Балабақшаға кеткен бала жамбасы сынып, ауруханадан бір-ақ шықты  
Балабақшаға кеткен бала жамбасы сынып, ауруханадан бір-ақ шықты  
Фото: inform.kz
426
оқылды
Түркістан облысы Отырар ауданында балабақшаға кеткен бала жарақат алып, ауруханадан бір-ақ шықты, – деп жазады inform.kz. Бір жастан асқан баланы ата-анасы таңғы сағат 8-де балабақшаның көлігіне отырғызып жіберген. Баланың анасы Ажар Пернебектің айтуынша, арада үш сағат өткен соң балабақша тәрбиешісі баланың құлап, жарақат алғанын айтады. Бірақ балабақшаға барған Ажар Пернебек ұлының жамбасы сынып, басы мен денесі ауыр жарақаттанғанын көреді. Жедел жәрдем де шақыртпаса да, жамбасы ісіп, ауырып тұрған баланы емшіге апарған.
«Баламның аяғы машинада қайырылып, қысылып қалды дейді. Сол кезде құлап қалғанын айтады. Меніңше, баламның аяғы көлікке қысылып қалып, көлік жүріп кеткен. Құлаған соң көрінбей қалады ғой. Жүргізуші түсті деп ойлаған да, біраз жерге дейін сүйреген. Басының үш жерінде гематома бар. Бет-аузы қан жоса, түгел сырылған. Сол жақ жамбасы ісіп, аяғы салбырап тұр», – дейді Ажар Пернебек.
   width= Таңғы сағат 9-да жарақаттанған сәби облыстық балалар ауруханасына кешкі 6-да жеткізіледі. Тез арада ота жасалып, сынған жамбасына темір салынған. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы орташа ауыр. Енді 4 айдан соң жамбасындағы темірді алу үшін қайта бір операция жасалады. Аудандық білім бөліміндегілер бала көліктен түскеннен кейін байқаусызда құлап қалған дейді.
«Бала «Фольксваген Опель» маркалы көліктен түсіп, тәрбиешісіне қарай жүгірген кезде тасқа сүрініп құлаған. Беті мен бас терісі сырылған, аяғының сан сүйегі сынған. «Болашақ» балабақшасының меңгерушісінен хабарламаны уақытылы бермегені үшін түсініктеме алынды», – дейді Отырар аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева.
Ал полиция ҚК-нің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша жеңіл көліктің жүргізушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.