Орайы келгенде биыл 70 жылдық белесті бағындырған ақынның шығармашылық ұстанымы, Сыр поэзиясы, бүгінгі әдебиет және кейінгі буын туралы ойларымен бөліскен едік.
«Біздің буын әдебиетті биікке көтерді»
– Шаһизада аға, Шерхан Мұртазаға Оралхан Бөкейдің: «Төменге қараңызшы, мен көрінем бе екен?» деп жазғаны бар екен. Жалпы, жетпіске көз салғанда, не көрінеді? Өмірдің үйреткен ең үлкен сабағы қандай еді?
– Жалпы, жетпіске толғанымды жұртқа жария еткім-ақ келмейді. Бірақ құжаттан ешкім қашып құтыла алмайды екен. Кейде өзім де «әлі жетпіске толмаған сияқтымын» деп ойлаймын. Тибет тауындағы ежелгі монастырьдің мәңгілік сағаты бойынша біздің уақыттың өлшемі қазіргі тәулігімізбен есептегенде 17-18 сағатқа ғана созылады дегенді естігенім бар. Сол уақыт өлшемімен есептесем, өзімді әлі жетпіске толмағандай сезінемін.
Ал «70-ке көз салғанда не көрінеді?» дегенге келсем, ең алдымен өткен өмірің, жүріп өткен жолың, айналаң, араласқан ортаң көрінеді екен. Адам 60, 70, 75 жасқа келгенде өз өміріне есеп бере бастайды ғой. Мен де осы жасқа келгенде артыма қарап, «бір адамдай өмір сүрдім-ау» деп ойлаймын.
Әрине, ақындығым туралы көп айта берудің қажеті жоқ шығар. Бұл жолдағы еңбегім елге азды-көпті таныс деп ойлаймын. Алғашқы өлеңдерімді 13-14 жасымда жаза бастадым. 1973 жылы, 16 жасымда, тұңғыш өлеңім «Жалын» альманахында жарияланды. Ал 1975 жылы «Көктем тынысы» атты Қазақстан ақындарының жинағына өлеңдерім енді. Сол жинақта Тынышбай Рахимов, Исраил Сапарбаев секілді тұлғалардың да жырлары жарық көрген еді.
Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт поэзияның жолында келеміз. Өмірдің талай белесінен өттік, талай адаммен кездестік, талай қуаныш пен қиындықты бастан өткердік. Осы жылдардың бәрі адамға бір нәрсені ұқтырады екен. Яғни өмірдің мәні ұзақ жасауда емес, өзіңе берілген ғұмырды адал өткізе білуде деп түсіндім 70-ке келгенде артыма қарап, «осы өмірде өз орнымды таптым ба, сөзімнің салмағы болды ма?» деп ойланамын. Адам қандай биікке шықса да, адамдық қалпынан ажырамауы керек. Қалғанының бәрі уақыт еншісінде деп білемін.
70 жылдық белесімде өмір жолым жеңіл болды деп те айта алмаймын. Бірақ қандай қиындық кездессе де, оны өз күшіммен еңсеруге тырыстым. Әсіресе 30 жасқа дейінгі кезең мен үшін оңай болған жоқ. Нақты айтқанда, 18 бен 21 жас аралығында талай қиындықты бастан өткердім. Оны, бәлкім, жастық шақтың соқтықпалы-соқпақсыз жолы деп қабылдаған жөн шығар.
Бірақ сол албырт кезеңде білместікпен қисық қадам басып, сүрінген сәттерімде «мына бала әдебиетке керек еді» деп араша түсетін орта болмады. Біздің заманда мұндай мораль қалыптаспаған еді. Кеңес заманында әркім көбіне өз мәселесімен өзі айналысты. Әсіресе әдеби ортада біреудің тағдырына араласып, қолынан жетектеп әкету деген сирек кездесетін.
Әйтпесе, мен 11-сыныпта оқып жүргенімде-ақ Әбділдә Тәжібаев ағамыздан бата алғанмын. Бірінші және екінші курста оқып жүрген кезімде де мен туралы жақсы пікірлер айтылып жүрді. Сол уақытта болмашы бір жағдайға байланысты оқудан шығып кеткенімде, ешкім шырылдап араша түспеді. Орыс әдебиетін көп оқимын ғой. Ұлы адамдардың қамқорлығын көріп, қиын сәтте қолдау тапқан талай тағдыр туралы оқыдық. Өз басым да сондай қиындықтардан өттім.
