Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Заң жобасы жөнінде пікір білдірген Сенат Төрағасы балалардың мүддесін қорғау Президентіміз белгілеп берген мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі екенін айтты. Сондықтан бұл салада қолданылып жүрген тәсілдер мен құқықтық тетіктер үнемі жаңартып отыруды қажет етеді және туындаған сын-қатерлер мен проблемаларға қарсы дер кезінде әрекет етудің де маңызы зор.
Соған байланысты заң жобасында балалардың құқығын қорғауға баса мән берілді. Атап айтқанда, бұл құжат жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй алу үшін есепке қою мерзімін қысқартуды көздейді. Сондай-ақ балаларды оңалту орталықтарын құру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейеді және балаларды жәбірлеуден, оның ішінде кибербуллингтен қорғауға қатысты заңнамалық шаралар енгізіледі.
Бұл заң жобасы қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Азаматтық қоғам белсенділері балаларды қорғау туралы нормаларды іске асыруға қатысты түрлі ұсынысы мен пікірін білдірді. Палата Төрағасы сенаторлар келіп түскен өтініштерді ескеріп, заң жобасындағы нормаларды мұқият зерделегенін, соның нәтижесінде бірқатар ережені қайта қарауды ұсынып отырғанын жеткізді.
Осыған орай Мәулен Әшімбаев сенаторлар енгізген бірқатар нақты түзетуге тоқталды. Аталған өзгерістерге сәйкес, балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтініштерді сол үшін арнайы құрылған сараптама тобы қарайды. Сенат Төрағасының айтуынша, бұған дейінгі жобада бұл мәселелерді шешу уәкілетті органның жеке-дара құзыретіне жатқызылған.
«Сенаторлар заң жобасынан уәкілетті органға өз қалауы бойынша интернет ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қолжетімділігін шектеуге не жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін өкілеттіктерді алып тастады. Соған сәйкес, онлайн платформалардың өкілдерімен өзара іс-қимыл кезінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға мән берілді. Мұндай тәртіп балаларға қатысты кибербуллинг фактілеріне жедел назар аудару мен қоғамның ақпаратқа деген сұранысы арасындағы теңгерімді ортаны табуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Біздіңше, мұндай қадам «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына және Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың мазмұнына сай келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысының қорытындысы бойынша заң жобасын аталған және басқа да түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар көктемгі су тасқыны бойынша елдегі жағдай жөнінде орталық мемлекеттік органдар мен өңір басшыларының мәліметтерін тыңдады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптадағы палата отырысында сенатор Сергей Ершов осы мәселені көтеріп, Үкіметтен төтенше жағдайларға, оның ішінде су тасқынына қарсы тұруға арналған заңнамалық және жүйелі шаралар туралы айтып беруді сұраған еді.
Соған байланысты депутаттардың сауалы бойынша бүгінгі жиында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев және Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облысы әкімдерінің орынбасарлары сөз сөйледі. Сенаторлар да сөз алып, инфрақұрылымдық мәселелерге, су ресурстарын басқаруға және тағы басқа жайттарға қатысты өз ұсыныстарын айтты.
Мәулен Әшімбаев Үкімет төтенше жағдай салдарын жоюға ғана назар аудармай, тасқынның алдын алуға да бағытталған нақты қадам жасауға тиіс екенін айтты.
Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Серікбай Трұмов Маңғыстау облысының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Бұл ретте ол Жаңаөзен қаласының халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін теңіз суын тұщыту зауытын салу жұмыстарын тездетудің маңызды екенін айтты.
Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарын жақсарту бойынша жедел шаралар қабылдау керегіне назар аударды. Оның айтуынша, мұндай қадам өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына мультипликативті әсер етеді.
Ал Әлімжан Құртаев су шаруашылығы бойынша бөлек мемлекеттік орган құруды ұсынды. Бұл мемлекеттің су шаруашылығы саясатын жетілдіру және осы саланы басқарудың қалыптасқан құрылымын қайта қарау тұрғысынан маңызды қадам болмақ.