Шетелге капиталдың жылыстатылуы жөнінен Қазақстан әлемдік «жиырмалыққа» кірді. Фирмалар банктерден 1,73 триллион теңгені шешіп алған. Оның кейін қайда кеткенін айқындау қиын, себебі электрондыға қарағанда сөмке-шабадандар толы шытырлаған қаржының қозғалысын қадағалау күрделі. Банктер де «күдікті транзакциялар» көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағып жатыр: олардың 179 хабарламасы негізінде 21 қылмыстық схема ашылған. Салада не болып жатыр? Ел басшылығының шетелге әкетілген капиталды қайтару тапсырмасының орындалуына не кедергі?
Күрес тетіктері күшейтілді
Таяуда, 6 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдағанда басты бір тақырып ретінде шетелден активтерді қайтару ісі бойынша қолға алынған шаралар талқыланды. Бас прокурордың мәліметінше бүгінде резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша күдікті-фигуранттардың қылмыстық жолмен жинаған капиталды елден жасырын әкетуі деректерін анықтау үшін осыған жол ашқан схемаларға талдау жасалады. Дереккөздерден белгілі болғандай, заңсыз жылыстатылған капиталды оралтуға бірнеше орган жұмылдырылған көрінеді, оның арасында Бас прокуратура, Антикор, Қаржылық мониторинг агенттігі бар. Ел ішіндегі қаржы қозғалысына да бақылау күшейтілген. Қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы хабарлама беруге міндетті «Қаржы мониторингі субъектілерінің түрлері» айқындалды. Ондағының бәріне «қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында» ішкі бақылауды ұйымдастыру міндеті жүктелген. Қазір тіпті валюта айырбастау пункттерінің өзі ірі көлемде валюта сатып алған адамдардың дерегін тиісті орынға ұсынып отырады. Клиентті идентификациялау шаралары қабылданатын көрінеді. Сондай-ақ «күдікті операцияларға» не жататынын анықтау үшін олардың нышан-белгілері нақты айқындалды. Ол критерийлер қатып қалған дүние емес, соңғы үрдістерді, әшкереленген схемаларды ескеріп, тұрақты негізде өзектендіріледі. Бұл жөнінде «Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған» жаңа тұжырымдамасы жобасында атап өтілген. Банктер күдікті тұлғалармен немесе компаниялармен істес болудан бас тартады, олардың есепшот ашу, ақша шешіп алу, ақша аудару және басқа өтініштерін қанағаттандырмайды. Талаптың күшейтілуі нәтижесінде 2018 жылдан бері бас тарту деректерінің саны 3 есеге артқан. Қолданыстағы іскерлік қатынастарды доғарудың 2018 жылы – 496, 2019 жылы – 1 089, 2020 жылы 1 538 дерегі тіркелген. Бұдан бөлек, іскерлік қатынас орнатудан бас тартудың 2018 жылы – 451, 2019 жылы – 1 293, 2020 жылы 1 196 дерегі белгілі болды. Қылмыстық ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдырудың жолын кесу үшін банктерге арналған «Қауіпті тұлғалардың бірыңғай тізілімі» (Унифицированный реестр рисковых лиц) жасалды. Күдікті және сомасы шекті шамадан асқан қаржылық операциялар туралы барлық ақпарат жабық байланыс арнасымен тікелей қаржылық барлау органына жіберіледі. Тек 2021 жылдың өзінде 2 мыңнан астам субъект сондай операциялар жөнінде хабарлама жолдапты. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, қазіргі уақытта лас қаражатты «тазалауға» қарсы күрестің қажетті инфрақұрылымы түзілді. Келіп түскен хабарламаларға терең әрі кешенді талдау жүргізу үшін заманауи компьютерлік жабдықтардан, озық бағдарламалардан тұратын инфрақұрылым іске қосылды. «Бірыңғай ақпараттық талдамалық жүйе» құрылды: ол қаржы және қаржылық емес сектор ұйымдарынан тоқтаусыз, лек-легімен «құйылатын» хабарламаларды онлайн режимде алуға, талдауға және сақтауға мүмкіндік береді. Атап өту керек, жыл сайын қаржылық барлау құрылымдарына 1–1,7 миллионға (!) дейін хабарлама келіп түседі. Ел қазынасын талан-тараж етушілерге күреске жұмылғандар үйлесімді жұмыс істемесе, бәрі бекер. Қаншама жемқор ондаған миллиард қаржыны қалтасына басып, шетелге тайып тұрды. Бұл ретте құқық қорғау органдарының қаржылық барлау материалдарын пайдалану тиімділігі жыл сайын артып келеді екен. Қаржылық барлаушылардың анықтаған маңызды ақпаратын құқық қорғау органдарының пайдалану үлесі 2017 жылғы 37,8%-дан енді 52,6%-ға дейін өскен. Қазақстанның құқық қорғау органдары әлемнің 160-тан астам қаржылық барлау органын біріктіретін «Эгмонт» тобының қорғалған желісін белсенді пайдаланады. Соңғы 3 жылда шетелдік қаржылық барлау құрылымдарына Қазақстаннан 800-ге жуық сұраныс жолданды. Өз кезегінде шетелден 300-ге жуық сұраныс түскен. Қазақ еліне мұндай құпия ақпарат алмасуда әсіресе, Ресей, Түркия, Кипр, Латвия, АҚШ, Беларусь, Нидерланд, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Гонгконг белсенді.Схема, схема, схемалар...