Дегенмен өмір жолымда қамқорлығын көрсеткен азаматтар да болды. Оның ішінде Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза ағаларымыздың қолдауын сезіндім. Алдыңғы толқын ағалардың бәрі бірдей жанымнан табылды деп айта алмаймын. Бірақ кімнің бірауыз сөзі, кімнің бір қолдауы адамға демеу болғанын ұмытпаймын.
Жалпы, өмірімнің ең мағыналы, ең шуақты кезеңі азамат ретінде қалыптасқан, қоғамдық жұмыстарға араласқан, мемлекеттік қызметте елдің сөзін айтуға мүмкіндік алған жылдарым деп есептеймін. Сол тірліктің арасында уақыт тауып, шығармашылығыммен айналысып жүргеніме де қуанамын. Мен үшін ақындық пен азаматтық жол бір-бірінен бөлек болған жоқ.
Кейде менен: «Сіз өзгелер сияқты жиі кітап шығармайсыз. Сирек жазасыз ба?» деп сұрап жатады. Сондайда «Жазамын, бірақ жазғанымның бәрін жариялауға міндетті емеспін ғой» деймін. Кейбір өлеңдерімді жылдар өте қайта қарап, суытып барып бағалаймын. Кейде өзіме ұнамағанын жарияламаймын. Менің негізгі ұстанымым – өлең санын көбейтіп қана қоймай, оның салмағын сақтау. Бір сөзбен айтқанда, макулатурамен айналысқым келмейді.
Өзімнің бір өлеңімде:
«Жазамын әр жырымды тасқа қашап,
Қараймын бас жағымда тұра ма деп», – деген жолдар бар.
Менің поэзияға деген талабым осы екі жолдың ішінде тұр. Ақынның әрбір өлеңі артында қалатын мол мұрасы деп түсіну керек Тіпті ақын өмірден өткеннен кейін құлпытасына жазылатын эпитафия секілді салмақты болуы керек. Әр жырымды сондай жауапкершілікпен жазуға тырыстым. Сол үдеден өзімше шықтым-ау деп ойлаймын.
Өз заманында біздің буынның мықты болғанын жасырмай айтуға болады. Әлі де осалмыз деп айта алмаймын. Өйткені біз алдыңғы буынмен иық тірестіріп, тетелес өстік. Сол дәуірдегі әдеби ортада Жарасхан Әбдірашев, Темірхан Медетбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Ұлықбек Есдәулетов, Есенғали Раушанов, Ертай Ашықбаев, Байбота Қошым-Ноғай сияқты талантты қаламгерлермен қатар жүрдік. Шығармашылық ізденісіміз де, әдебиетке деген талабымыз да бір-бірімізден кем болған жоқ деп ойлаймын.
Ал біздің соңымыздан ілесе келген Светқали Нұржанның өзі бір төбе. Олардың әрқайсысы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, көркем сөздің биігіне көтерілген азаматтар.
Сондықтан біздің буын туралы сөз болғанда, өзімізді қазақ әдебиетінің белгілі бір белесін қалыптастырған ұрпақ ретінде бағалаймын. Әдебиеттің жүгін көтердік, көркем сөздің қадірін түсірмеуге тырыстық. Осыны біздің буынның ең басты еңбегі деп білемін.
– «Шөп те өлең, шөңге де өлең» демекші, өлеңді тудыратын не құдірет? Шабыт па, оқиға ма?
– Оқиға мен шабытты бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Шабыт дегеніміз – аяқ астынан аспаннан түсетін нәрсе емес. Адамның бойында талант, көкірегінде білім, көңілінде түйсік болса, сырттағы бір құбылыс ішкі дүниеңмен үндескен сәтте өлеңнің өзегі өзінен-өзі табылады.
