Президент таяуда Адам құқықтары туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осылайша, Мемлекет басшысы еліміздегі адам құқын одан әрі нығайта түсуге шешім қабылдады. Онда әйелдерге қатысты дискриминацияны жою, мүмкіндігі шектеулі жандарға, азаптау мен қинаудың алдын алуға, адам саудасы құрбандарына, азаматтығы жоқ мигранттарға және босқындарға қатысты адам құқықтары жөнінде нақты шаралар қарастырылған.
Марат СӘРСЕМБАЕВ,
Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі
комиссияның Эксперттік кеңесінің мүшесі,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
– Кеңауқымды шаралар кешені қамтылатындықтан, бұл Жарлықтың маңызы өте зор. Ондағы қозғалатын мәселелердің өзім анағұрлым өзекті деп санайтын бірқатарына ғана тоқталып өтейін. Мәселен, әйелдерге қатысты дискриминацияны жою жайына келер болсақ, елімізде таяуда Конституцияға өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Міне, дәл осы кезде менің ойымша, Ата Заңымыздың адам мен азаматтардың құқықтары туралы бөліміне әйелдер мен ер адамдардың құқық теңдігі деген норманы енгізіп жіберу қажет деп санаймын. Сол кезде конституциялық норманың негізінде басқа да заңдарды батыл қабылдай беруге болады. Бұл ер адам мен әйел адамның құқын теңестіруде нақты жетілдірілген нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Азаптау мәселесіне келер болсақ, қаңтар оқиғалары бұл проблемалардың өзекті екенін көрсетті. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтер бойынша, мұндай 300-ге жуық дерек тіркелген. Олардың жартысы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Ендігі кезекте бұл бағытта соттар қандай шешім қабылдайтынын аңдап көру керек. Біздің елімізде азаптау деректеріне тыйым салатын құқықтық қатынастар бар. Адам тергеу орындарына түскен кезде ешқандай да азаптау мен қинау әрекеттері қолданылмауы тиіс. Бұл туралы түбегейлі мәлімдеме жасалып, үзілді-кесілді жол берілмеуі керек деп санаймын. Азаптау әрекеттері еліміздің Қылмыстық кодексімен жазаланады. Одан бөлек, Қазақстанда азаптауға қарсы күрестің Ұлттық превентивті шаралары қолданыста бар. Бізге бұл бағытта әлі де болса кең көлемде жұмыс істеу қажет. Өзім заңгер маман ретінде қылмыс жасаған адамның кінәсін азаптау және қинау әдістерін қолданбай-ақ дәлелдеуге болады деп санаймын. Айталық, өтірікті анықтау детекторы арқылы білуге болады. Егер оны біліктілігі өте жоғары полиграфолог жүргізетін болса, мұнда үлкен жетістікке жетуге болады. Одан бөлек, криминалистиканың бүгінде қол жеткізген жетістіктері мен көптеген заманауи әдісі бар. Мұнда барлығы да біліктілігі жоғары тергеушілерге байланысты. Қалай болғанда да, заңсыз жұмыс әдістеріне жол бермеуге болады.
Тағы бір ұсынысым, полиция ғимаратындағы камераларды қадағалау Ішкі істер министрлігіне емес, Бас прокуратураға жүктелуі керек. Оған арнайы прокурор жауап беруі тиіс. Ондағы бейнежазбаларды алу оның келісімімен жүруі тиіс. Сондай-ақ тергеу барысында азаптауға ұшыраған адамдар шағымдануы үшін оны жасаған сол полицияның өзіне жүгінбеуі қажет. Тіпті, басқа да құқық қорғау органдарына да хабарласпауы керек. Тікелей сот орындарына хабарлауы тиіс. Мұнда полицияның немесе өзгедей де құқық қорғау органдары тарапынан алдын ала тергеу жүргізілмеуі қажет. Ал сотта мұндай істерді алқа билер қарағаны жөн. Бұл институтты дамытуды Президенттің өзі де айтып отыр. Оның өзінде де, мұндай істер анго-саксондық жүйе деп аталатын әдісте қаралуы керек. Мұндай ағылшын құқы біздің елімізде Астана қаржы орталығында жүреді, ал ендеше оны неге азаптау бойынша сот төрелігі жүйесінде де қолданбасқа?
Мигранттар туралы да осыны айтар едім. Елімізге жылына 20 мыңға жуық еңбек мигранты келеді екен. Ал туризм, білім алу, емделу, қызметтік іссапар, тұрақты тұруға емес, транзит сияқты тағы да басқа мақсаттармен жылына 2 миллионға жуық адам келіп, кетеді. Бұл – пандемиялық немесе дағдарысты жылдарды есепке алмағандағы көрсеткіш. Елімізде «Көші-қон туралы», «Босқындар туралы» заңдар бар. ТМД арасындағы Еңбек мигранттарының құқын қорғау туралы конвенциясын ратификациялаған. Бірақ мен Қазақстан 1990 жылғы жылғы 18 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 45/158 қарарымен қабылданған Барлық еңбеккер-мигранттар мен олардың отбасыларының құқын қорғау туралы халықаралық конвенцияға қосылып, ратификациялар болса, өте жақсы болар еді. Бұл құжатты 56 мемлекет қол қойып, ратификациялаған. Өйткені Украинадағы жағдай осыны аңғартып отыр. Оны қабылдаған жағдайда Қазақстан өзінің адам құқы жөніндегі міндеттемелерін кеңейтіп қана қоймай, халықаралық қауымдастық алдындағы беделін де нығайта түсер еді.