Жалпы, еліміздің әр өңірінен, әрбір қаржы мониторингі субъектісінен түсетін мәліметтер «көлеңкелі операцияларды ашуға, банктік шоттардағы ақша айналымдарының тапсырылған салық есептерімен сәйкеспеушілігін анықтауға» мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ тәуекелді операцияларға жедел ден қоюға, сыбайластарды әшкерелеуге, әрбір айыпталушының рөлін, ұйымдасқан қылмыстық топтардың жаңа мүшелерін анықтауға көмектеседі. Қаржылық мониторинг агенттігі екі жылда, 499 хабарламаны талдау кезінде кірістерді ірі көлемде жылыстатудың 45 қылмыстық схемасын ашқан көрінеді. «Бұрынғыға қарағанда кейінгі жылдары сапалы ақпарат бағыттаудың өсу динамикасы байқалады. Мәселен, егер 2018 жылы екінші деңгейлі банктердің 137 хабарламасы негізінде 5 қылмыстық схема ашылса, 2019 жылы 83 ақпарат – 19 схеманы, 2020 жылы – 179 ақпарат 21 қылмыстық схеманы анықтауға сеп болды», – деп мәлімет берді агенттік. Айтқандай, бұрыннан кең таралған схема бойынша меморган немесе ұлттық компания әлдебір жалған фирмамен келісімге отырады да, оның әлдебір қызметі үшін миллиардтарды аударады. Ізінше әлгі компания бар ақшаны банктен шешіп алады. Меморган не квазимемсектор кәсіпорны алданған сыңай танытып, «жосықсыз жеткізушіні» сотқа береді. Ол кезде жалған кәсіпорын жабылып, айыпты тұлғалар сөмкелер толы ақшамен бірге табанын жалтыратып үлгереді. [caption id="attachment_191831" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұған тосқауыл қою үшін заңды тұлғаларға есепшотындағы ақшасын шешіп алуға шек-лимит қойылды. Яғни, екі кәсіпорын өзара есептескісі келсе, қыруар қаржыны кеңселеріне портфелмен тасымай, банк шотына аударуы шарт. Осы шектеудің арқасында соңғы 5 жылда алғаш рет банктерде заңды тұлғалар шешіп алған қаржы сомасы 37%-ға кеміпті. Әйтпесе, жыл өткен сайын тек артып бара жатты. Дегенмен заңды тұлғалар, фирма-компаниялар қолма-қол ақшаға айналдыратын сома көлемі бәрібір қомақты: бес жыл бұрын 2,75 триллион теңгені құраса, кейінгі жылдың көрсеткіші – 1,73 триллион теңге. Қылмыстық қаржыны заңдастырудың және ақша ұрлаудың бір жолы – жеткізілмеген тауар «жеткізілді», көрсетілмеген қызмет «көрсетілді» деп рәсімделетін шот-фактуралар арқылы жүзеге асырылады. Жалған шот-фактураларды жазып беру фактілері бойынша қылмыстарды әшкерелеу соңғы жылдары 1,5 есеге ұлғайыпты: 2019 жылғы 269 істен 2020 жылы 417 іске дейін. Мұндай қылмыстық істердің ішінде аяғына дейін жеткізілген істердің үлесі 30%-дан 57%-ға дейін өсті (2019 жылы 396 істің 118-і, 2020 жылы 693 істің 393-і). Қылмыстық жолмен қолма-қол ақшаға айналдырылатын және жалған шот-фактура шығарумен айналысатын 87 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Тұтастай алғанда, капиталды жылыстатудың сан мың тәсілі бар, оның басым көпшілігі – заңды. Мысалы, қазақстандық бизнесмен әлдебір елге инвестиция салу түрін пайдаланады. Немесе отандық компания шетелдегі серіктес-контрагентімен контракт бекітеді: бұл сыртқы экономикалық қызмет аясына жатады, импорт статистикасына кіреді. Қазақстанда тапқан барлық табысын сыртқа таситын экпорттаушыларды да, импорттаушыларды да мұндай «бармақ басты, көз қысты» тірліктері үшін қылмыстық қудалайтын тиісті бап Қылмыстық кодекстен көп жыл бұрын алып тасталды. Оның үстіне сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын субъектілер контрактілерге қатысты берешек сомасы көрсетілетін декларацияны да өз бетінше толтырып, тапсыра салады. Алайда бұл құжаттан борыштың не үшін қалыптасқанын анықтау мүмкін емес. Салдарынан қазақстандық компания алдын ала ақысын төлеген тауар-жүктер сол бойы елге келмейді. Өнім үшін деп аударылған қыруар қаржының сайда саны, құмда ізі қалмай, жым-жылас болады. Мамандардың айтуынша, қазіргі заманда капиталдың үлкен бөлігі сондай-ақ криптовалютаға салу арқылы әкетіледі.Батпандап кетіп, мысқалдап оралады
