Атырау облысындағы 211 жылқы делафондиоз ауруының қоздырғышы, гастрофилез, жылқы параскаридозы сияқты ауруға шалдыққан. Мұны Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары алған сынамалардың қорытындысы растады. Аталған сынамалар мен патологиялық материалдар республикалық ветеринариялық зертханаға, Ұлттық референттік ветеринария орталығына, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша зерттеу институты және Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтына жіберілген болатын. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың мәліметінше, наурыз айынан бері өңірде 211 жылқы ауруға шалдыққан екен. «Исатай, Құрманғазы және Махамбет аудандарында биылғы наурыз айынан бері 56 жеке тұрғын мен 5 шаруа қожалығына қарасты 211 жылқы белгісіз аурумен ауырғаны анықталды. Оның ішінде 75 жылқы өлді. Ал 136 жылқыға симптоматикалық емдеу шаралары жүргізіліп жатыр», – дейді Қайрат Нұрлыбаев. Қазір ғалымдар бұл аурумен күресу үшін қан паразитарлық аурулар мен гельминтоздарды емдеу және алдын алу шаралары бойынша жұмыстарды жүргізуді ұсынады.