Өлім жазасынан неге бас тарттық?

өлім жазасы

Қазақстан өлім жазасынан бас тартты. Толығымен! Бұған дейін ең жоғары жазаны шетелдік агрессия, геноцид секілді соғыс кезінде жасалған ауыр қылмыстар үшін сақтауға шешім қабылданған-тын. Жалпы, БҰҰ құжаттары мемлекеттерге ерекше жағдайда осы жазаны қолдануға рұқсат етеді. Бұл әр мемлекеттің тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын сақтау үшін қажет. Ендеше Қазақстан не себепті бұл құқығын тәрк етті?

Өлім жазасы басқыншыдан қорғай ма?

Мәжіліс «Қылмыстық ко­декс­ке өлім жазасы мәселесі бойынша өзгерістер мен то­­­­л­ықтыру енгізу туралы» заң жобасын 2021 жыл­ғы 13 қа­занда мақұл­дады. Ал Пре­­зиденттің қол қоюына жолданып жат­қан қа­­зіргі соңғы нұсқасы одан өзге­ше­ленеді. Бірін­шіден, заң жобасының атауы өз­­­­герді. Енді ол «Кейбір заңнамалық актілерге өлім жазасын жою мә­селесі бойынша өзгерістер мен толықтыру ен­гізу туралы» деп аталады.

Екіншіден, заң жобасының Үкімет енгізген бас­тапқы нұсқасы тек Қылмыстық кодекске өзгерістер ен­гізеді: өлім жазасы оның 13 бабынан алып тас­талды. Енді соңғы нұсқасында өлім жазасы елдегі бар­лық заңнан түп-тамырымен жойылып отыр. Яғни, ұлттық заңнамада өлім жазасы деген ұғымның өзі қалмайды.

Үшіншіден және ең бастысы – заң жобасының алғашқы нұсқасы арқылы мемлекет ерекше жағдайда осы аса қатал жазаны қолдану тетігін сақтап қалмақ болды. Солай жасаса, халықаралық мін­деттемелерін бұзбайтын. Өйткені респуб­лика 2005 жылы БҰҰ-ның «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактісін» ратификациялады. Оның 6-бабына сәйкес, мемлекеттер өлім жазасын тек қана айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшін тағайындауға мүмкіндік алды. Қазақстан осы шартты басшылыққа ала отырып, БҰҰ-ның Екінші факультативтік хаттамасын төл ескертпесімен бірге қа­былдады.

Ескертпеге сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін сот кінәлі деп таныған қылмыскерлерге өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдыруға ұйғарды. Мәжіліс соғыс жағдайында мем­лекеттің қыл­мыскерлерге ауыр жаза қолдануы ле­гитимді болуы үшін биыл 13 қазандағы жал­пы отырысында бұл ес­кертпені мақұл­дады. Тиісінше, Қылмыс­тық кодекстің 4 бабында осы жаза сақ­талатын болды.

Жалпы, ол қандай қылмыстар еді? Бас прокурордың орынбасары Әсет Шын­далиевтің айтуынша, бұлар – бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы бағыт­талған аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар тікелей соғыс әрекет­те­рімен, майдандағы ұрыспен байланысты болуы және соғыс кезінде жасалуы тиіс.

– Бұған біріншіден, Қазақстанға қар­сы басқыншылық соғысты, агрессияны тұтандыру және оны жүргізу, екіншіден, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, үшіншіден, әскери тұтқындар мен аза­маттық тұрғындарды өлтіру арқылы со­ғыс заңдары мен дәстүрін бұзу, төр­тін­шіден, соғыс уақытында жасалған гено­цид жатады. Бұл баптар соғыс уақытында саны көп адам өлтіргені үшін жауапқа тартуды көздейді, – деді ол. Осы санаттар БҰҰ-ның Экономикалық және әлеу­меттік кеңесінің қарарына сәйкес өлім жазасы көзделген әрекеттер тізімі, сондай-ақ Халықаралық қылмыстық сот жарғы­сы – «Рим статуты» негізінде анықталыпты.

30 жылда 536 үкім орындалған

Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда 2021 жылғы 8 желтоқсанда қарады. І және ІІ оқылым арасында жағдай өзгеріп кетті. 16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің алтыншы отырысында Президент Қ.Тоқаев аталған заң жобасы құқық қор­ғаушыларымыз арасында қызу пікірталас туғызғанына назар аудартты. «Адам құқы­ғына ар­налған хартия» қоғамдық қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетова «өлім жазасын жою мәселесі түпкілікті шешіл­мегенін» айтқан. Құқық қорғаушылар соғыс жағдайында агрессорлар, геноцид жасаушылар және көп адамды қырған қылмыскерлерге де ең жоғары жаза та­ғайын­дауды «заң жоба­сының олқылығы» деп санайтынын жеткізген.

Сондықтан Мемлекет басшысы «өлім жазасы ешбір жағдайда ешкімге қолда­нылмайтындай етіп, біржола жойылуы тиіс» деп ұсынды.

Екінші оқылымда Мәжіліс осы бай­ламға келісті.

