Несие алған адам қайтыс болса, оның банк алдындағы қарызы автоматты түрде жойылмайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бірақ берешек балаларына немесе басқа туыстарына да бірден жүктелмейді.
Қазақстанның Азаматтық кодексіне сәйкес, марқұмның қарызы мұра құрамына кіреді. Мұраны қабылдаған адам қарыз бойынша өзіне өткен мүліктің құны шегінде ғана жауап береді.
Мысалы, мұрагерге 5 миллион теңгенің мүлкі, ал марқұмнан 8 миллион теңге несие қалса, мұрагерден қалған 3 миллион теңгені жеке қаражатынан өтеуді талап етуге болмайды.
Ал мұрадан бас тартқан адам марқұмның қарызын да қабылдамайды.
Егер несие сақтандырылған болса және қарыз алушының қайтыс болуы сақтандыру жағдайына жатса, берешекті сақтандыру компаниясы өтеуі мүмкін. Ол үшін сақтандыру шартының талаптарын тексеру қажет.
Сондықтан несиесі бар адам қайтыс болған жағдайда алдымен нотариус арқылы мұра мен міндеттемелерді анықтап, банкке және сақтандыру компаниясына хабарласқан жөн.
