Лицензиясынан айырылған 9 банктің клиенттеріне қаражат шілдеге дейін беріледі
Лицензиясынан айырылған 9 банктің клиенттеріне қаражат шілдеге дейін беріледі
Фото: yandex.kz
162
оқылды
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының хабарлауынша, 9 банк таратылып жатыр. Олардың салымшыларына кепілдік берілген өтем сомасының 98%-дан астамы төленген. Бұл шамамен 113,1 млрд теңге. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мамандары кепілдік берілген өтемді төлеу және талап етілмеген өтем сомаларын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару тәртібін түсіндірді.
Таратылатын сегіз банктің салымшылары өздеріне тиесілі өтем ақшаларды соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін ала алады. Бұл «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшылары. «Capital Bank Kazakhstan» АҚ лицензиясынан кейінірек айырылғандықтан, оның салымшыларының кепілдік берілген өтемді соңғы күнін қоса алғанда биылғы жылдың 3 шілдесіне дейін алуға мүмкіндіктері бар.
Өтем алуға өтінішті дәстүрлі тәсілмен де Төлемдердің электрондық порталы (ТЭП) арқылы онлайн түрінде де беруге болады. Онда төленуге қолжетімді соманы тексеруге және өтініштің орындалу барысын қадағалауға болады. Сонымен қатар салымшылар лицензиясынан айырылған банктің салымшыларына өтем төлеуге тағайындалған агент банктер арқылы да өтініш бере алады. Кепілдік берілген өтемді төлейтін агент банктердің бөлімшелері туралы ақпаратпен олардың сайттары арқылы танысып шығуға болады. Төлем мерзімі аяқталған соң, талап етілмеген өтем сомалары салымшылардың БЖЗҚ-да ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылады. Бұл шараны қор «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңына сәйкес күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырады. Осылайша таратылатын сегіз банктің клиенттері өтем ақшаларының БЖЗҚ-ға аударылуын биыл 31 мамырға дейін, ал Capital Bank Kazakhstan АҚ салымшылары 2 тамызға дейін күте алады. Ескерер жайт, төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған салымшы жазбаша өтінішпен қорға тікелей өтініш жазуына болады. Өтінішпен бірге дәлелді себептерді растайтын құжаттар да қоса өткізеді.