Елімізде мал шаруашылығына қатысты күрмеулі мәселелер тым көбейіп кетті. Бұған шарықтау шегінен асып, әлде де таралып жатқан төрт түліктің індетін қосыңыз. Ал қолында азғантай малы бар жұрт сенген ветеринар мамандардан айтарлықтай қайыр болмай тұр. Себебі жұмыс істемейтін зертхана мен шайлығына жетпейтін жалақы оларды қажытқандай. Жастар жағы бұл салаға жолағысы келмейді. Осыны ескеріп Мәжіліс депутаттары таяуда осы салаға жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстарын жеткізіп, ветеринария жүйесін реформалау ісін ілгерілетуді сұраған еді. Әйтпесе жағдай қиындай беретіні анық. Біз осы тұста ауыл шаруашылығының қыр-сырына қанық Парламент Мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалинмен ветеринарияға қатысты жағдайды талқылап көрдік. – Жыл сайын еліміздің әр аймағында түрлі індеттен мал қырылады. Бірақ ветеринарлар алдын алмақ түгілі, індетті анықтаудың өзіне біраз уақыт жоғалтатынын білеміз. Ол аралықта жұрт аурудың емін өздері іздеп сабылып, біраз малынан айырылады. Сонда бұл біздегі ветеринария саласының әбден құлдырағанын көрсетпей ме? – Ветеринарияға қайта-қайта реформа қажет деп жүріп, бірізді жүйені жойып алдық. Төрт түліктің шығыны басталғанда мал дәрігерлері міндетті түрде диагноз қою керек. Алайда зертханалар жұмысы өте нашар. Таяуда Атырау облысының Исатай және Құрманғазы ауданында жылқы малы белгісіз аурумен ауырып, қырылды. Жұрт ветеринариялық мамандардың себебін анықтауға құлықсыз екенін айтыпты. Өкініштісі сол, көп жағдайда әртүрлі себеппен мүлдем диагноз анықталмай кетеді. Иә, әр облыста зертханалар бар. Бірақ республикалық ауқымдағысы жоқ. Бұрын бүтін республикаға қарайтын зертхана болатын. Оның жекелеген бактериологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық бөлімдері жұмыс істеді. Ал әр аудан мен облыстағы мамандар білмегенін осы зертханаға келіп үйреніп, тәжірибе жинайтын. Қазір барлығын реттеп отыратын бас мекеме жоқ, әркім білгенінше ісін жасай береді. Кейбір қалтасы қалың дөкейлер зертханаларды жекешелендіріп те алды. Олар әр малдың қанын тексергені үшін Үкіметтен ақша алады. Біз салаға жауапты министрлік өкілдеріне осындай олқылықтарды реттеу қажетін айтып отырмыз. Өткенде Президент те ескертті. Егер ветеринария саласын жөнге келтірмесек, біздің өнімді өзге елдер алмайды, сұраныссыз қаламыз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты тежеледі. Негізі, ветеринария жүйесін реформалау 2002 жылы «Ветеринария туралы» заң қабылданған кезден басталған. Алайда жақсы нәтижеге жеттік дей алмаймын. Мал қырылып қана қоймай, соңғы жылдары адамдарға берілетін жануарлардың өткір және созылмалы жұқпалы ауруларының ошақтары шығып жатыр. Құтыру және бруцеллез ошақтары барлық жерде тіркеледі. Бұл аурулармен күресудің оң динамикасы жоқ. Мысалы, бруцеллез ауруы 2020-2021 жылдары 2 пайызға артқан. Малдың сібір жарасы – 6 есе, лептоспироз – 5 есе, анаэробтық энторотоксемия – 5 есе, вирусты диарея мен инфекциялық ринотрахит 113 пайызға өскен. Енді ойлай беріңіз. Барлық ауру қоздырғыштарының 80 пайызы жануарлардан шыққанын ұмытпаған жөн еді. – Қазір мал базарлары мен ет сататын дүкендер өте көп. Бірақ сатылымда тұрған ет ненің еті, малға ауру жұқпаған ба, оны ескеріп жатқандар сирек. Бұлар да тікелей зертханалардан тексерістен өтіп, ветеринар мамандардың рұқсатымен жұмыс