1,7 млрд адамға ашаршылық пен кедейлік қаупі төніп тұр – БҰҰ Бас хатшысы
1,7 млрд адамға ашаршылық пен кедейлік қаупі төніп тұр – БҰҰ Бас хатшысы
Фото: БҰҰ / М. Гартен
217
оқылды
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш баяндама жасап, Украина-Ресей арасындағы қарулы қақтығыс тек украиндықтар үшін емес, бүкіл әлем үшін гуманитарлық апатқа айналуы мүмкін деп мәлімдеді.
«Украинадағы оқиға 1,7 миллиард адамның жағдайын нашарлатты, олардың үштен бірі кедейлік шегінен төмен болды. Қақтығыс жаһандық азық-түлік, энергетика және қаржы жүйелерінде қолайсыздық тудырды. Бұл өз кезегінде әлемнің бірқатар аймақтарында кедейлік пен азық-түлік тапшылығының өсуіне әкеледі», – деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысы.
Әлемде 36 мемлекет қажетті бидайдың жартысынан көбін Ресей мен Украинадан сатып алады. Олардың қатарына негізінен әлемдегі ең кедей елдер кіреді. Бағалар қақтығысқа дейін өскен, бірақ қазіргі шиеленіс жағдайды одан әрі қиындатуда. Бидай мен жүгері құны жыл басынан бері 30%-ке өскен. Ресей – энергия ресурстарының әлемдегі ірі тасымалдаушысы болып саналады. Екі ел арасында қарулы қақтығыс басталғалы әлемде мұнай бағасы 60%-ке өскен. Ал табиғи газдың құны кейінгі айларда 50%-ке қымбаттады.
«Азық-түлік пен энергия ресурстарының бағасы өскен сайын, балалар арасындағы ашаршылық мәселесі күрделене береді. Инфляция өсіп, сатып алу қабілеті төмендейді, экономикалық өсу перспективалары да азайды, соның әсерінен көптеген дамушы елдер қарызға батуы мүмкін. Әлем мұндай өзгерістерді көтермейді», – деді Антониу Гуттериш.