Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжатта нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған аумақтарда арнайы құқықтық режимі бар Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру көзделеді.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі аралықта Ұлттық ядролық орталық полигон аумағын толық тексеріп, 2 миллионнан астам өлшеу жүргізілгенін және топырақтың 5 000-ға жуық үлгісіне талдау жасалғанын айтты.
– Биыл тексеру материалдары мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберілетін болады. Содан кейін полигонның шартты таза және нормативтен тыс ластанған жерлерінің шекаралары айқындалады. Олардың болжамды ауданы сәйкесінше 8 900 және 9 400 шаршы шақырым құрайды. Бұған дейін айтылғандай, ластанған жерлерді тиімді басқару мақсатында олардың аумағында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру ұсынылады, – деді министр.
Заң жобасын қабылдау тұтастай алғанда экология, халықтың радиациялық қауіпсіздігі мәселелеріне оң әсер етпек.
Осы ретте палата Төрағасы аталған заң жобасы Семей полигоны аумағын зерттеуге және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты екенін айтты.
– Бұл мәселе алғаш рет заңнамалық деңгейде реттелейін деп отыр. Жергілікті халық осы жерлерді пайдалану жөнінде көптен бері айтып жүр. Мұнда алдымен кешенді экологиялық зерттеу жүргізіледі. Радиоактивті учаскелер анықталып, онда Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады. Сол жерлерді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс атқарылып, қаржы бөлінеді. Мақсат – бұрынғы полигон маңында тұратын халықтың радиациялық қауіпсіздігін күшейту. Ал табиғаты ластанбаған, экологиялық ахуалы жақсы жерлер ел игілігіне пайдалануға беріледі, – деді Ерлан Қошанов.
Палата Төрағасы аталған заң жобасының қаралуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысын құру жөніндегі шешімімен тұспа-тұс келіп отырғанын айтып, бұл заң осы өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Сонымен қатар жалпы отырыста Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттың негізгі мақсаты – «Халықтың көші-қоны туралы» қолданыстағы заңнамасын және өзге де заңнамалық актілерін жетілдіру.
Жиында депутаттар зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Оған авторлық, сабақтас құқықтар, өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар түзету енгізілген.
Жалпы отырыста палата комитеттері «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» және оған ілеспе заң жобаларын, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын жұмысқа алды.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Атап айтқанда, депутат Юрий Ли жуық арада ғана елімізде қаржылық пирамидадан зардап шеккен адамға қатысты мәселе көтерді.
Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы бұл депутаттық сауалдың өзектілігін атап өтті.
– Президент қаржы пирамидаларына қарсы күрес бойынша тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Депутаттар бұл жұмысқа белсенді атсалысуы керек. Заң жобасы бойынша жұмысты жеделдетіп, оны тез арада қабылдау қажет, – деді.