Қазақстанда алқабилер соты саласына реформа жүргізіледі. Бұл жүйе қылмыскерлерге халық өкілдерінің үкім шығаруына, осы арқылы қарапайым бұқара әрбір азаматтың елде әділдікті орнатуға қатысуына мүмкіндік береді. Дегенмен бұған дейін алқабилер соты негізінен өлім жазасына қатысты баптар бойынша істерді қарауға тартылатын. Ал Қазақстан өлім жазасынан бас тартқалы халық билері қарайтын істер санаты күрт кеміді. Енді алдағы өзгерістер нәтижесінде аталған санаттар саны үш есе өсуі мүмкін.
Кәсіби судья әрдайым әділ бола алмайды
Судьялардың әрдайым әділ бола алмайтынын Жоғарғы Сот жасырмайды. Мысалы, қоғам ұсталған ірі коррупционерді қатал жазалауды талап етуі мүмкін. Алайда білікті жемқорлар ізін жасырудың әртүрлі жолын, жазадан жалтарудың түрлі тәсілін қолдана біледі. Соның кесірінен құзырлы органдар оның қылмысын толыққанды мойнына қоя алмай жатады, дәйектемелері жанама, босаң болып шығады. Әділдік үшін жемқордың қатаң жазаланып, ұзақ жылға абақтыға жабылғаны абзал. Заңдылық үшін судья оған бара алмайды. «Практикалық қызметінде заңның адамы «заң қатал, бірақ бұл – заң» деген принципті басшылыққа алуы тиіс. Дегенмен заңдылық пен әділеттілік көбіне сәйкес келмейді және олардың арасында қайшылықтар туындағанда, судья абстрактілі әділеттілік үшін заңдылықты аяқасты ете алмайды. Мұндай қайшылықтар сот үкіміне наразылық тудырады. Осылайша, қоғамның соттарға деген сенімсіздігі тек көпе-көрінеу заңсыз сот шешімдерімен ғана емес, сондай-ақ судьялардың заң аясымен шектелуімен де байланысты. Заң аясы әділ шешім қабылдауға мүмкіндік бере бермейді», – деп түсіндірді Жоғарғы Сот. Салдарынан сотқа деген ел сенімі ары қарай құлдырай бермек. Оны қалай көтеруге болады? Әділ төрелікті жүзеге асыруға халықты кең тарту. Бірақ алқабилер қарайтын істер саны азайып жатқанда бұған қол жеткізу қиын. Саланы жаңғырту да осы түйткілдің түйінін тарқату үшін жасалғалы тұр. Осы мақсатта Жоғарғы Сот «Қылмыстық-процестік кодекске алқабилердің қатысуымен сот қарайтын істердің санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат, аты айтып тұрғандай, алқабилердің (присяжные) қатысуымен қаралуы мүмкін істер санаттарын ұлғайтады. Ведомствоның байламынша, жаңа заң біріншіден, сот жүйесін демократияландыруға ықпал етеді. Екіншіден, соттарға деген сенім деңгейін арттыруға септеседі. Үшіншіден, халықтың сот төрелігін жүзеге асыру рәсіміне қатысуын арттырады. Төртіншіден, қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын өсіруге түрткі болады. Қарапайым адам сот шешімін шығаруға атсалысса, мәртебесі өсуі, өзін ел үшін маңызды сезінуі, заңды жан-жақты білуге, оны қатаң ұстануға ден қоюы мүмкін. Бесіншіден, құжат сот төрелігін жүзеге асыру нәтижелеріне, яғни сот үкімінің сапасына жұртшылықтың қанағаттануына жол ашпақ. Өйткені үкім шығаруға халық өкілдерінің қатысқанын білсе, өзге қазақстандықтар ол үкімнің дұрыстығына көбірек сенетін болады. Судья заң аясымен қатаң шектелсе, алқабилер, керісінше әділдікті бірінші орынға қоюы мүмкін. Онда кәсіби судья билік етуге тартылған қарапайым адамдар тобының ортақ шешіміне бағынуы шарт.Алқабилер қайырымды деген байлам расталмады
