Былтыр меморган сайттарына 1,4 млн рет кибершабуыл жасалған. Оның ішінде 15 мыңнан астам шабуыл eGov.kz ақпарат жүйесіне қатысты. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын қорғау үшін интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі пайдаланылған. Аталған шлюз – трафикті әртүрлі шабуылдардан тазартатын және олардың интернет ресурсқа әсер етуіне жол бермейтін ерекше фильтр. Бүгінде 200-ден астам меморган сайты әлгі шлюз қорғауымен қамтамасыз етілген. Өткен жылы интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзін пайдалана отырып, шамамен 82,3 млн шабуыл бұғатталды, оның 1,4 млн-нан астамы меморган сайттарына бағытталған. Соның ішінде 15 мыңнан астамы – eGov.kz-ке жасалған шабуылдар. Сонымен қатар электронды үкіметтің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Осылайша, былтыр 37 ақпараттандыру объектісінен 4 326 ақау табылған. Бұдан басқа, 2021 жылы жаһандық интернет желісінде DDoS-шабуылдар санының артуы салдарынан Қазнетте маңызы әртүрлі 120 мыңға жуық DDoS-шабуыл тіркелді. Қашықтан оқыту кезеңінде білім порталдарына 29 шабуыл жасалған. Биыл тойтарыс берілген кибершабуыл саны 28,5 млн асты.