Сенімсіз статистика синдромы

Сенімсіз статистика синдромы

Күн сайын суицидке қатысты кемі бір ақпарат оқимыз. Әр­түрлі ресурстардағы әріптестеріміз таратқан ақпаратқа сен­сек, елімізде адамдардың өз-өзіне қол салуы жиілеп кеткен көрінеді. Тіпті әлем: «Суи­цидтен Қазақстан көш бастап, ТОП-10-дықтан түспей жүр» деп қол шапалақтап тұрғандай. Бұл бөркімізді аспанға лақтырып қуанатын жағдай емес. Ендеше неге сонша жырлап жүрміз? Әсірелеп айтатын әңгіменің анық-қанығына үңіліп көрдік. Назарымызға іліккен осы мә­селе Еуропалық Одақ пен Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымын да алаңдатып отыр. Бұл туралы елордада өткен «БАҚ-тың суицидті жариялауы» атты панельдік сес­сия­да айтылды. Мамандардың ай­туынша, өз-өзіне қол салуды ке­ңінен жариялау адамдардың ара­сында суицидтік мінез-құлық қа­лыптастырады екен. Сондай-ақ жа­ман ақпараттың кеңінен тара­луы және қаза тапқандардың туыс­тарынан сұхбат алу, суицидтік оқи­ғаның егжей-тегжейлі сипат­талуы жағдайды қарапайым құбы­лыс ретінде қабылдауға итерме­лейді. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төра­йы­­мының міндетін атқарушы Жа­нар Қалмақованың пікірінше, жур­налистер мұндай оқиғаларды жа­риялауда үлкен жауапкершілік танытуы керек. – Суицид статистикасын аса сақтықпен пайдалану қажет. Яғни, сенімді және шынайы ақпарат көз­дерін қолдану шарт, экспромттық комментарийлерге сенуге болмай­ды. Сондай-ақ «суицидтік эпиде­мия» немесе «әлемде суицид дең­гейі жоғары орындамыз» сияқты тіркестерді қолданудан аулақ бо­лайық, – деді Жанар Қалмақова. Сарапшылар журналистер мен бас редакторларға арналған декла­рацияның жобасын ұсынып отыр. Онда кәсіби қауымдастықты БАҚ-та суицид туралы ақпараттарды егжей-тегжейлі айтпауға шақырды. Яғни, материалда өз-өзіне қол жұм­саудың орны, әдісі, себептері сияқты мәліметтерді ашпау керек. Себебі мұндайда суицидке бейім адамдар сипатталған істі әрекетке нұсқау ретінде қабылдайды. Бұл ғылымда «Вертер эффектісі» деп аталады екен.

БАҚ-тың бағдары белгісіз

Шыны керек, БАҚ-та суицид­ке қатысты статистиканы жа­рия­лауда бірізділік жоқ. Мысалы, «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша әлемде 3 орында және Орталық Азия елдері ара­сында көшбасшы» деп хабар та­ратты «Астана ТВ» телеарнасы. Мұны көрген көрермен шошып, «шы­нымен солай екен ғой» деп иланары сөзсіз. Басқа бұқаралық ақпарат құралдары да айды аспанға бірақ шығарды. Бірі тәулігіне елі­мізде 10 адам өз-өзіне қол жұмсай­ды десе, «Хабар» арнасы: «Қазақ­стан әлемде жастар арасындағы суицид бойынша 4- орында, ере­сектер арасында 7- орында» дейді. Статистиканың әртүрлілігі күмән тудырып, әлемдік басылымдар мен дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегін қарағаны­мыз­да, Қазақстанның тек 2008-2010 жылдары ғана ондыққа кіргенін, одан кейін суицид көрсеткішінің төмендегеніне көзіміз жетті. Ал Ресей ақпарат құралдары бұл ста­тистиканы ушықтырып беріп отыр. Жақында ғана Mk.ru сайты: «Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша әлемде 3 орын ала­ды» деп ақпарат таратыпты. Ен­деше біздің БАҚ өкілдері статис­тиканың байыбына бармастан, көршімізден көпе-көрнеу көшіріп отырған жоқ па? – Қазақстандық медиалардың көп жағдайда ақпаратты тексермей таратуы – ұзақ жылдар бойы келе жат­қан дүние. Біздің ақпараттық ке­ңістіктің Ресей медиасына тә­уел­ді екенін де мойындауымыз ке­рек. Өйткені біз көрші Қырғыз Респуб­ликасында, Өзбекстанда болған оқиғаны Ресей медиа­ла­ры­на сілте­ме жасау арқылы тарата­мыз. Күні кеше Демоскоп орта­лы­ғының қа­зақ­стандықтардың Ре­сей пропаган­дасының әсерінде екендігі туралы зерттеуі шықты, – дейді фактчекер-журналист Думан Смақов. Бүгінгі медианың суицид ту­ра­лы ақпарат таратқанда жіберетін қателіктері де жоқ емес. Басты бет­ке қайтыс болған жанның суре­тін беріп, айғайлатып тақырып қояды. Сот шешімі шықпастан қо­рытынды жасап, оқырманның талқысына салып, сенсация жа­сай­тындары да бар. Психолог Ли­мана Қойшиеваның айтуынша, суицид жайлы ақпаратты естіген адам бастапқыда қорқып, таңғал­ғанымен кейін еті үйреніп кетеді. Салдарынан қоғамда суицид жасау саңырауқұлақша қаптайды. – Адамдар ақпаратқа анализ жасамай қабылдайды. Әсіресе, тығырыққа тіреліп, проблемадан шыға алмай жүргендер суицидті қиындықтан шығу жолы ретінде көреді. Бұрын суицид жайлы жа­ңа­лықтар аз еді. Қазір сайт, теле­визияда суицидтің қалай болғанын тәптіштеп баяндайды, – дейді Лимана Қойшиева.

