Аргентина құрамасының бұрынғы футболшысы Диего Марадонаны хал үстінде жатқанда тиісті көмек көрсетпегені үшін дәрігерлер сот алдында жауап бермек. Lenta.ru-дың мәліметінше, прокуратура Марадонаны емдеген қызметкерлерді жауапқа тартуды талап етті. Тәртіп сақшылары 8 дәрігердің салғырттық танытып, үйдегі терапия кезінде марқұмға қажетті көмек көрсетпеді деп бағалап отыр. Егер айыпталушылардың кінәсі дәлелденсе, 8 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Олардың құрамында медбике, психолог, психиатр және нейрохирург бар. Естеріңізге салсақ, Марадона 2020 жылы 25 қарашада 60 жасында қайтыс болды. Диагнозы жүрек жеткіліксіздігінен өкпе ісінуі деп көрсетілген. Полицейлер жеке дәрігердің және қайтыс болған күні үйдегі кезекші медбикенің салғырттығынан күдіктеніп, тергеу амалдарын бастаған еді. Дәрігерлердің айтуынша, Марадона 25 қарашада таңғы сағат 4 пен 6-ға дейінгі аралықта ұйқыда болғанда көз жұмған. Алайда бұл ақпарат дәрігерлердің әрекеті мен куәгерлердің сөзіне қайшы келеді. Өйткені Марадонаға келген дәрігер оның 13:15-те өлді деп жариялап, оны 45 минут бойы реанимациялауға тырысқан.