Кейде өмірдің көзге елене бермейтін кішкентай ғана бір сәті жүрегіңді қозғаса, сол жеткілікті. Бірауыз сөз, бір адамның жүзі, бір көрініс, тіпті жол үстінде көңілге түскен көлеңке де ойыңды тербетіп жіберуі мүмкін. Сондай сәтте санадағы ой мен жүректегі сезім, түйсік пен шабыт бір арнаға тоғысады. Содан кейін ішіңде әлдебір сөз оянады. Бір жол екіншісін жетелейді, бір ой екінші ойды қозғайды. Өлең де сол кезде алдын ала өлшеніп-пішілмей, бұлақтың көзіндей бір арнадан бұзып шығып, түйдек-түйдек болып төгіледі.
Меніңше, шын өлеңнің табиғаты да осында. Ақын оны іздеп жүріп таппайды, кейде өлеңнің өзі ақынды іздеп келетіндей болады. Ең бастысы, сол сәтті жоғалтып алмай, жүрекке келген сөзді бұзбай ұстай білу керек.
– Сізді «поэзия гладиаторы» дейді. Ақынға күрескерлік қасиет не үшін керек?
– Ақын өзі табиғатынан күрескер болып туады деп ойлаймын. Өйткені ақынның әр өлеңінің өзінде күрес бар. Бірақ күрескерлік деген міндетті түрде көшеге ту ұстап шығып, ұрандату емес. Ақынның күресі өзінің сөзімен, ойымен, жүрегіндегі шындығымен қатар жүреді. Оның әрбір сөзінің астарында белгілі бір ой жатады.
Кешегі Махамбеттің жырларына қараңыз. Оның әр жолынан елдің мұңы, ердің намысы, азаттыққа деген арман сезіледі. Ұлы Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп басталатын өлеңдерінен де осыны көреміз. Абай қазақты сынады. Бірақ қазақты жек көргендіктен емес, керісінше, қатты сүйгендіктен сынады.
Сондықтан меніңше, ақын мен қоғамның арасында белгілі бір қашықтық болуы заңды. Кейде ақынның айтқан сөзі көпшілікке ұнай бермеуі мүмкін. Бірақ шындықтың аты – шындық. Ақынның міндеті жұртқа керек сөзді айту деп есептеймін.
Қазір қоғамда «ақын өлеңін жазсын, суретші суретін салсын, әркім өз өнерімен ғана айналыссын» деген түсінік бар. Мен мұны дұрыс түсінік деп есептемеймін. Өйткені өнер адамы да осы қоғамның мүшесі. Егер оның айтар ойы, берер ақылы, азаматтық ұстанымы қоғамға қажет болса, неге ол қоғамдық мәселелерге араласпауы керек?
Кеңес заманында қаламгерлердің тұрмысы жақсы еді. Өйткені ол уақытта ақын-жазушыларға қаламақы төленді. Бір кітаптың өзіне қомақты қаржы алатын кездер болды. Ол ақшаға бір «Жигули» алып, қалғанына бірнеше жыл отбасыңды асырауға болатын. Сондықтан көптеген қаламгер шығармашылықпен ғана айналысуға мүмкіндік алды.
Ал бүгінгі жағдай мүлде басқа. Қазіргі қоғамда ақындық өнер нәпақа табудың кепілі емес. Сондықтан ақын немесе суретші қоғамдық жұмысқа араласса, «өнерімен ғана айналыспай ма?» деу дұрыс емес.
Өйткені ақын халықтан бөлек өмір сүрмейді. Елдің қуанышы мен қайғысы, қоғамның өзгерісі мен адамның тағдыры оның жүрегінен өтеді. Шын ақын сол жүрекке тиген нәрсені сөзге айналдырады. Сол себепті ақындыққа талантпен бірге азаматтық жауапкершілік те тән.
Сырдың сөзі мен ақынның жауапкершілігі
– Ақынның ұстазы кім? Сізді әдеби әлемге алып келген, жетелеген ұстаз бар ма? Кімге еліктедіңіз, кімді қадір тұттыңыз?
– Мықты ақынның бәрін қадір тұтқан шығармын. Бірақ мені осы әдебиет әлеміне алғаш жетелеген, бойымдағы талантымды ерте байқап, соған бағыт берген ұстаздарымды ерекше атап өтер едім.
