«Полицеймін» деген алаяққа сенген әйел 3 миллион теңге кредит алған
«Полицеймін» деген алаяққа сенген әйел 3 миллион теңге кредит алған
Фото: yur-gazeta.ru
182
оқылды
Ақмола облысында әйел алаяққа 3 миллион теңгеге жуық кредит алып берген. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Зеренді ауданы Чаглинка ауылының 48 жастағы тұрғыны алаяқтың арбауына түскен. Ол өзіне полиция қызметкері ретінде хабарласқан алаяққа Көкшетау қаласындағы екі банктен 800 000 және 2 миллион теңгеге несие рәсімдеп, алып берген.
«11 сәуірде әйелдің ұялы телефонына белгісіз абоненттен қоңырау түскен. Телефон шалған адам өзін Нұр-Сұлтан қаласының «полицейі» ретінде таныстырған. Ол әйелге алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін екенін және бұған жол бермеу үшін полициямен бірге жұмыс істеу қажеттігін айтқан», – деді департамент өкілі.
Жалған полицей әйелге банкке баруға кеңес беріп, кредит рәсімдеткен.
«Осылайша, алаяқтардың арбауына түскен әйел келесі күні «полицияның» арнайы операциясына қатысатынына сеніп, банктен 800 000 теңге несие рәсімдейді. Кейін екінші банкке барып, тағы 2 миллион несие алып, ақшаны қайтару үшін «полицейдің» есепшотына аударады. Сәуірдің 14-і күні ғана ол учаскелік полиция қызметкерімен кездескенінде ғана алаяқтың алдауына түскенін біледі» делінген хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.