Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» деген өлеңі бар. 2022 жылғы Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауы туралы да солай айтуға болады.
30 жылдық Тәуелсіздік тарихымызды қорытындылай келе, біз бүгінгі күннің қажеттілігі мен болашақтың алдындағы міндетімізге нақты бет бұрдық.
Жолдау негізінен саясат аумағын кешенді қайта қарауды – бір жағынан ұлттық қауіпсіздікті нығайту, екінші жағынан азаматтардың әлеуметтік бастамалар арқылы қоғам өміріне араласуына кеңінен мүмкіндік беруді мақсат тұтып отыр. Ал ұсынылған конституциялық реформа демократиялық қоғамға алға басудың алғышарты деп айтуға болады. Осының барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі әлемдік өркениеттегі тұрақсыздық кезеңінде мемлекет тәуелсіздігін нығайта түсуге қажет негізгі шараларды қолға алып отырғанын көрсетеді.
Жолдаудың тереңіне үңілсек – Қазақстанның тәуелсіз тарихында қабылданған саяси-құқықтық және әкімшілік шаралардың нәтижесін сараптай келе қабылданған шешімдер 30 жылдың нәтижесі екенін көруге болады. Мысалы, демографиялық жағдайдың өзгеруі (халық саны артып келеді; қала мен ауыл халқы арасындағы арасалмақ өзгерді; мемлекет құраушы ұлттың саны басым болып келеді, тағы басқасы), қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынас өзгерді (кейбір ұстаным туралы пікір өзгерді; арадағы сенім төмендеді, тағы басқасы), қоғамда әлеуметтік алшақтық тереңдеді (байлар мен кедейлер саны).
Демографиялық жетістігіміз негізінде республикада тағы 3 өңір облыс мәртебесін алды. 90-жылдары жаппай көшу кезеңінде адам санының азаюына байланысты өңірлерді қосу арқылы экономикалық ірілету қажеттігі болды. Міне бүгінгі жеткен жетістік – енді Абай, Жетісу, Ұлытау деген тарихи атауларды иемденіп, 3 жаңарған өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың бастауында тұр. Бұл – тарихи шешім, халықтың үніне Президенттің үн қосуы деп айтуға болады.
Сонымен қатар тарихи атаулар мен ұлы тұлғалардың атын жаңғыртудың да мәні зор, ұлттық дүниетанымға, ұлттық санаға терең рухани талпыныс береді, халықтың ой-санасында ізгілік, адалдық, адамгершілік әдеттерін тәрбиелейді.
Бұл шешімдер – халықтың әлеуметтік жағдайын, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға апаратын даңғыл жол. Осы бағытта Үкімет тарапынан Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданып отыр.
Себебі «Жаңа Қазақстанның күн тәртібі – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс тапшылығын жою, жұмыс орындарын құру және инфляцияны тежеу» деген Мемлекет басшысының сөзі бүгінгі күні алдымызда тұрған негізгі міндет.
Аталған бағдарламаға халықтың еңбек қызметінен түсетін табысына тікелей әсер ететін шаралар енгізілген.
Біріншіден – бұл бюджет саласы және квазимемлекеттік сектордың 1 млн-нан аса қызметкерінің, сондай-ақ мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеру.
Екіншіден, экономиканың барлық саласында жаңадан ашылатын 2 млн жұмыс орнының табысын арттыру.
Оның ішінде бұрын сырттан әкелінген, өндірісте сұранысқа ие тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа кәсіпорындар құру. Фармацевтика, биотехнология, IT технология және мұнай-химия саласында шикізаты жоғары – 5-ші және 6-шы деңгейде өңдеуге негізделген өңдеуші өнеркәсіпті дамыту арқылы іске асыралады.
Үшіншіден, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру арқылы кәсіпкерліктен түсетін табысты арттыру.
Төртіншіден, «Бақытты отбасы» сияқты жобалар арқылы көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға жыл сайын 20 мың жұмыс орнын құру.
«Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны» жобалары және (400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде) гранттар беру арқылы 160 мың жасты жұмысқа тарту қарастырылған. Өңірлерде «Өмір жолдамасы» жобасы арқылы өндірістік қабілеті бар кадрларды даярлау жұмысы жүргізіледі.
Қоғамның тұрақты әлеуметтік жағдайы – рухани өсудің негізі. Тарихтан белгілі, қоғамның санасы көңіл күйі жайланған кезеңде оянады, өсуге талпынады, тарихына үңілуге қызығушылық артады. Сондықтан біз бүгін тарихымыздың жаңа онжылдығына қадам басқан сәтінде, қоғамдық сананың жаңару кезеңінде өмір сүріп жатырмыз.
Қапшағайға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру де тарихи сәт. Қазақта «Уақыт – ұлы төреші» деген сөз бар. Сол УАҚЫТ өткен сайын ұлы есімдер «сараланып, тазаланып, әрленіп, гауһардай жарқырай түседі». Кемеңгерлікті УАҚЫТТЫҢ өзі өлшейді, қалдырған мұраны «електен өткізіп», қоғамға тарту етеді. Сондықтан Президентіміз Қ.Тоқаевтың бұл шешімінің қажеттілігін УАҚЫТ өзі растап отыр. Өте орынды әрі уақытылы қабылданған шешім – қоғамға, ұрпаққа ХХІ ғасырда тектілік генофондымызды сақтау үшін үлгі болар, үлгі алар есімдер, тұлғалар қажет. Абай Құнанбаев та, Дінмұхамед Қонаев та ұрпаққа үлгі тұтар үлгі, моральдық бағдар.
Жолдау алдымызға мәдениеті жоғары, өркениетті ел болу мақсатын қойып отыр. Сондықтан бізге ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ жаңарту қажет.
Жаңа Қазақстан құру үшін біз ұлттық құндылықтарымыздың негізінде жаңа цивилизациялық көзқарас қалыптастыруымыз керек. Қоғамдық көзқарас пен қоғамдық сана қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан екені белгілі. Міне, сондықтан жаңару бастамасы ретінде БАҚ туралы заңға тың өзгерістер енгізу қажеттілігі туып отыр.
Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен келесі міндеттерді шешуге бағытталатын болады:
Біріншіден, қоғамның сұраныстары мен мемлекеттің мүдделерін ескере отырып, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң қайта қаралатын болады. Бұл процесс кең қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде жүзеге асырылады, журналистік қоғамдастықтың ағымдағы заңнамаға қатысты барлық өзекті мәселесі ескерілетін болады.
Екіншіден, азаматтық бақылауды жүзеге асыратын «төртінші билік» ретінде әрекет ететін бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық бәсекелестік орта дамитын болады.
Үшіншіден, мемлекеттік ақпараттық жұмыс бойынша жаңа тәсілдер әзірленетін болады.
Оның ішінде медиа аумағындағы заманауи даму үрдістерін ескере отырып мемлекет тарапынан қойылатын талаптармен қатар қоғам сұраныстары, екіжақты жауапкершілік мәселесі толығымен ескерілу қажеттілігі бар. Бұл жерде де Мемлекет басшысы «бас кессе де, тіл кесу жоқ» деген ұлттық қағиданы басты назарға алып, сөз бостандығына кепілдік, заң шеңберінде ақпарат алуға және таратуға мүмкіндік, БАҚ өкілдерінің құқын қорғау мәселелерін қарауды міндеттеп отыр. Сонымен қатар ашық ақпараттық кеңістік құра отырып, біз БАҚ өкілдерінің жауапкершілігін де арттыруымыз қажет. Себебі «бірауыз сөз жараны да жазады, бірауыз сөз араны да ашады».