Кеше «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жанынан құрылған «TALQYLAU» жаңа диалог алаңының екінші отырысы болып өтті. Парламент депутаттары, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысқан бұл жолғы талқылау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі жаңа саяси-қоғамдық ахуалды бағалағанда қолданып жүрген «Жаңа Қазақстан» және «Екінші Республика» сөздерінің мәнін ашуға, осы тың ұғымдар аясындағы идеологиялық аспектілерді айқындауға арналды. Жиын сондай-ақ, онлайн форматта тікелей эфирде интерактивті трансляция сипатында өрбіп отырды.
Жаңа диалог алаңының кезекті пікірталас жиынына Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, құқықтанушы Марат Бәшімов, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, Еуразия интеграция институтының директоры Оразғали Селтеевтер қатысты. Одан бөлек, жиынға елге белгілі әр саланың мамандары, сарапшылар қатысты. Мемлекеттік хатшы «Екінші Республика» билік институттары арасында неғұрлым тиімді теңгерім жасайтын мемлекеттік басқару моделінің өзгеруін сипаттайтынын атап өтті.
«Жаңа Қазақстан» – бұл маңызды қоғамдық трансформацияны жүзеге асыратын кең ауқымды идеологема болса, «Екінші Республика» – бұл мемлекеттік модельді өзгерту. Яғни, бірінші жағдайда құндылықтар деңгейінде, ал екінші жағдайда – бұл институционалдық, құқықтық деңгейде жүзеге асатын өзгерістер. 16 наурыздағы Жолдауда Президент нақты жаңа саяси бастамаларды жария еткенін және оларды жүзеге асыру іс жүзінде басталып кеткенін ескерсек, «Екінші республикаға» жақын арада көшедідеп айтуға болады», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік хатшы Президенттің жаңа бастамалары бүкіл саяси жүйені жаңғыртып, қайта бастауды білдіретінін атап өтті. Жаңа заңдар қабылданып, Конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін іс жүзінде осы жылдың өзінде Қазақстанда мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшу жүзеге асырылады. Ол тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін институционалдық тұрғыдан күшейтіп, жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов саяси ұйымның «Екінші Республикадағы» орны мен мәртебесінің қалай болатындығына тоқталды. Ол елімізде саяси жүйені трансформациялау партияны жаңғыртудан басталғанын атап өтті.
«Заңнаманы либерализациялауды, жаңа партияларды тіркеу ресімдерінің жеңілдетілуін ескерсек, еліміздің партиялық-саяси алаңына жаңа ұйымдардың келетінін түсіну қиын емес. Бұл жағдай – біздің партиямыз үшін өзінің ұзақмерзімді, жауапты көшбасшылыққа және бәсекелестікке дайын екенін дәлелдеу мүмкіндігі. Осы алаңдағы кездесу «AMANAT» сындарлы диалог аясында Қазақстанды дамыту бойынша нақты идеялар мен ұсыныстар әзірленетін саяси мәдениетті арттыруға барынша ықпал ететінін көрсетеді», – деп атап өтті Асхат Оралов.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысының сөздерін Мәжілістегі фракция депутаты Айдос Сарым да жалғай түсті. Жаңа терминнің орнығуын және оның аясындағы нақты іс-шаралардың қалай көрініс табуы тиіс екендігі туралы өз ойын жеткізген ол қазір жүріп жатқан мемлекеттік басқару трансформациясы саяси партиялардың артикуляциялық, яки қоғамның үнін билікке жеткізу функциясының араласуымен жүруде екенін айтты.
«Бірінші, екінші республика дегенге келер болсақ, мұнда реттілік пен сабақтастық бар. Бір нәрсе анық – біз енді өткенге қайта оралмаймыз, жаңаша форматта, жаңа сапаға бет бұрамыз. Кейбір қазақстандықтардың өзге елдердің өмір салтын үлгі тұтып, соны көксеп өмір сүріп жатқаны дұрыс емес. Әр елдің өз жағдайы, өз жолы бар. Біз өзіміздің өмір шындығымызға оралып, қоғамдық кеңістікке кірігіп, оны жақсартуды осы жерден бастауымыз керек. Президенттің бастамаларына, «Жаңа Қазақстанды» құруға, «екінші Республиканы» өмірге әкелуге әркім тікелей өз жауапкершілігін сезінуі керек», – дейді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
Сөз кезегі құқықтанушы Марат Бәшімовке тигенде, ол өзі мүшесі болып табылатын Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобы атынан көзқарасын жеткізді. Ата Заңды реформалау барысындағы негізгі бағыттармен таныстырды. Оның айтуынша, Ата Заңымызда барлығы да нақты айтылуы керек. Екіұдай пікірді білдіретін тұстары болмауы тиіс.
«1995 жылы Конституциялық сотты тек Президент пен Парламенттің құзыреті сәйкес келмей қалғандықтан ғана тарақатып жіберген болатын. Ал қазір Мемлекет басшысы Парламентке өкілеттілік беруден қорқып отырған жоқ. Ол бізге өзгертулерді басқа елдердің заңнамасымен салыстыра отырып, жасап шығурауға тапсырма берді. Азаматтардың жеке конституциялық шағымдарымен тікелей Конституциялық сотқа шағымдануына мүмкіндік берілсін дейді. Көптеген елдерде бұл жанама жолдармен жүзеге асырылатындығын аңғардық. Салыстырмалы таблицаларды жасағанымызда әуелі ол 25 еді, қазір 45-ке жетті. Солардың арасынан оңтайлы жүйені таңдап алатын боламыз. Конституцияда Парламентке көбірек билік берілсе де, құқыққорғаушылық функция бірінші орында тұратын болады. Жоғары аудиторлық палата Конституциялық соттың мүшелігіне өтуі міндеттеледі. Төрелік институтының өзі тек заңдарды ғана емес, Үкіметтің Қаулысы мен Президенттің Жарлығына дейін, яки заңдық күші бар актілерді де қарайтын болады. Сонда шешім қабылдайтын тұлғалар ойланып қабылдамақ. Осындай талап қойғалы отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық өзгерістер кешені өміріміздің барлық саласына бетбұрыстар әкелмек», – деді Еуропалық құқық және адам құқы сарапшылық институтының директоры Марат Бәшімов.
«TALQYLAU» диалог алаңының бірінші бөлігінде барлық қонақтар өз ойларын жеткізіп, тақырыпты кеңінен ашқан болса, екінші бөлім сұрақ-жауап форматында өрбіді. Жиынға қатысып отырған 33 сарапшының сұрақ қоюға тілек білдіргендері көп болды. Одан бөлек онлайн қатысушылардан да 500-ден астам сұрақ келіп түскен екен. Қонақтар тікелей залдан қойылған және Facebook әлеуметтік желісі арқылы келген қай-қай сұрақты да жауапсыз қалдырған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, «TALQYLAU» диалог алаңын құру бастамасы «AMANAT» партиясының 1 наурызда өткен кезектен тыс Съезінде партиялық трансформация бағдарламасы тармақтарының бірі ретінде көтерілген болатын. Алдағы уақытта «TALQYLAU» отырыстары түрлі форматта ұйымдастырылып, онда пікірталас, подкасттар жазу, дебаттар қолға алынады. Алаңда сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты түрде кездесіп отырады.