Алқабилер соты биыл өзіндік мерейтойлық белесіне көтерілді. Осыдан тура 15 жыл бұрын Қазақстанда дәл осы институт құрылды. Содан бері ол даму үстінде. Ғалымдар бұл институттың дамуының бірнеше кезеңін атап көрсетеді. Бірінші кезеңде, яғни 2007 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта алқабилер тек кінәліге өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылу қаупі төнген істерді қарауға ғана қатыса алды. Өлім немесе өмір бойға сотталу жазалары 1997 жылғы Қылмыстық кодексте 36 қылмыстық құрамда, 2014 жылы қабылданған Қылмыстық кодексте 51 құрамда қарастырылды. Екінші кезеңде алқабилер қарайтын істер тізімі кеңейтілді. Нақтылай кетсек, 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау аясында қабылданған «Кейбір заңнамалық актілерге сот төрелігін жүзеге асыру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң «алқабилердің қатысуымен қаралуға жататын істердің тізбесіне» тағы 4 құрамды қосты. Сөйтіп, ауырлататын мән-жайлар кезінде жасалған адамды ұрлау (Қылмыстық кодекстің 125-бабы), адам саудасы (128-бап), кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқықбұзушылықтар жасауға тарту (132-бап) және кәмелетке толмаған қыз-бозбалаларды сату (135-бап) секілді жұртшылықтың төбе шашын тік тұрғызатын қылмыстарды да алқабилер қарай бастады. Үшінші кезең қазір жүзеге асырылып жатыр екен. 2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған «Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, алқабилердің қылмыстық процеске қатысуын одан ары кеңейту бағытында шаралар қабылданды. Нақтылай кетсек, заңның тиісті нормалары 2023 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген соң алқабилер «егер сотталушы өтініш білдірсе», онда «аса ауыр қылмыстарға» қатысты барлық істі қарай алады. [caption id="attachment_192365" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Жалпы, Қазақстанда өлім жазасы жаза түрі ретінде қолданылмақ түгіл, мүлдем жойылуына және жекелеген санаттары бойынша қылмыстық заңның ізгілендірілуіне байланысты алқабилер қарайтын құрамдардың саны күрт азайды. Нәтижесінде, бүгінде алқабилердің қатысуымен тек 14 қылмыстық құрам ғана қаралады. 2023 жылдың 1 қаңтарында, әлгі жаңа заң нормалары күшіне енгенде осы сан 30 құрамға жетеді. Қылмыстық құрамдар санаты біресе өсіп, біресе кемиді, алда қайтадан шамалы артады деп күтілуде. Бұл ретте халық соты осыған дейін қанша істі қарай алды? Статистикалық деректерге жүгінсек, пандемия басталған 2020 жылы алқабилердің қатысуымен 58 адамға қатысты 42 іс қаралыпты. 57 адам сотталды, 1 адам ақталды. 2021 жылы 85 адамға қатысты 59 істі қарады, оның ішінде 78 адам сотталды, 7 адам ақталды. Осыдан тағы бір үрдістің құлағы қылтияды: халық соты әділ сот дегенімізбен, алқабилер күдіктілерге қайырымдылық пен жұмсақтық танытады деген пікірді статистика растамай отыр. Алқабилер қатысқан соттарда адамды ақтау үлесі тым аз.Билер қарайтын істер саны артады
Сонымен, Жоғарғы Сот жаңа заң жобасы арқылы алқабилердің қатысу аясын алда күрт кеңейтуды ұсынады: олар қазіргідей тек «аса ауыр қылмыстар» бойынша ғана емес, «ауыр қылмыстар» бойынша да әділ төрелікке тартылмақ. Мысалы, аудан-облыс тұрғындары мал ұрлаумен айналысатын баукеспе ұрыларға үкімді шығаруға шақырылуы мүмкін. Жоғарғы Сот қоғамдық қызу пікір тудыратын «резонансты істерге» халық өкілдерін қатыстыру өте маңызды дейді. Сонда «жұртшылықта сот талқылауының объективті әрі әділ аяқталатынына көп күмән болмайды». Осы мақсатта 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, ауыр қылмыстардың келесі түрлерін алқабилердің қатысуымен қарау ұсынылады: біріншіден, «жүкті әйелдерді, кәмелетке толмағандарды азаптауды қолдану арқылы