Алматы қаласындағы хайуанаттар бағында төтенше оқиға болды. Тордан қашып шыққан шимпанзе жол бойында бір әйел мен бүлдіршінді итеріп жіберген. Ззообақтың баспасөз қызметі "Приматтар" бөліміндегі Паша есімді шимпанзенің қысқы қоршаудан жазғы қоршауға ауыстыратын кезде, арнайы темір торды бұзып кеткенін хабарлады. "Өз аумағынан шығып кеткендіктен стресс жағдайына ұшыраған шимпанзе жүгіріп келе жатып бір әйел мен кішкентай бала отырған қоларбаны итеріп жіберген. Бала жарақат алып қалды. Зообақтың фельдшері оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Артынан жедел жәрдем шақырылды. Қазір баланың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ", - деп мәлімдеді баспасөз қызметі хабарламада. Зоотехниктер мен ветеринарлар жағдайды реттеп, шимпанзе вольерге кіргізілді. "Хайуанаттар бағының басшылығы мен қызметкерлері зардап шеккен баланың ата-анасымен үнемі байланыста болады және қажетті медициналық көмек көрсетуге дайын", - делінген хабарламада.