«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында партия жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Оған депутаттар, Үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ-тың рөлі, жауапкершілігі, әлеуметтік күйі, кәсіби әлеуеті және «Жаңа Қазақстан: мәдени-рухани әлем және кітап шығару» тақырыптары қаралды.
Жиынды «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов кіріспе сөзімен ашты. Ол «AMANAT» партиясының қызметінде Miras кеңесінің шоқтығы биік екенін, қоғамдық кеңес 10 жылдан астам ұлттық мәдениетімізге қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, шешімін табуға үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
– Соңғы екі айда қоғамда, партия құрылысында үлкен өзгеріс жүріп жатыр. Жаңа Қазақстан құру жолындағы трансформацияның біздің партиядан басталғанын білесіздер. Біріншіден, халықпен кері байланысты жетілдіру мақсатында ең әуелі партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымы қайта жасақталды. Біз үшін сандық емес, сапалық көрсеткіш маңызды. Сондықтан кейбір қоғамдық кеңестерде салалық мәселелер бойынша көтеретін сұрақтар ұқсас болғандықтан, олар біріктірілді. Мысалы, былтыр құрылған азаматтық қоғам институттарымен тығыз байланыс жасайтын қоғамдық кеңес Miras кеңесімен біріктірілді. Себебі мәдениет пен өнерді өркендетуде қоғамдық институттар мен зиялы қауымның атқарар рөлі ерекше.
Екіншіден, Сайлауалды бағдарламаның республикалық, аймақтық және аумақтық индикаторларының жүзеге асырылуын одан әрі бақылауды күшейтеміз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс кеңес төрағалары, Сіздерге және Мәжіліс пен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарына жүктеледі.
Үшіншіден, «AMANAT» партиясы биыл ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді қолдауда бірнеше іс-шараны қолға алады. Соның бірі – айтыс. Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар айтысынан бөлек биыл «Бабалар аманаты» айтысын да ұйымдастыруды ұсынамыз. Партия әрдайым халықтың сөзін сөйлейтін сөз зергерлерін қолдайды, – деді Асхат Оралов.
Партияның Атқарушы хатшысы бұдан бөлек биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы және Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығы секілді айтулы күнтізбелердің назардан тыс қалмайтынын баса айтты.
– Бұл мерейтойлардың аталып өтілуіне партия жан-жақты қолдау көрсетеді. Жалпы, кеңестің негізгі міндеті – мәдениет және өнер саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге, қоғамда бірлік пен келісімді сақтауға үлес қосу. Сонымен бірге партияның Сайлауалды бағдарламасының «Парасатты және зияткер қоғам», «Біртұтас ұлт», «Қандастар», «Жауапты азаматтық қоғам» бағыттары бойынша іске асырылуын және оған мониторингті қамтамасыз ету. Себебі біз халық алдында уәде бердік. Сол уәделерге берік болуымыз қажет. Алдағы уақытта кеңес мүшелерінің түрлі мәселе бойынша ұсынымдары қабылданып, отырыс қорытындысы бойынша нақты бастамалар Қазақстан Үкіметі мен Парламентіне жолданады. Кеңес жіберілген ұсыныстарды үнемі бақылауда ұстауы тиіс, – деді А.Оралов.
Басқосуға Miras республикалық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жетекшілік етті. Модератор бірінші кезекте Miras-тың жұмысына сәттілік тілей отырып, азаматтық қоғам қалыптастыру мен мәдениет салаларын дамытудағы қордаланған мәселелерді бірігіп талқылау, нақты ұсыныстар айту ортақ мақсат екенін жеткізді.
– Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арттыруға баса назар аударған болатын. Бүгінгі біздің талқылау алаңымыз осы тақырыпқа бағытталады. Әлемдік кеңістікте ақпараттық шабуыл өршіп тұрған бүгінгі күрделі кезеңде еліміздің ақпараттық кеңістігін нығайту – негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі. Бұл тұрғыда Президент Жолдауында ескертілгендей, қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырмалармен жұмыс істеуден, көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың басқа да топтардың саясатына арбалып қалудан сақ болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті және еркін, мықты БАҚ қалыптастыру үшін не істемек керек? – деген ойды ортаға тастады.
Кеңес төрағасы сонымен қатар журналистер қауымының әлеуметтік мәселесін шешпей, олардан жоғарғы кәсіби деңгейді талап ету нәтижелі болмайтынын айта келе, журналистерді баспанамен қамту, жалақысын көтеру секілді тұрмыстық күйіне де мән берген жөн екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ әлеуметтік бұқаралық ақпарат құралдарының көшінен қалып қоймау үшін салалық журналистиканы дамыту да қолға алатын маңызды мәселе екенін қаперге салды.
Өз баяндамасында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев еліміздегі мәдениет және өнер саласы дамуының негізгі мәселелері «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын сөз етті. Министр кітап шығару және отандық қаламгерлерді қолдау саясаты қарқынды жүзеге асырылып жатқанын да айтуды ұмытпады.
– Кітап шығару ісін одан әрі дамыту үшін жас қаламгерлерді қолдау аса маңызды. Осы ретте 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. Қазір тиісті мемлекеттік органдармен Жарлық жобасы әзірленуде. Оған қоса, биыл министрлік «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы», «Жас қаламгер» атты конкурс-жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Министрлік мемлекеттік тапсырысты орындау барысында қоғам сұранысы мен саяси-әлеуметтік тақырыптарға мән береді. Мысалы, биылғы Балалар жылы аясында арнаулы логотиппен балалар әдебиеті бойынша 24 кітап жарық көрсе, ендігі кезекте жас қаламгерлерді қолдау мақсатымен «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясын шығару жоспарда бар, – деді министр.
Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мемлекеттік институттар мен БАҚ арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі реформалайтын, ақпарат құралдарының жұмысына жан бітіретін кез келгенін тілге тиек етті.
– Қоғамды демократияландырудың бірден-бір тетігі – тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары ақпарат құралдары. Сондықтан түрлі ұлттық жоба мен стратегиялық құжаттардың дені ақпарат құралдарында ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Түрлі медиажүйенің кең спектрін және медиа саясатқа байланысты әртүрлі тәсілді ұсыну арқылы ақпарат құралдарының жұмысына жан бітіруіміз керек. Осы бағытта мемлекетшіл ақпарат құралдарының кеңістігін қалыптастыру аса маңызды, – деді Мәжіліс депутаты.
Бұл ретте «Қазақ медиа қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі басқару кеңесінің төрағасы Ербол Азанбек қазақтілді ақпарат құралдары ұшырасатын түйінді мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қазақ тіліндегі сайттардың ірі жарнамалар тапсырысына қолы жетпейді. Қаржы тапшылығының салдарынан білікті маман жалдай алмайды, сәйкесінше білікті мамансыз сапалы контент өндіру тағы қиындық туғызады.
– Мемлекет және әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде бизнес осы мәселеге назар аударса. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, түрлі тақырыптағы гранттық жобалар жасалып, жекелеген журналистер, редакциялар конкурс негізінде гранттарды ұтып алу арқылы контент жасау мүмкіндігіне ие болар еді, – деді Е.Азанбек.
Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров БАҚ саласын құқықтық реттеуді жетілдіру, ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсібилігін нығайту, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі дамыту бағытында қолға алынған істерге тоқталды.
– Осы салада мемлекеттік реттеудің тиімді тетігін құру мақсатында заң жобасын әзірлеу жұмысы басталды. Біз ұсыныстар жинап, сарапшылармен бірлесе отырып заңнаманы жетілдіру тетіктері бойынша концепция әзірлейміз. Ол үшін БАҚ, азаматтық қоғам, ҮЕҰ өкілдерін, қоғам қайраткерлері және басқа да мүдделі ұйымдардың басын қосып, арнайы жұмыс тобы құрылуда, – деді министр.
«Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының мәні де маңызы да айрықша екенін айтты.
– Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ саласының жауапкершілігі, әлеуметтік, кәсіби әлеуеті өте зор болмақ. Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміздің басты арнасы білек сыбана кірісіп, идеологиялық тұрғыда жұмыс істейді. Президенттің бастамаларын біздің арналарымыз алдағы уақытта да халыққа кеңінен насихаттап, жеткізуге қашанда дайын, – деді Берік Уәли.
Сондай-ақ кеңесте mecenat.kz жобасының қазақ қаламгерлерінің шығармаларына арнайы бәйге жариялайтыны айтылды. Олар жеңімпаз шығарманың авторына өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы беруге ниетті. Жобаны әзірлеуші топтың мүшесі, тележурналист Әйгерім Ағылтаева ұлттық әдебиеттің дамуына одан әрі үлес қосу, әдебиетте жаңа есімдерді таныту, үздік романдарды оқырманға ұсынып, роман жазуды ілгерілету мақсатында қолға алынған жобаға Freedom Holding Corp. инвестициялық тобының негізін қалаушы, белгілі қаржыгер Тимур Турлов қаржылай қолдау көрсететінін жеткізді.
Кеңеске қатысушылар арасында өрбіген әңгіме желісі де тартысты болды. Бейнеконференция арқылы онлайн режимде өткен жиында Алматы қаласынан байланысқа шыққан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет көптомдықтарды шығаруды тоқтатамыз деп антологиялық көптомдықтарды тоқтатып алмауды ескертті. Талқылауда сөз алған жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайыл қазақ киносының жетістіктіктері аз емес, алайда кемшіліктерін түзейтін кезеңнің жеткенін, одан бөлек аударма мәселесіндегі бірқатар кемшілікті де атап өтті. Өз кезегінде Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бұрын-соңды болмаған тікелей шет тілінен аударма жасауға қабілетті және қазақ тілінде мемлекеттік тіл ретіндегі дәрежесін көтеруге бейім азаматтардың шоғыры, аударма мектебі қалыптасып отырғанда осындай қуатты құрылымды қажетімізге жаратпай, назардан алып тастасақ, ұлтымыз үшін үлкен олқылық болатынын айтты.
Кеңес отырысында ақын, жазушы Сәуле Досжан кітап саудасы, кітап бизнесіндегі тәжірибелерімен бөліссе, Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай кітапханалар туралы жаңа заң керек екенін қаперге салды. Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы мерейтойлық әдебиет айдарымен қаламгерлердің мерейтойын атап өтудің маңыздылығын сөз етсе, тележурналист Мақсат Толықбай ресми ақпарат таратудағы жеделдік мәселесін көтерді.
Басқосуды Miras қоғамдық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев қорытындылап, жиында айтылған ұсыныстар мен пікірлерді уәкілетті органның назарға алуын ұсынды. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар хаттамалық шешім қабылданды.
Әбілмансұр ЖАСАН