8-сыныпқа дейін мектепте әдебиет пен қазақ тілі пәнінен Аманбай Байниязов деген ұстазым сабақ берді. Сол кісінің менің бойымдағы әдебиетке деген ынта-ықыласты ерте байқап, қолдап, бағыт-бағдар бергені көп нәрсеге әсер етті. Бүгінгі күні ойлап қарасам, ақындық жолдың алғашқы баспалдағын сол кісінің тәрбиесімен аттаған екенмін.
Ал 9-ыншы және 10-сыныпта аудан орталығында оқыдым. Сол жерде жергілікті ақын ретінде танылған Қари Шыңғысов деген азаматтың да қолдауын көрдім. Өлеңге деген талпынысымды байқап, ақындық жолға бейімдеп, демеп отырған азаматтардың бірі сол кісі болды.
Сондықтан бұл кісілерді мен жай ғана ұстаздарым емес, әдебиет жолындағы алғашқы бапкерлерім деп есептеймін. Адамның бойындағы таланттың уақытында танылып, дұрыс бағыт алуы өте маңызды. Кейде бірауыз жылы сөздің өзі адамның тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін.
Жалпы, ұлы ақынның бәрін дерлік ұстазым деп қабылдаймын. Олардың өлеңін оқып, сөз саптауын, ойлау жүйесін, дүниеге көзқарасын үйрендім. Әдебиет әлеміндегі жақсы ақынның әрқайсысынан үйренерің бар. Бірі сөзге үйретеді, келесісі ойға жетелейді, енді бірі азамат болуға шақырады. Сондықтан менің ұстаздарымның қатары бір-екі адаммен шектелмейді.
– Сыр бойын жырлау ақынға көркемдікпен бірге азаматтық жауапкершілік те жүктей ме?
– Менің барлық өлеңім Сыр бойына арналған деп айта алмаймын. Бірақ Сыр өңірі туралы жазғанда жауапкершілік жүгін сезінемін. Өйткені туған жеріңнің табиғатын да, тағдырын да, адамдарын да жақсы білесің. Сондықтан туған жер туралы сөз жүрекпен айтылуы керек.
Жалпы, әдебиетте әр сөзіңнің салмағы болуы тиіс. Өйткені әдебиетке келген адам күнделікті өмірдің ғана емес, сөз өнерінің де жауапкершілігін арқалайды.
Мен өз шығармама да, өзгенің өлеңіне де үлкен талаппен қараймын. Осалдықты, нашар өлеңді, поэзияға деген жеңіл көзқарасты кешіре алмаймын. Бұл – менің табиғатым.
Жалпы әдебиетте «поэзияға сатқындық» деген де ұғым бар. Сондықтан мен үшін ақынның ең басты қасиеттерінің бірі – әдебиетке адалдығымен өлшенуі тиіс. Яғни ақын сөзіне де, өнеріне де сатқындық жасамауы керек. Өйткені өлең ақынның өзінен қалатын ізі деп есептеймін.
– Сырдария, Арал, Байқоңыр – шығармашылығыңыздағы үш үлкен кеңістік деп білеміз. Осы үшеуінің қайсысы ақындық дүниетанымыңызды тереңірек қалыптастырды?
– Үшеуі де менің шығармашылығымда өзіндік орны бар кеңістіктер. Дегенмен Байқоңырдың ақындық дүниетанымыма әсері зор болды деп айта алмаймын. Шығармашылық болмысымның қалыптасуына бірінші кезекте туған жерім, одан кейін Арал тағдыры мен Сырдария тақырыбы айрықша ықпал етті.
Менің өзге ақындардан айырмашылығым да осында шығар. Әр ақынның өзіне тән үні, өзіне тән сөз саптауы болады. Бай тілді, көркем орамдарды, поэзияны әдемі тіркестермен, поэтикалық жолдармен сөйлетуді туған жердің рухани болмысынан дарыған қасиет деп қабылдаймын. Сөзден сөз туындатып, өзіме тән тіркестерді қалыптастыруға ұмтылуым да осы ортадан бастау алады.
Поэзия және уақыт
– Ақпарат дәуірінде мүмкіндік көп, бірақ терең ойлайтын уақыт жоқ. Әсіресе бүгінгі журналистикада жаңа буын жылдам, тез әрі қысқа дүниелерге әуес. Сондай кезеңде өлең жазу, өлең оқу мүмкін бе?
