Бұл күнде көлігін жаңалағысы келетін жұрттың көбі алғашқы жарнасыз жеңілдетілген автонесиеден дәмелі. Апта басында несиелендірудің шарттарын таныстырған министрліктің хабарламасы көлікке құмар көпшілікті қайта ынтықтырды. Енді бірінің меселін қайтарып, көңілін су сепкендей басты. Неге десеңіз, автосалондарда көлік тапшы. Оған қоса, қарастырылған қаржының да мөлшері шектеулі. Сонымен, екі аптадан соң өтінім беру басталатын жеңілдетілген несиелендірудің шарттары нақтыланды. Аталған тетік арқылы берілетін несиенің сыйақы мөлшерлемесі бұған дейін уәде етілгендей, 4 пайыздан аспайды. Бір борышкерге 10 миллион теңгеден артық қаржы берілмейді. Қаржыландыру мерзімі 7 жылды құрайды. Оған қоса, көліктің құны 15 миллион теңгеден аспауы керек деген де талап бар. Демек, бағасы 10 миллион теңгеден асатын көлік үшін борышкерлер қалған қаржыны өз қалтасынан шығаруы керек. Айтпақшы, жағдайы жетіп, қарызын өтеуге шамасы келетін борышкерлер екі жылдан кейін тағы да автонесиеге өтінім бере алады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жеңілдетілген несие беру бағдарламасын қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 100 миллиард теңгені құрайтынын хабарлады. Мұның 30 миллиард теңгесі өңірлердегі автобус паркін жаңартуға бағытталады. Ведомство басшысы автосалондардың паркінде жаңа көліктердің жетіспеушілігі барын мойындағандай болды. Сәйкесінше, оны шешудің тетіктері де қарастырылып жатқанға ұқсайды. «Мұнда әр модельге жеке қарау керек. Мәселені түсініп алайық. Егер қажет болса, машинаның құны неден құралатынын анықтау үшін мен өндірушілерден өздерінің барлық қаржылық моделін құруды сұрайын», – деді Қ. Өскенбаев. Сонымен қатар министр бүгінде шетелде шығарылған жаңа көліктерді сатып алу үшін айлап кезекке тұруға тура келетінін айтып, қазақстандықтардың отандық автомашиналарды көптеп алуы үшін шаралар қабылданатынын тілге тиек етті. Демек, жаңа көлік деп жұртты иландырған бағдарлама сайып келгенде отандық автоөндірушілердің көрігін қыздыратын секілді. Неге десеңіз, қазір елдегі автосалондардан танымал автомаркаларды табу шөп арасынан ине іздегенмен бірдей. Біз хабарласқан автосалондардың көбі қалаған көлігімізді жеткізіп беруге дайын екенін жеткізді. Бірақ армандаған «ақ боз атыңызды» тақымға басу үшін бірер ай күте тұруға тура келеді. Шынында, жыл басынан бері автосалондарда көліктердің тапшылығы сезіле бастады. Өз кезегінде бұл фактор елдегі автокөлік нарығындағы ахуалға да өз «салқынын» тигізді. Автобизнес қауымдастығының мәліметінше, 2021 жылдың алғашқы 3 айында елде 24 мың 196 дана жаңа автокөлік сатылған. Ал биылғы қаңтар-наурыз айларында 10 753 қазақстандық су жаңа темір тұлпар тізгіндеген екен. Сонда да болса жекелеген сарапшылар қазіргідей жағдайда 3 ай ішінде 10 мыңнан астам көлік сатылды деген ақпаратқа сенбейді. Рас, біздегі автосалондар толығымен жұтап қалған жоқ. Олардан қазір де жаңа көліктердің кейбір маркасын табуға болады. Бірақ автосалон мен нарықтағы бағаның арасы жермен көктей. Елорда тұрғыны Жәнібек Әлішер көпшілікке жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шартына сай автокөлік табу қиындық туғызатынын айтады. – Мәселен, қазір автосалондардағы техникалық парктің басым бөлігін құрайтын Ravon3 маркалы көліктің бағасы 8 миллионға жуықтайды. Ал сұранысқа ие Kia-ның бағасы 12-13 миллион теңгені төңіректейді. Демек, салондардан жеңілдетілген автокөлік несие бағдарламасы аясында берілетін 10 миллион теңгеге дәл қазір қалауыңыздағы көлікті табуыңыз екіталай. Әрине, мұнда көліктің шекті құны 15 миллион