Жамбылда BMW автокөлігінен ірі көлемде есірткі табылды
Жамбылда BMW автокөлігінен ірі көлемде есірткі табылды
267
оқылды
8 қапқа бөлініп салынған марихуананы Түркістан облысының 36 жастағы тұрғыны батыс аймаққа алып кетпек болған. Жамбылдық полицейлер күдіктіні республикалық маңызы бар Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының 532 шақырымында – Жамбыл ауданы Айшабибі ауылының маңында ұстады. Алғашында BMW Х5 автокөлігін «тізгіндеген» ер адам көлігін тастай салып, жаяу қашпақ болды. Алайда, бірден қолға түсті. Құзырлы орган мамандары күдіктіні тексеру барысында, оның көлігінің жүк салғышынан жалпы салмағы 200 келі кептірілген марихуана есірткісін тапты. Күдіктінің айтуынша, ол есірткіні өткен жылдың тамыз айында Шу ауданының аумағында дайындаған. Ұсталған азамат кінәсін толық мойындап, Жамбыл аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы бапқа сәйкес оның мүлкін тәркілей отырып, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Осы қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін басқа да тұлғаларды анықтау бойынша бірқатар жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.