығы бар ма, бәрін анықтаған абзал. Сонда ғана оларға гранттар бөлінуі тиіс. Ветеринария бойынша оқығысы келетін студенттерге біраз жеңілдік жасалуы тиіс. Ауылда кейбір талап­керлері ҰБТ-дан төмен бал жинап, грантқа түсу мүмкіндігінен айыры­лады. Ал олар әлеуметтік, қаржылық жағынан тұрақсыз жастар екенін білеміз. Сөйтіп, олар ауылына ора­лып, жұмыссыздар қатарын толты­рады. Осы тұста ауылдық квотаны 70 пайызға арттырсын. Сонда грант­қа үміткерлер санының азаюы есебінен ауыл балаларының грант алу мүмкіндігі едәуір артады. Жоға­ры оқу орнында ветеринария ма­мандығына 50 балға дейін өту балын төмендетсін. Оқу орындарында әскерден келген адамдарға арнайы дайындық курстарын ұйымдастыру арқылы квотамен түсуге мүмкіндік берілгені жөн. Бұдан бөлек, жергілікті атқару­шы органдар ветеринариялық іс-шаралар, яғни вакциналау, қан алу және жеткізу, жануарларды сәйкес­тендіру сияқты жұмыстарды жүргізу жөніндегі қызметтердің тарифін қайта қарауы тиіс. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жаңа жұмысқа келген маманға тұр­ғын үйді сатып алып немесе салып берген жөн. Бір жолғы көтерме жәр­демақыны екі есеге, 4-5 жыл өткеннен кейін жас мамандарға тұрғын үй салу үшін бөлінетін не­сиені кө­лемін 20 па­йызға ұлғайту мүмкін­дігімен арт­тыру қажет. Сонда ғана жастар осы салаға біртіндеп келе бастайды. – Саладағы жалақы мәселесі өзекті күйде тұрғаны анық. Мал дәрігерлерінің айлығын «жақсы» деп бағалай беруге келмейді. Жұрттың ветеринарияға қызықпауына осы да әсер етпей ме? – Оқуға, сала бойынша білім алуға жеңілдік жасаудың жайын тілге тиек еттік. Алайда бұл – бір жағы. Ветеринарлар жұмысқа тұрар кезде де жеңілдік алуы тиіс. Екі есе еңбекақысын көбейтіп, мал дәріге­ріне түсетін жүктеме нормативтерін бекітуді ұсындық. Қазір ау­дан­дық ветеринариялық станса­лардағы дәрігерлердің (жоғары білімді) орташа жалақысы 82 мың­нан 207 мың теңгеге дейін. Бірақ 200 мың­ның төңірегіндегі жалақыны бәрі алып жатқан жоқ, көбі 90 мың­ның маңайында табады. Орта білім­ді ветфельдшер 70 мыңнан 175 мың теңгеге дейін, ал орта білімді вет­санитар 52 мыңнан 94 мың теңгеге дейін алады. Бір жаманы, мал дәрі­герлері ақылы еңбек демалысына шыққанда материалдық көмек со­масын алмайды. Оны қостырудың жолдарын қарастырғалы жүрміз. Жалпы, саланың маңызын еске­ріп, Ветеринария комитетін Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамы­нан шығарған жөн. Оған дербес үкі­меттік бағыну мәртебесін беру қа­жет деп есептеймін. Ветеринар­лық бизнесті ұйымдастыру мен басқарудың бұл түрі шетелде кеңі­нен ұсынылған. Соның ішінде Өз­бекстан, Тәжікстан, Қырғыз Рес­пуб­ликасы, Грузия мен тағы да басқа мемле­кеттерде бұл ұсыныс өзін ақтаған. Алдағы уақытта тиісті жауапты мемлекеттік органдар ұсы­ныстарды мұқият қарап, жан-жақты зерделеп, тиісті іс-шара қа­былдайды деп сенім артып отырмыз. – Әңгімеңізге рақмет!