– Меніңше, журналистика поэзиядан да бұрын пайда болған сияқты. Өйткені журналистика дегеніміз – елмен, қоғаммен біте қайнасып, халыққа қызмет ету арқылы қалыптасатын сала деп білемін.
Кезінде ҚазМУ-де оқыдым. Ол уақытта бұл Қазақстандағы жалғыз университет еді. Соның ішінде еліміздегі жалғыз Журналистика факультетінде білім алдым. Ол кезде журналистика факультетінің қазақ бөліміне жылына 50 бала, орыс бөліміне 50 бала, сырттай бөлімге де 50 бала қабылданатын. Қазақстанда одан басқа Журналистика факультеті болған жоқ. Тіпті сол кезде Қырғызстанның өзінде де болмаған деп еститінбіз.
Журналистика дегеніміз қоғаммен бірге тыныстайтын өмір ғой. Өйткені қандай да бір түйткілді мәселені зерттеп, зерделеп, оның себебі мен салдарын ашып, көлемді талдау мақала жазсаңыз, сол мақаланың айналасында қоғамдық пікір қалыптасуы мүмкін. Яғни қоғамда «Япырым-ай, біз мына мәселеден шет қалыппыз ғой. Мұны шешпесек, алға жылжи алмайды екенбіз» деген ой туып, белгілі бір қозғалыс пайда болады. Осы тұрғыдан алғанда, баспасөздің қоғамдық ұйымдастырушы ретіндегі қызметі бар екені рас.
Тағы бір алаңдататыны, ақпарат саласында жеңіл-желпі дүниелерге басымдық беріліп бара жатыр. Көп жағдайда ақпараттық жанрдан әрі аса алмай қалдық. Яғни журналист белгілі бір оқиғаның шығу себебі мен салдарын, мәселенің шешілу тетігін терең зерттеп, талдап, таразылап жазуы керек. Бізде осы жағы кемшін.
Қазір әлеуметтік желінің ықпалы да күшейді. Кейде қазақ журналистикасы Facebook пен Instagram-ның деңгейіне түсіп кеткендей әсер қалдырады. Бұл да ойланатын мәселе. Әрине, әлеуметтік желі ақпарат таратуға мүмкіндік береді, бірақ журналистика сонымен шектелмеуі керек. Журналистиканың салмағы негізінен ақпаратты жай жеткізуде емес, оның астарына үңіліп, қоғамға ой салуымен өлшенуі тиіс.
– Бүгінгі қоғамда жас буын мен аға буын арасындағы әдеби сабақтастық әлсіреді ме?
– Иә, өкінішке қарай, қазір әдеби сабақтастық әлсіреп кетті деп ойлаймын. Тіпті «әдеби сабақтастық бар» деп айту қиын. Өзім аға-іні болып араласып, хабарласып, шығармашылығына қолдау көрсетіп жүрген екі-үш інім бар. Бірақ жалпы қазіргі жастармен әдеби тұрғыда тұрақты байланыс бар деп айта алмаймын.
Осы орайда қазіргі жастардың өздері әдеби байланысқа қаншалықты мән береді деген сұрақ туындайды. Яғни өздері не жазып жүргенін, қай бағытта келе жатқанын, әдебиетте бұрын не болғанын, бүгін қай тұста тұрғанын саралап, ізденіп жүр ме? Негізгі мәселе осында деп ойлаймын.
Жалпы әдебиетте буынның буынға сөзі жетіп, тәжірибе алмасып, аға буынның көрген-білгені кейінгі ұрпаққа жеткізіліп отыруы керек. Сондықтан әдеби сабақтастықты сақтау міндеті екі буынға да ортақ жауапкершілік деп ойлаймын.
– Қазіргі қазақ поэзиясының ең үлкен мәселесі неде деп ойлайсыз?
– Қазақ поэзиясындағы ең үлкен мәселе жақсы ақын болу деп ойлаймын. Өйткені жақсы ақын ғана жақсы дүние жаза алады. Ал жақсы дүние көбейген сайын поэзияның да деңгейі көтеріледі. Сондықтан мәселенің бәрін поэзиядан іздей бермей, алдымен ақынның өзінен қарау керек.
Ақын болу өлең жазумен ғана шектелмейді ғой. Ақынның ең алдымен өзіне қоятын талабы болуы керек. Ең бастысы, өзі жазып отырған дүниесіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Яғни поэзиядан ақынның өз дауысы, өз үні сезіліп тұруы тиіс.