Өлім жазасынан бас тарту – гуманизм жолындағы маңызды бір қадам. Осы қадамды жасау үшін мемлекет ұзақ дайын­далды. Қазақстанда осы жазаны қолдану аясы біртіндеп кеми бас­тады. Салыс­тыру үшін айтсақ, тәуелсіз­діктің бастапқы жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалатын. Кейін ол жаза 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 18 бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы қабылданған, қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 17 бабында өлім жазасы сақталды. Барлық санкцияда балама ретінде өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсы­нылады. Соттар соны белсенді қолданды. Мы­салы, 31 қылмыскер бұған дейінгі рақым­шылық нәтижесінде өлім жазасына кесілуден құтылып кеткен.

өлім жазасы

2016 жылғы 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық Ішкі істер басқар­масына, ҰҚК департаментінің ғимара­тына және салық органына қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірген Руслан Күлекбаев соңғы он жылда өлім жа­засына кесілген бірінші адамға айнал­ды. Үкім орындалған жоқ.

Бірақ тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде өлім жазасы туралы 536 үкім орындалды. Соның ішінде соңғы үкімдер 2003 жылы жүзеге асырылып, 12 адам сот шешімімен өлтірілді. Қазақстанда ең жоғары жаза «атып тастау» арқылы жүзеге асырылады. Әлемдегі өзге елдерде өлтіретін инъекция енгізу, дарға асу, басын шабу секілді тәсілдер қолданылады.

Шегінуге жол жоқ...

Өлім жазасынан толық бас тарту жолындағы алғашқы маңызды шешім – 2003 жылы Елбасының мерзімсіз мора­торий енгізу туралы Жарлыққа қол қоюы болды. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған кезге дейін қолданылады және қазір де күшінде. 2005 жылы респуб­лика Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіні ратификациялады. Одан кейін 2006 жылы Еуроодақтың өлім жазасын жою туралы үндеуіне қосылды. Қазақстан 2007 жылы БҰҰ-ның Өлім жазасына мораторий енгізу туралы резолю­циясын қолдады.

Енді, міне өзге сатыларды аттап өтіп, бірден шыңға шықпақ: өлім жазасынан толық ада елге айналады. Сөйтіп, осы қатыгез жазадан заң жүзінде де, тәжіри­беде де түбегейлі бас тартқан жүзден аса мем­лекеттің қатарына қосылды.

Amnesty International дерегінше, осы ұйым жұмысын бастаған 1977 жылы дүние­­жүзінде тек 16 ел өлім жазасынан то­­лық­қанды бас тартыпты. Бүгінде бұл қа­­тарға 108 мемлекет кіріп отыр. Ал бұл – әлемдегі елдердің жартысынан астамы. Қалған мемлекеттердің үштен екісінен астамы – заңында болғанымен, өлім жазасын тә­жірибеде қолдануды тоқтатты. Осылайша, өлім жазасы үкімі жүзеге асырылмайтын елдердің жалпы саны 150-ден асты.

«2020 жыл қорытындысында жаһан­дағы 54 елде 1 477 өлім жазасы тіркелді. Бұл 2019 жылғыдан 36%-ға аз: бір жыл бұрын 2 307 өлім жазасы туралы үкім шығарылды. Жалпы алғанда, 28 567 адам өлім жазасына кесілді. 2020 жылы өлім жазасының көбі Қытайда, Иранда, Мысырда, Иракта және Сауд Арабия­сында орындалды. Қытай әлемдегі басты жендет болып тұр. Алайда ҚХР-дағы өлім жазасын қолданудың шынайы ауқымы белгісіз: ол туралы деректер мемлекеттік құпияға жатады. Бұл елде осындай мыңдаған жаза жүзеге асырылуы мүмкін деген дерек бар», – деп хабарлады Amnesty International.

Сонымен, күні кеше 2021 жылғы 23 жел­тоқсанда ел Парламенті «Кейбір заң­намалық актілерге өлім жазасын жою мә­селесі бойынша өзгерістер мен толық­тыру енгізу туралы» заңын қабылдап, Пре­зиденттің қарауына жолдады. Бұл – та­рихи оқиға. Мемлекет басшысы қол қой­ғаннан кейін заң келесі жылы күшіне енеді.

Жаңа заңға сәйкес, бұрын өлім жаза­сына кесілген қылмыскерлердің жазасы өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Ал өмір бойы сотталғандардың кейбірінің ширек ға­сырдан соң бостандыққа шығуға мүм­кіндігі бар екені мәлім.

«Өлім жазасына кесілген адамдарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынатын, ал осы заң қабыл­данғаннан кейін олар үшін ең ауыр жаза сол адам сотталған баптың санкциясы шегінде бас бостандығынан айырумен алмастырылатын болады», – дейді Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы В.Волков.

Жалпы, қоғамда «өлім жазасын қол­дануды толық жою аса ауыр қылмыс­тардың өршуіне әкелмей ме?» деген сауал айна­ласында қызу талқылау жүрді. БҰҰ мен халықаралық сарапшылардың зерт­теуі өлім жазасынан түбегейлі бас тартқан кейбір елде аса ауыр қылмыстар санының аса көбеймегенін, бірқатарында керісін­ше азайғанын көрсетіпті.

Қалай болғанда, енді бұл мәселеде Қазақстан кері шегіне, артқа қарай қадам жасай алмайды. Өлім жазасын қайта ен­гізген елдерге қатаң санкция салынатын­дықтан, одан бас тартқан бірде-бір ел ескі тәжірибеге қайта орала алмады.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.