қинау» (Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі). Екіншіден, «азаптаулар» (пытки, 146-бабының 2, 3-бөліктері). Үшіншіден, «мал ұрлау» (188-1-бабының 2, 3, 4-бөліктері). Төртіншіден, «қару қолдана отырып жасалған бұзақылық» (293-баптың 3-бөлігі). Бесіншіден, «заңсыз аңшылық» (браконьерлік, 337-бабының 4, 6-бөліктері). Алтыншыдан, «көлік құралын мас күйінде басқарғандардың» (ҚК 346-бабының 2,3,4,5,6-бөліктері) ісін де алқабилер қарай алады. Ұсынылған заңнамалық өзгерістерді Парламент қабылдап, олар өмірге жолдама алса, алқабилер жүктемесі қалай өсуі мүмкін? 2020 жылы осы санамаланған баптар бойынша соттарға жалпы саны 944 қылмыстық іс келіп түсіпті. Соның ішінде 717 іс бойынша кәсіби судьялар үкім шығарды. Бұл елдегі үкімі шығарылған барлық істің жалпы санының 2,7%-ына бара-бар. Нәтижесінде 996 адам сотталды (сол жылы сотталғандардың жалпы санының 3,3%-ы). 2021 жылы аталған баптар бойынша 801 қылмыстық іс түсті: 658 іс бойынша үкім шығарылды (жалпы санының 2,6%). 993 адам сотталды (сотталғандардың жалпы санының 3,5%). Жоғарғы Соттың мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодекске тиісті түзетулер енгізілген соң 2024 жылғы 1 қаңтардан алқабилердің қатысуымен 44 құрам қаралады. Яғни, қазіргі 14-тен үш есеге артады. Назар аударар жайт, халықаралық тәжірибе, әсіресе, посткеңестік кеңістіктегі елдер кері бағытта қозғалып отыр. Көрші Ресейде бұрындары, 2009 жылға дейін алқабилер соты 47 қылмыс құрамы бойынша істерді қарайтын. Қазір ол тізім 25 қылмыс құрамына дейін күрт азайтылды (оның ішінде 1 ауырлығы орташа, 5 ауыр, 19 аса ауыр). Қырғыз Республикасында Бішкек қалалық соты мен облыстық соттар ғана алқабилердің қатысуымен «аса ауыр» санатқа жататын 7 қылмыс істі қарайды, көбісі – сирек қылмыстар. Оның ішінде адам өлтіру, бейбітшілікке қарсы қылмыстар, адамзатқа қарсы қылмыстар, күштеп жоқ қылу (насильственное исчезновение), жаппай қырып-жою қаруын өндіру, сатып алу, беру, жинақтау, қолдану немесе тарату, соғыс қимылдары кезінде халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға қатысты соғыс жүргізудің заңдары мен дәстүрлерін бұзу және геноцид бар. Осыдан-ақ халық билері өте сирек жиналатынын байқауға болады. Аустрияда алқабилер сотының құзыретіне мемлекетке опасыздық жасау секілді саяси қылмыстар, жоғарғы меморгандарға қарсы шығу, қарулы қастандықтар, сондай-ақ өмір бойға не 10 жылдан көпке соттау жазасы көзделген барлық қылмыстар кіреді. Норвегияда алқабилер соты тек апелляциялық сот ретінде жұмыс істейді. Голливуд кинолары арқылы әлемге үлгі болған АҚШ-тың Жоғарғы Сотының 1968 жылғы шешіміне сәйкес, егер айыпталушыға 6 айдан астам абақтыға қамалу қаупі төнсе, онда ол істі алқабилердің қарауына тапсыруды сұрай алады. Қарап тұрсаңыз, әр елдің өз жолы, өз ұғымы бар. Қазақстанның алқабилер сотын дамытуы қандай нәтижелер беретіні, неге әкелетіні әзірге белгісіз. Бұған дейін сарапшылар осы салаға қатысты проблемалар қордаланып жатыр деп дабыл қаққан. Мәселен, алқаби ретінде тартылатын азаматтардың тізімі өзектілендірілмеген, оның ішінде өмірден өткен адамдар, шетелге көшіп кеткендер, елде қалғанымен, Ресейдің азаматтығын алып алғандар кездесетін көрінеді. Өзге елдің азаматы мемлекет құраушы ұлттың өкіліне қатысты әділ, ұлттық мүддеге сай шешім қабылдай ала ма? Олай болса, халық соты қарайтын істер санатын еселеп көбейтпес бұрын жинақталған ескі мәселелерді шешіп алған жөн.