Елімізде қос азаматтыққа жол берілмейді, яғни шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республикасының азаматы бола алмайды. Егер Қазақстанның азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алатын болса, онда сол кезден бастап еліміздің азаматтығы сақталмайды. – Атырау облысының ПД Көші-қон қызметі басқармасы биылғы жылдың басынан бері Қазақстан Республикасы азаматтығының жеке басын куәландыратын құжаты бар және басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдаған 5 азаматты анықтады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев. Аталған азаматтардың барлығы да Қазақстан Республикасының азаматтығымен қоса Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдағандар. Осыған байланысты оларға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлімімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, процесуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынды. Айта кету керек, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлімінде көзделген құқықбұзушылықтарға әкімшілік айыппұлдан өзге Қазақстан Республикасының шегінен тыс әкімшілік жолмен шығарып жіберу шарасы көзделген. Ал өткен жылы 33 тұлғаның тарапынан қос азаматтық фактілері анықталып, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 496-бабы 2-бөлімімен әкімшілік хаттамалар толтырылған болатын. Сот шешімдеріне сай 9 азаматқа еліміздің аумағынан әкімшілік жолмен тысқары шығарып жіберу шарасы алынса, 24 азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынды. Өз кезегінде полицейлер Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сәйкес басқа елдің азаматтығын қабылдаған азаматтар 30 күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуды тіркеу туралы тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелеріне жүгіну қажеттілігін және Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарын тапсыру міндеттілігін ескертеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғастырылатын болады және орындалуы бақылауға алынған.