«AMANAT» партиясы шалғайда орналасқан елді мекендерде мобильді қоғамдық қабылдауларды жүргізуді жалғастырады. Осы жолы партияның Ақмола облыстық филиалының мобильді қабылдау бөлмесі Бурабай, Бұланды аудандарында болып, ауыл тұрғындарының арыз-шағымдары мен талап-тілектерін тыңдады. Бурабай ауданына қарасты Веденовка ауылдық округіне жалпы саны бір мыңнан аса тұрғыны бар 4 елді мекен кіреді. Қоғамдық қабылдауға келген жұрт өздерінің жеке бастарының жайларынан бөлек тұтас ауыл үшін қажет өзекті мәселелерді де көтерді. Оның қатарында ауыл мектебін және көлік жүретін көпірді жөндеуден өткізу, балалар мен жастар үшін спорт алаңын салу, одан қалды көшелерді жарықтандыру, жолды қалпына келтіру, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту сияқты жергілікті жердің тұрмысына қатысты сан алуан арыз болды. Мәселен, ауыл тұрғыны Айгүл Қазбекова ауызсу мәселесін көтерді. «Су құбырларының тозығы әбден жеткендіктен, жиі-жиі істен шығып, тұтас ауылдың сусыз қалатын күні аз емес. Сондықтан сумен жабдықтау торабын толықтай күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бүгін «AMANAT» партиясының қабылдауы болатынын естіп, біз көп жыл бойы шешімін таппаған осы мәселені шешіп беруін сұрай келдік. Биыл шешілсе екен дейміз», – деді арызданушы. Ауылдық округ әкімі Мақсат Имамбаевтың айтуынша, су торабын күрделі жөндеуден өткізудің жобалық-сметалық құжаты дайын екен. Енді салалық министрлікке бюджеттік тапсырыс жіберілмек. Ауылда сондай-ақ медицина мамандары тапшы. Ауыл медбикесі Татьяна Прехель дәріхананың жоқтығын да алға тартты. Оған аудандық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары түсініктеме берді. Егер ауыл тұрғындарының арасынан фармацевт болуға тілек білдіретіндер табылса, ондай үміткерді арнайы ұйымдастырылған курстан өткізу мүмкіндігі бар көрінеді. Медицина мамандарының кадр тапшылығын да шешуге болады. Партияның облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетова ауылдықтар өзара шешуге болатын мәселелерде пысықтық танытуы қажетін алға тартты. Сондай-ақ мектеп директорына балаларды кәсіптік бағыттау ісін мықтап қолға алу керек екенін жеткізді. Одан бөлек, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған не болмаса көпбалалы отбасыдан шыққан түлектер үшін аудан әкімдерінің гранттары бар екенін ескертті. Ауылдықтарды тағы бір мазалап жүрген мәселе – орта мектептің әбден тозығының жеткені. Мектеп үйінің салынғанына жарты ғасырдай уақыт өткен, содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Алайда білім ошағында апатты оқиға болмаған соң оны ғимаратын жөндеу ісі кейін шегеріле берген. Бұл проблема партиялық бақылауға алынды. Мобильді топ Бұланды ауданының Вознесенка ауылында да болды. Бұл елді мекеннің де «бас ауруы» жетерлік: ойдым-ойдым жол, апатты жағдайда тұрған көпір, тозығы жеткен сумен жабдықтау торабы – бұл тұрғындарды толғандыратын көп сұрақтың тек бір парасы ғана. «Сумен қамту желісі бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тендердің жариялануын күтіп отырмыз. Ал жолдарды жөндеу және жарықтандыруға келсек, бұл жұмыстарды сумен қамту торабын толық жаңартылған соң ғана қолға алмақшымыз. Жол төсемін қайтадан қопарып жатпас үшін оған сумен жабдықтау мәселесін шешкеннен кейін бір-ақ кірісеміз деп ұйғардық»,– деді Ақмола облыстық Саяси кеңесінің мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Клара Меңдібаева. Қабылдау барысында ауыл көнекөздерінің бірі Виктор Коваленко ауыл жастарының екі қолына бір күрек таба алмай жүргенін айта келіп, одан соң өзінің жеке жайына көшті. «23 жыл жерастындағы шахтада еңбектеніп, зейнетке шықтым. Алайда зейнетақым мардымсыз. Бұрын мал ұстаған едім. Күш кеткен соң жеке шаруашылықтан қол үздім, енді мал бағуға жарамаймын. Зейнетақым дәрі-дәрмектен арылмайды. Оның үстіне, бәрі қымбаттап жатыр. Осы мәселелерді партия шешіп берсе, жақсы болар еді. Жалпы, «AMANAT» партиясының біздің шалғай жатқан ауылға келгеніне қуаныштымын, жұмыстарына жеміс тілеймін»,– дейді Виктор Коваленко. Жас маман Олег Прокопенко ауылда спортпен айналысқысы келетін жастардың көп екенін айтты. Бірақ бір қынжылтатыны – елді мекенде спорт алаңы жоқ. Ол партия осы мәселенің тездетіп шешілуін өз бақылауына алса жақсы болар еді деген тілегін жеткізді. Партияның Ақмола облыстық Саяси кеңесінің мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Клара Меңдібаева бұл жобаға 21 млн 49 мың теңге бөлінетінін айтты. Қазір бұл жұмысты орындау үшін байқау жарияланатын болыпты. Қабылдауға қатысқан аудандық мәслихат депутаттары мен аудан әкімі Талғат Ерсейітов, жергілікті билік өкілдері мен облыстық басқарма мамандары ауылдықтардың сұрақтарына жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетованың айтуынша, жауапты тұлғалар халықтың әрбір өтінішінің орындалу мерзімін белгілейді. Ал оның орындалуы партиялық бақылауға алынады. Кейбір түйткілдің оңтайлы шешілуі мақсатында депутаттық сұраулар жолданатын болды.