істеуі тиіс. Әйткенмен, қазір көшенің бойында да түрлі ет өнімдері сатыла беретін болды. Мұның бәрін бақылап жатқан жан бар ма? – Мал базарлар, жалпы ет сататын жерлер жекенің қолында. Иелері «мен қожайынмын, өз ветеринарымды қойдым» дейді. Бірақ ол мал дәрігері иесінен ақша алып отырған соң жаман өнім келіп жатса да шикілігін айтпайды, жақсы деп мөр басып береді. Рас, жолдың бойында тұрып-ақ ет сата беретіндер көптеп табылады. Ешкім тексеріп жатқан жоқ. Бұрын барлығы тек мемлекетке бағынатын ветеринарлардың қолында болатын. Мемлекеттің рұқсат қағазы болмай жұмыс істей алмайтын. 2010 жылға дейін Республикалық ветеринариялық зертхана мемлекеттік аккредиттеуді алып, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып жұмыс істеді. Өзінің ақылы қызметі есебінен керегін қамтамасыз етіп отырды, тіпті материалдық-техникалық базасы жақсарған еді. Қазір мал соятын жерлер тексерілмейді. Бәрін жекенің қолына беріп қойдық. Ал содан кейін сіз бен біз жеп отырған еттің сапасына күмән болмай ма? Енді жекеге кеткен ішкі сауда объектілеріндегі лабораторияларды мемлекет меншігіне қайтаруымыз керек. Ветеринариялық-санитарлық сараптаманы түгелдей Республикалық ветеринариялық зертхананың (барлық өңірлерде филиалдары бар) қарамағына берген абзал. Әйтпесе, барлығын жекелендіріп, қауіпсіздікті ұмыт қалдырдық. Яғни, ветеринария саласының әлсіздігі лаборатория мәселесінен шығып тұр. Мал ауруларымен күресте жүйелі және дәйекті тәсілдің болмауынан шетелдерден асылтұқымды малмен бірге жануарлардың экзотикалық аурулары, блютанг, шмалленберг, нодулярлық дерматит сияқты індеттер кірген. – Бірақ Қазақстанда малдәрігерлік зертханалар жеткілікті тәрізді. Олардың жұмысы неге ілгері баспай тұр? Бәлкім, қазіргі жағдайға мал дәрігерлерінің тапшылығы әсер етіп отырған шығар? – Елімізде тек 2010-2012 жылдардың өзінде 14,6 млрд теңгеге 114 малдәрігерлік зертхана пайдалануға берілген. Аса қауіпті ауруларды анықтау үшін онда көп қаржы жұмсалады, бірақ осы зертханаларда бар болғаны екі бөлім ғана жұмыс істейді екен. Мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отырмыз. Жалпы, 220 ветеринариялық зертхананың 191-і жұмыс істеп тұр. Қалған 29 мекеме Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылы 15 қазанда «Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының бұйрығымен бекітілген талаптарына сәйкес келмей, жабылған. Осы кез ең алдымен халықтың азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық диагностикалық бөлімдері бар Республикалық ветеринариялық зертхананы қайта құру қажет. Ғалымдарды тартып, жақсы кадрлар жинаған жөн. Маңғыстауда облыстық ветеринарлық лаборатория жоқ. Ал еліміз Ресейге санкция салынғаннан кейін Құрық порты арқылы экспортты 230 пайызға көбейтті. Есесіне, арғы Иран мен Әзербайжаннан қаншама азық-түлік келіп жатыр. Лаборатория жоқ, қауіпсіздігіне көз жетпестен сол тауарларды алып жатырмыз. Салаға жауапты министрге айтсақ, ғимараттың апаттық жағдайда тұрғанын алға тартады. Ең болмаса аудандағы бір зертханаға аккредиттеу өткізіп, жұмысты жалғастыру керек. Елімізде 10 798 ветеринар маман бар. Олардың орташа жасы – 40-55 жас аралығы. Әлі де республика аумағында 810 маман жетіспейді. – Індеттің алдын алу дегенде ойымызға вакцина мәселесі де түседі. Елдің әр өңірінде мал ауруларының жиі шығатынына қарағанда бізде