Кибершабуылға дайын болмай шықтық
Кибершабуылға дайын болмай шықтық
140
оқылды

Жыл басынан бері Қазақстанда 200 миллионға жуық кибершабуыл тіркелген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов хабарлады.

Пандемиядан тек әлеуметтік сала ғана емес, цифрлық инфра­құрылым да зардап шекті. Мем­лекеттік интернет-ресурстарға қол жеткізудегі проблемалар цифр­лан­дыру саласындағы ұйым­дас­тыру­шылық және технологиялық база­ның кемшіліктерін паш етті. Коми­тет төрағасының айтуынша, кибер­қауіпсіздіктің негізгі қағи­дат­тары – құпиялылық, тұтастық және қол­же­тімділік. Алайда елде бұларға қа­тысты проблемалар туындаған кө­рінеді. – Электронды үкіметті ақпа­раттандырудың әрбір ірі объектісі үнемі түрлі кибершабуылға ұшы­райды. Хакерлер сол арқылы қаржы жымқыруды да көздейді. Жыл сайын ақпараттық қауіпсіздіктің мил­лиард­таған оқиғасы тіркелуде. Биыл ша­мамен 4 миллиард оқиға-инци­дент және 200 миллиондай кибер­шабуыл болды. Пандемия және қашықтан жұмыс істеуге көшу ке­зеңінде цифр­лық ин­фрақұрылымға түскен салмақ күрт артты. Біз бұған дайын болмай шықтық, – деп мәлімдеді Руслан Әбдіқалықов. Кибершабуылдарға дайын­дықты тексеру және тосқауыл қою мақса­тында министрлік Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге 6 желтоқсаннан бері бас қалада «Киберқауіпсіздік Нұр-Сұл­тан-2020» оқу-жаттығуын өткізді. Халыққа көп қолайсыздық келтірмеу үшін бұл іс-шара демалыс күні басталыпты. Дегенмен дүйсен­біде елордада көптеген мектеп мұға­лімдері мен педагогтер онлайн сабақ өткізуде қиындыққа кезікті. Астана­лықтар шетелдік сайттарға кіре алмай қалды. Түске таман бұл түйткіл жойылып, интернетке қолжетімділік бұрынғы күйіне келтірілді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігінің дерегінше, пандемияға және елдің қашықтан жұмысқа көшуіне байланысты 2020 жылы интернеттің қазақстандық сег­ментіне кибершабуылдардың саны былтырғыдан 2,7 есеге жуық өсіпті. Киберқауіптен қорғануға Ақпа­раттық қауіпсіздіктің ұлттық үй­лестіру орталығы, Киберша­буыл­дарды талдау және тергеу орталығы, Қазақстанның киберқал­қаны жүйесі, сондай-ақ ақпараттық қауіп­сіздіктің жедел орталықтары, бай­ланыс операторларының, мемор­ган­дар мен жеке ком­па­ниялардың ақ­параттық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бөлім­шелерінің күш-құралдары тар­тылған.

Айхан ШӘРІП