Бір сөзбен айтқанда, ақынның талғамы, ізденісі, білімі, сөзге жауапкершілігі қандай болса, оның жазған дүниесі де сондай болады. Сондықтан поэзияның сапасы ақынның өзінен басталады деп есептеймін.
– Сапалы әдебиеттің қадірін қалай сақтап жүрміз?
– Қазір екінің бірі кітап жазады, болмаса жаздырып алатын болды. Өйткені бүгінде әдеби редакция, сапаны сүзгіден өткізетін жүйе әлсіреп кетті. Бірақ орманға обал. Өйткені қағаз жасау үшін қанша ағаш шабылып жатыр. Ал одан кейбіреулердің ұрпағына қалдырған естелік, қолжазбалық дүниелері ғана жарық көреді.
Ең қиыны – кейбіреулер кітап шығаруды беделдің бір өлшеміне айналдырып жіберді. Яғни кітап шығару арқылы өз дәрежесін, мансабын көтеруді көздейтіндер көбейіп кетті. Бір өкініштісі, сондай адамдар көп жағдайда біздің әдебиет деген бақшамызға түсіп жатады. Ал олардың көлеңкесінде шынайы әдебиет, нағыз қаламгердің дүниесі көрінбей қалуы мүмкін.
Одан бөлек, оқырманның талғамы да өзгеріп барады. Кейде әлеуметтік желіден әріге аспайтын дүниелерге әуестік басым. Мен осы жайында бір өлеңімде:
– Патшаға да, пақырға да ыңғайлы,
Ғалам мынау гаджеттерге үңіліп,
Гаремдердің әңгімесін тыңдайды, –
деп жазғанмын.
Сондықтан сапалы әдебиетті сақтап қалудың бір ғана жолы бар деп ойлаймын. Ол – сапалы дүние жазу. Әдебиеттің ғұмыры кітаптың көптігімен емес, оның көркемдік деңгейімен өлшенеді.
Поэзия – менің өмірім
– Шаһизада Әбдікәрімов үшін поэзия деген не? Жетпіс жылдық жолдың биігінде осы сұраққа жауап іздеп көрдіңіз бе?
– Мен үшін поэзия – өмір әрі өмірімнің мәні. Тіпті поэзия деген – менмін, мен дегенің – поэзия десем де болады. Өйткені менің қуанышым да, қасіретім де, толғанысым мен тебіренісім де өлеңмен өріліп келеді.
Поэзия менің өмір жолымның куәсі ғана емес, сол жолдың өзегі болды десем қателеспеймін. Өйткені қалам мені талай ойға жетеледі, көптеген сезімді бастан өткердім. Сондықтан поэзияны мен шығармашылықтың бір саласы деп қана қабылдамаймын.
Келешекте менің атымды шығаратын дүнием не дегенде, ең қымбат мұрам – жазған өлеңдерім деп ойлаймын. Адамның ғұмыры өтеді, уақыт өзгереді, бірақ шын көңілден туған сөз қалуы мүмкін. Сол тұрғыдан алғанда, поэзия – менің бүгінгі өмірім ғана емес, ертеңге қалдырар аманатым деп айтамын.
– Бүгінгі жас ақынға және өлең оқитын жас ұрпаққа айтар бірауыз лебізіңіз қандай?
– Қазіргі жас ақындарға айтарым – жақсы жыр жазсын, сөздің қадірін биік ұстасын дегім келеді.
Шын ақынға төрт шумақ өлең жаздым деп дүниенің төрт бұрышын ұстап жүргендей болудың қажеті жоқ. Бірінші кезекте өлеңнің сапасы маңызды. Сондықтан әр жазған дүниесіне сын көзбен қарап, өзінен бұрынғы әдебиетті оқып, сөздің салмағын сезіне білуі керек.
Ең бастысы, сапасыз дүниемен поэзияның қадірін түсіріп алмасын. Жас ақынның әрбір жақсы өлеңі әдебиетке қосқан үлесі екенін ұғыну керек. Сондықтан қаламды құр мақтан үшін емес, жақсы сөз қалдыру үшін ұстаған жөн.
– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