ветеринариялық препаттар жеткіліксіз болуы мүмкін бе? – Малдың жұқпалы аурулары пайда болған кезде біз Үкімет деңгейінде көрші елдерден вакцина сұрауға мәжбүрміз. Тек соңғы 3 жылдың ішінде Қазақстан Ресейден 7,8 млрд теңгеге аусылға қарсы вакцинаның 110,5 млн дозасын сатып алған. Бұл – бүкіл сатып алынған вакцина шығынының 35 пайызын құрайды. Ал ірі қара малдың нодулярлық дерматит ауруының вакцинасына 2019 жылмен салыстырғанда шығын 43,5 пайызға өсіп, бір жылда 9 млн дозаға 2,1 млрд теңге жұмсадық. Рас, экономикаға үлкен зиян келтіріп тұр. Жалпы, 2020 жылы 3,2 млрд теңге, ал 2021 жылы жойылған малға, құсқа республикалық бюджеттен 142,3 млн теңге, ал жергілікті бюджеттен 247,3 млн теңге өтемақы төленген. Мұндай мәселенің ескерусіз қалуы елдің экспорттық мүмкіндіктеріне теріс әсер етпей қоймайды. Міндетті түрде Стандарттау және сертификаттау институтымен бірге халықаралық талаптарға сәйкес келетін отандық препараттар өндіру мүмкіндігін қарастыру үшін отандық биоөнеркәсіптік саласын құру қажет. Соңғы үш жылда 22,1 миллиард теңгеге сатып алынған ветпрепараттардың 44,7 пайызы отандық өнім болған. Қалған басым бөлігі импортталған. Сондықтан отандық ветпрепараттардың сапасы мен қолжетімділігін арттырмай болмайды. Өткенде Үкімет сағатына дайындық аясында біз Степногор қаласындағы Ұлттық биотехнология орталығына барып, биопрепарат өндірушілермен кездескен едік. Импорттық вакциналарды сатып алуға жыл сайын бөлінетін қаржыны азайту жолын талқыладық. Сонда айтылған бір мәселе – ветпрепараттарды қоспағанда отандық аналогтері бар импорттық биопрепараттарды сатып алудан бас тарту. Мысалы, Павлодар облысы 3 жылдан бері 450 млн теңгеге Ресейдің Берский биокомбинатынан масамен күресу мақсатында биопрепараттарды бір көзден сатып алады. Ал мұндай препараттарды бағасы 30 пайызға арзан отандық Степногор қаласындағы BiotronGroup ЖШС шығарады, бірақ тиімді бола тұра неше түрлі сылтаумен осы компанияны конкурстардан шектейді екен. Міне, мәселенің мәні қайда жатқанын ұға беріңіз. – Жастар ветеринария саласына келуге құлықсыз. Оның бірнеше себебі бар. Оның үстіне, осы сала бойынша елдегі білім беру деңгейі төмен екені айтылады. Ал қазір салада қызмет етіп жүргендердің біліктілік деңгейі оңып тұр ма? – Жыл сайын ветеринария саласы бойынша 1 000-нан астам студент диплом алып шығады. Мысалы, 2019 жылы – 1 019, 2020 жылы – 1 101, 2021 жылы – 1 283 түлек болды. Былтырғы 1 283 түлектің 712-сі ғана жұмысқа тұрыпты. Бірақ бәрі өз саласы бойынша жұмыс істей ме? Алдында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне бардық. Бөлінуді күтіп отырған «Ветеринария» факультетінің екі тобының 5-курс студенттерімен кездестік. 80 пайызы қыздар екен. Сол кезде білім алғандардың тек біреуі шаруашылықта жұмыс істегісі келетінін айтты. Қалғандары клиникада қалып немесе магистратурада оқуын жалғастырмақ ниетте. Негізі, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйесінде жоғары білімі бар ветеринариялық кадрларды даярлайтын үш қана бейінді оқу орны ұсынылған. Олар – Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С.Сейфуллин атындағы ҚАУ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті. Бұлардың базасы жабдықталған. Ал бейінді емес алты оқу орны бар. Бұрын бейінді емес жоғары оқу орындарында ветеринарлық мамандарды даярлау тек «0502200-Ветеринарлық санитария» мамандығы бойынша жүргізілген болатын. 