Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының Финляндияда өтетін әлем чемпионатына дайындық жоспары жарияланды.
Айта кетейік, 13-29 мамыр аралығында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында топ-дивизиондағы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан құрамасы А тобында Дания, Канада, Германия, Швейцария, Словакия, Италия және Франциямен шеберлік байқасады. Ал В тобында Финляндия, АҚШ, Чехия, Швеция, Латвия, Норвегия, Ұлыбритания және Аустрия өнер көрсетеді.
Ұлттық құрама елордадағы «Барыс-Аренада» оқу-жаттығу жиындарын 17 сәуірден бастады. Енді 3 мамырда ел құрамасы 29 хоккейшіден тұратын кеңейтілген құрамда Ригаға аттанып, онда әлемдік біріншілігіне дайындығын жалғастырады. Ал 8 және 9 мамырда Латвиямен жолдастық кездесу өткізіп, 10 мамырда Финляндия астанасы Хельсинкиге аттанады.
Дүбірлі додадағы алғашқы матчын Қазақстан құрамасы 14 мамырда Данияға қарсы өткізеді.