Негізі, Қазақстаннан қанша миллиард қаржы шетелге әкетілген? Бұл сұраққа дәл жауап тіпті құзырлы органдарда да жоқ деседі. Tax Justice Network халықаралық ұйымының дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстаннан тек офшорлық аймақтарға ғана 160 миллиард доллар жылыстатылды. Отандық сарапшылардың бағалауынша, тәуелсіздік жылдарында республикадан 200 миллиард доллар шығарылған. Халықаралық рейтингтерге сәйкес, Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді. Пандемияға дейінгі кезеңде мемлекет бүкіл соманың тек 90 миллион (миллиард емес) долларын ғана қайтартқыза алғаны айтылды. Неге жылыстатылған қаражатты оралту сонша қиын? Әлде бұл құзырлы органдардың қырсыздығынан ба? Қаржылық мониторинг агенттігінің түсіндіруінше, заңсыз жолмен алынған активтерді шетелден қайтару ісі бірқатар проблемамен астасып жатыр. «Біріншіден, бірқатар шет мемлекеттердің құзыретті органдарының құқықтық көмек көрсету туралы сұрауды орындау мерзімі жарты жылға дейін созылады. Екіншіден, активтер әкетілген мемлекеттер оны қайтаруға әрдайым жәрдемдесе бермейді: ел қаржысын ұрлаған қылмыскерлерді ұстап беру, шоттарға тыйым салу, коррупциялық активтерді тәркілеу және кері қайтару мәселелерін саясиландырады. Қазақстанда ұрланған біраз актив шет елдерде анықталды және бұғатталды, соған қарамастан, Қазақстанға оның мардымсыз көлемі ғана қайтарылды. Үшіншіден, заңсыз қаржы ағындарының көлемін есепке алудың әдістемесі әлі күнге жоқ», – деп түсініктеме берді ведомство. Мұның сыртында халықаралық ынтымақтастықты жолға қою мәселесі де, активтерді қайтару жөніндегі жұмысты ішкі ұйымдастыру ісі де жетілдіруді қажет етеді, тәсілдері ескірген, жұмыс істемейді. Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласын дамытудың жаңа тұжырымдамасында осы және өзге проблемалар ескеріліп, оларды шешудің жолдары көрсетілген. Жуырда Премьер Әлихан Смайылов Үкіметте осы тақырыпқа арналған жеке кеңес өткізді. Жиында капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру және елімізден қаражаттың жылыстауына қарсы тұруға бағытталған шараларды күшейту жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Үкімет басшысының өкімімен комиссия аясында 5 жұмыс тобы құрылды. Олар қаражатты жылыстату схемаларына талдау жүргізеді, сондай-ақ шектеу шараларын енгізу, шығарылған капиталды қайтару шараларын қабылдау үшін қажетті ұсыныстарды әзірлейді. Үкімет тіпті қайтадан мүлік-капитал амнистиясын өткізуі де ықтимал. Сондай-ақ резидент еместерге, шетелдік компанияларға дивидендтер төлеу кезінде салықтық жеңілдіктерді жою (елден алған табысты әкетудің бір жолы осы), резидент емес өзара байланысты тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеу секілді шаралар қарастырылады. «Трансферттік баға белгілеу туралы» заңын жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді. Басқа да іс-шаралар көзделмек. Комиссия жұмысының қорытындысында пысықталып, құпталған ұсыныстар Президентке жолданады.