2019 жылы өзгерістер болып, жекелеген жоғары оқу орындары «6В09103–Ветеринария» мамандығы бойынша кадрлар даярлауға қайта бағдарланды. Біз осыған байланысты Білім министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінен жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды әзірлеу керегін айттық. Материалдық-техникалық база сәйкес келе ме, зертханасы, жануарларды ұстауға арналған стационарлар, оқу-тәжірибе шаруашылығы бар ма, бәрін анықтаған абзал. Сонда ғана оларға гранттар бөлінуі тиіс. Ветеринария бойынша оқығысы келетін студенттерге біраз жеңілдік жасалуы тиіс. Ауылда кейбір талапкерлері ҰБТ-дан төмен бал жинап, грантқа түсу мүмкіндігінен айырылады. Ал олар әлеуметтік, қаржылық жағынан тұрақсыз жастар екенін білеміз. Сөйтіп, олар ауылына оралып, жұмыссыздар қатарын толтырады. Осы тұста ауылдық квотаны 70 пайызға арттырсын. Сонда грантқа үміткерлер санының азаюы есебінен ауыл балаларының грант алу мүмкіндігі едәуір артады. Жоғары оқу орнында ветеринария мамандығына 50 балға дейін өту балын төмендетсін. Оқу орындарында әскерден келген адамдарға арнайы дайындық курстарын ұйымдастыру арқылы квотамен түсуге мүмкіндік берілгені жөн. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар ветеринариялық іс-шаралар, яғни вакциналау, қан алу және жеткізу, жануарларды сәйкестендіру сияқты жұмыстарды жүргізу жөніндегі қызметтердің тарифін қайта қарауы тиіс. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жаңа жұмысқа келген маманға тұрғын үйді сатып алып немесе салып берген жөн. Бір жолғы көтерме жәрдемақыны екі есеге, 4-5 жыл өткеннен кейін жас мамандарға тұрғын үй салу үшін бөлінетін несиені көлемін 20 пайызға ұлғайту мүмкіндігімен арттыру қажет. Сонда ғана жастар осы салаға біртіндеп келе бастайды. – Саладағы жалақы мәселесі өзекті күйде тұрғаны анық. Мал дәрігерлерінің айлығын «жақсы» деп бағалай беруге келмейді. Жұрттың ветеринарияға қызықпауына осы да әсер етпей ме? – Оқуға, сала бойынша білім алуға жеңілдік жасаудың жайын тілге тиек еттік. Алайда бұл – бір жағы. Ветеринарлар жұмысқа тұрар кезде де жеңілдік алуы тиіс. Екі есе еңбекақысын көбейтіп, мал дәрігеріне түсетін жүктеме нормативтерін бекітуді ұсындық. Қазір аудандық ветеринариялық стансалардағы дәрігерлердің (жоғары білімді) орташа жалақысы 82 мыңнан 207 мың теңгеге дейін. Бірақ 200 мыңның төңірегіндегі жалақыны бәрі алып жатқан жоқ, көбі 90 мыңның маңайында табады. Орта білімді ветфельдшер 70 мыңнан 175 мың теңгеге дейін, ал орта білімді ветсанитар 52 мыңнан 94 мың теңгеге дейін алады. Бір жаманы, мал дәрігерлері ақылы еңбек демалысына шыққанда материалдық көмек сомасын алмайды. Оны қостырудың жолдарын қарастырғалы жүрміз. Жалпы, саланың маңызын ескеріп, Ветеринария комитетін Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамынан шығарған жөн. Оған дербес үкіметтік бағыну мәртебесін беру қажет деп есептеймін. Ветеринарлық бизнесті ұйымдастыру мен басқарудың бұл түрі шетелде кеңінен ұсынылған. Соның ішінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Грузия мен тағы да басқа мемлекеттерде бұл ұсыныс өзін ақтаған. Алдағы уақытта тиісті жауапты мемлекеттік органдар ұсыныстарды мұқият қарап, жан-жақты зерделеп, тиісті іс-шара қабылдайды деп сенім артып отырмыз. – Әңгімеңізге рақмет!