Сан да күмәнсіз емес

ДДСҰ-ның биыл жариялаған статистикасына сәйкес, Қазақстан суицид саны бойынша 20 орында тұр. Ал 10-19 жастағы жасөспі­рім­дер арасындағы өлім-жітімнен 10 орында. Бірақ бұл қара аспанды төн­діретіндей қиын жағдай емес. Өйткені әлемдік рейтингте де мә­ліметтер нақты берілмейді. Суицид туралы деректерді жинау пробле­масы барлық мемлекетте бар. Көп­теген елдер статистиканы сапалы деңгейде жасамайды. Мәселе жа­уап­ты органдардың жұмысында ғана емес, қоғамның мә­дени ерек­шеліктерінде де жатыр. Суи­цид тақырыбы кейбір елде ты­йым са­лынған тақырып сана­ла­ды, онда суицидтің болғаны ай­тыл­майды немесе байқаусызда алынған жа­рақат ретінде тіркелуі мүмкін. Сондықтан кейбір елдің суицид жай­лы ақпараты мүлдем жоқ. Ен­деше халықаралық рей­тингтегі сан­дар мүлдем басқаша болуы мүм­кін. Алайда халықа­ра­лық ұйымдар, ДДСҰ және ғылы­ми-зерттеу инс­ти­туттары әлемдегі суицид пробле­масы туралы са­лыстырмалы сарап­тама жасау үшін қолда бар дерек­терді ғана пай­да­ланады. Сондай-ақ ДДСҰ есебінде 90 мың адамнан аспайтын халқы бар елдер есепке алынбағанын ескеру қажет. Әйт­песе, бірінші кезекте Гренландия болуы мүмкін еді. Себебі статисти­ка 100 мың адамға шаққандағы суицид саны бойынша есептеледі. Сәй­кесінше, 19 миллион халқы бар Қазақстан мен 83 миллион халқы бар Гер­ма­нияның суицид деңгейін салыс­тыруға келмейді. – Әлемдік статистиканы Дү­ниежүзілік банк пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шығара­ды. Олар суицид бойынша рей­тингті нақты санға қатысты жасап отырған жоқ. Мәселен, жасөс­пі­рімдер арасындағы суицид 10-19 жас аралығындағы мың адамға шаққандағы коэффициент негі­зінде белгіленеді, – дейді Қолдан­балы этносаяси зерттеулер инсти­тутының бас менеджері Аяулым Сағынбаева. Қазақстанда суицид туралы статистиканы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және ар­найы есепке алу жөніндегі коми­теті мен Ұлттық статистика бю­росы «Қазақстанның еркектері мен әйелдері» жобасы аясында жинайды. Дегенмен 2010 жылға дейін суицид туралы статистика нақты көрсетілмей, көптеген сынға ұшыраған еді.
P.S. Мемлекет үшін адам өмірінен құнды ешнәрсе жоқ. Ендеше суицид туралы күмәнді деректің көбеюіне қоғам болып қарсы тұру, статистиканы реттеу, ақпарат құралдарында жалған жаңалықтармен күресу кезек күттірмейтін мәселе.