теңге деп көрсетілген. Яғни, ұнаған көлікті алу үшін несиеден бөлек 2-3 миллион теңгені алғашқы жарна ретінде төлеуге тура келеді. Дәл қазіргі сәтте екінің бірінде мұндай мүмкіндік жоқ қой, – дейді ол. Қысқасы, барша қазақстандықтың жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына иек артып, көлігін жаңалаудан үміттенуі бекершілік. Бұл істе көптің қалауындағы утильалымды төмендету, алғашқы тіркеуден бас тарту мәселелерін біржақты ету қажет-ақ. Қазақстанның тәуелсіз авто бизнесі одағының басқарма төрағасы Берік Заиров та «көзге көрінбей» көлік құнына әсер ететін кедергілерді жоймай, қазақстандықтар жаңа көлікке қол жеткізуі қиындау деген пікірде. – Бізде жаңа автокөліктің тапшылығы сезіліп және олардың бағасы ырыққа көнбей тұрған шақта жеңілдетілген несие жыртыққа жамау бола алмайды деп ойлаймын. Оның орнына утильалымды 100 мың теңгеге дейін түсіріп, алғашқы тіркеуден бас тартатын болсақ, қазақстандықтар сапалы, қолжетімді автокөлікті ешқандай несиесіз ала алады, – дейді Б.Заиров. Сарапшының пікірінше, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қарапайым халықтан бұрын отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктердің оң жамбасына келгелі тұр. Пайыздық үстемені азайту үшін көліктің өзіндік құнын көтеру қалталы азаматтардың өзін автонесиеге «байлап» қоймақ. – Шындап келгенде, 4 пайыздық автонесие арқылы отандық автоөндірушілер пайдаға кенеледі. Шетелдік автокөліктердің тапшылығынан қарапайым халық отандық автокөліктерді көптеп сатып ала бастайды. Ал бағдарлама аясында 100 миллиард теңгені өзінің тұтынушыларына «таратып» беріп, үстемеақыдан қосымша табыс табады, – дейді Тәуелсіз автобизнес одағының басқарма төрағасы. Бұл орайда қазақстандық автоөндірушілер кез келген сұранысты өтеуге дайын. Өткен жылы отандық автокөлік сұранысының 50 пайызын қанағаттандырған «Сарыарқа Авто Пром» ЖШС биыл да өндіріс қуатын еселеуге дайын. Серіктестіктің баспасөз хатшысы Саят Жүсіпов былтыр 60 мың көлік саудалаған кәсіпорын биыл 70 мың көлік шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Әйтсе де, біріміз шетелдік, енді біріміз отандық көлік деп таласқа түсіп жүргенімізде автонесиеге қол жеткізу көпшілікке арман болып қалуы да мүмкін. Өйткені министрдің өзі әзірге 4 пайыздық автонесие бағдарламасына 70 миллиард теңге қарастырылғанын айтты. Ал борышкер осы жоба аясында жалпы сомасы 10 миллион теңге болатын автонесие ала алады. Демек, бұл бағдарлама ә-дегеннен тек 7 мың қазақстандыққа жаңа көлік алып берумен шектелгелі тұр. Кейбір борышкерлер 4-5 миллион теңге тұратын автокөлікке қанағат тұтатынын есепке алсақ, 4 пайыздық автонесиемен көп болса, 10 мың адамның арманы ақиқатқа айналмақ. Оның үстіне, жалпы сомасы 10 миллион теңге болатын автонесиені алған әр борышкер 7 жыл бойы ай сайын 136 мың 688 төлеуге мәжбүр болады. Елдегі орташа жалақы көлемінде табыс табатындар болмаса, мұндай берешекті өтеу «шықпа жаным, шықпалап» күнелткен көп қазақтың қалтасына салмақ салады. Демек, жеңілдетілген автонесие арқылы қазақстандықтар түгелдей жаңа көлік тізгіндейді деуге келмейді. Бастысы, осы аз-маз мүмкіндіктің өзі «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетпесе болғаны...
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бұл бағдарламаға бұған дейін кезекке тұрған 15 мыңға жуық адамның құжаты қаралатынын хабарлады. Олар бұл кезекке бұған дейінгі жеңілдетілген автонесие беру кезінде тұрған еді. Жоғарыда көрсетілген мүмкіндіктерден бұл бағдарламаның шарапатын қарапайым қазақстандықтардың сезіне қоюы екіталай.