Бұған дейін акцияларын қарапайым халыққа сатудан қашқақтап келген ірі компаниялар биылдан бастап жария нарыққа шығатын болды. Егер кезекті құр сөз болып шықпаса, «ҚазМұнайГаз», Air Astana, KEGOC және QazaqGaz компаниялары IPO-ға шығуы тиіс. Бұл туралы Президентке Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің жиынында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндаған болатын. Оның айтуынша, сол арқылы Ұлттық қорға 500 млрд теңге түседі екен. Әйтсе де, IPO-ның іске асатынына бұл жолы да күмәнмен қараушылар бар.
Жөні бөлек жиын
Наурыз айының аяғында «Самұрық-Қазына» қорында Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтіп, онда осы IPO мәселесі және өзге де тәсілдер арқылы бәсекелес ортаға беруге ұсынылған қор активтерінің жаңартылған тізбесінің жобасы қаралды. Тізімдегі компаниялардың саны 2,5 есе өсіп, 253-ке жеткені хабарланды. Олар – холдингтік компаниялар ғана емес, сонымен қатар капиталдандыруы төменірек кәсіпорындар. Жиында ірі энергетикалық компаниялардың жекешелендіру мен IPO-ға өтуінен соң тарифін белгілеу мәселесі қоғамды алаңдатып отырғаны айтылды. «Стратегиялық компаниялардың капиталындағы IPO немесе бақылау жасамайтын акциялардың сатылғанына қарамастан, оларға бақылау мемлекет құзырында қала беретін болады. Себебі мемлекет Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы бақылау пакетін өзінде қалдырады. Сонымен қатар мемлекет бұрынғысынша салалық реттеушілердің көмегімен тарифтерді белгілеуге ықпал ете алады. Ал бұқарамен байланыс мәселесіне келер болсақ, компаниялар IPO-ға шығар алдында Қоғамдық кеңестің қосымша отырыстары өткізіліп, оған қалың жұртшылықтың өкілдерін шақыруға уәде етемін», – деді Қоғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев. Сырттан сарапшылар шақырып, талқыға салу сипатында өткен ішкі жиын қор компанияларының IPO-ға шығу мерзімін нақты анықтау қажеттігін арнайы талқылады. Экономист Рахым Ошақбаев бүгінгідей жоғары белгісіздік жағдайында орналастыру туралы шешім қабылдау IPO үшін ең маңызды фактор екенін атап өтсе, Данияр Темірбаев қазіргі баға конъюнктурасына байланысты «ҚазМұнайГаз» сияқты мұнай-газ компанияларының IPO өткізуі үшін қолайлы уақыт келіп тұрғанын айтады. Ал «Самұрық-Қазына» қорының Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанаділ қор IPO өткізу мерзіміне қатысты ұсыныстарды міндетті түрде ескеретініне тоқталып, түпкілікті шешімді Қазақстан Үкіметі қабылдайтынын атап өтті.«Жылыжайдағылар» тез жұТылып кетеді
Елімізде Initial Public Offering, яғни «акцияларды алғаш рет орналастыру» тәсілімен табыс табу тетігін жандандыру осыдан 10 жыл бұрын қолға алынған екен. Мұндағы 2011-2022 жылдарға арналған бағдарламаның мақсаты – қазақстандықтарға ірі ұлттық компаниялардың акциясын сатып алып, соның табысын көруге мүмкіндік беру және кор-поративтік сектордың ашықтығын қамтамасыз ету, әрі нарықтағы мемлекеттің үлесін азайтып, жекеменшікті арттыру. Әуелгі дүрбелең кезінде бұл жаңашылдыққа қызыққандар көп болғанымен, соңғы бес жыл бойы нарықта өлі тыныштық орнады. «Халықтық IPO»-ға шығуы тиіс ұлттық компаниялардың ішінен тек «ҚазТрансОйл» мен KEGOC қана 2012 жылы бағалы қағаздарының 10 пайызын саудаға шығарды. Қос компанияға барлығы 76 мың адам «халықтық акционер» болып үлгерді. Ал 2015 жылдың қараша айында Астана Халықаралық Қаржы орталығының құрылуына байланысты «Халықтық IPO» жабылып қалды. Соған қарамастан «Қазатомпром» 2018 жылдың қараша айында бағалы қағаздарын халықтық нарыққа шығарып, 451 млн доллар тартты. Енді бұл шара Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүзеге асуда. Онда 600-ге жуық мемлекеттік активті бәсекелестік ортаға шығарудың мерзімі мен жолдары айқындалған. Әйтсе де, 10 жылдан бері елімізде бір оңалмай-ақ қойған осынау кең мүмкіндіктер нарығының болашағына күмәнмен қараушылар аз емес. [caption id="attachment_192877" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] «Халықтың IPO-ның мәселесі – ол жекешелендіру мәселесі. Оны жыл сайын талқылайды да жатады. Бірақ ешқандай да нәтиже жоқ. Міне, биыл тағы да бастады. Менің ойымша, осыны айтып жүргендердің өздері оның мақсат-міндеттері қандай болуы керегін, тіпті бұл нәрсе не үшін қажет екенін нақты біліп жүрген жоқ сияқты. Сол түсінбейтін болғандықтан, бүгінгідей не әрі емес, не бері емес жағдай болып отыр. Менің осындай күмәнім бар. Тағы бір күмәнім, алпауыт компаниялардың мемлекет меншігінде қала бергенінде белгілі бір адамдардың немесе топтардың мүддесі бар. Оларға осы тиімді болып тұр. Сол себепті де IPO мәселесі бізде көзді алдау үшін ғана жасалып келеді. Шындығында, мұндағы жекешелендіруді әлдеқашан жүзеге асырып, оның бүгінде белгілі бір нәтижесін көріп, тұжырымын жасап отыратын уақыт болды. Бірақ мен ол жүзеге асқан жағдайда да сәтті болып кететініне сенбеймін. Өйткені біздегі жекешелендірілуі тиіс компаниялар құрылғалы бері мемлекеттің қамқорлығында, былайша айтқанда «жылыжай жағдайында» жұмыс істеп келеді. Олар осы 30 жыл бойы, бейнелей айтқанда, жылыжайдың сыртындағы аяз бен аптапты көрген жоқ. Сондықтан да бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Бізге әуелі осы кезеңнен өтіп алу керек», – дейді қаржыгер сарапшы Арман Бейсембаев. Сарапшы маманның айтуынша, бұл бағыттағы шаралар нақты жүзеге асуы үшін бірінші кезекте бұған саяси ерік-жігері жететін басшы керек. Ол мемлекеттік сектордағы компанияларды жекеменшік бәсекелес ортаға итере салуы тиіс. Егер оларды мемлекеттік қамтудан ажыратып тастар болса, сонда ғана осы уақытқа дейін сөз болып жүрген жайттардың барлығы да орындалмақ. Мемлекет тек өз тарапынан реттеушілік функциясымен ұлттық экономика мен ұлттық қауіпсіздік мүддесін қорғауы тиіс. «Менің ойымша, 2011 жылдан бері жағдай қазір біраз өзгерді. Ол кездерде Ұлттық компаниялар көп ретте белгілі бір адамдардың мемлекеттік сатып алу және тағы да басқа жолдармен баюы мақсатында қарастырылатын. Сондықтан да оларға жұмыстарын жабық жүргізген қолайлы болды. Енді IPO дегеніміздің өзі не дегенге келер болсақ, кез келген компанияның, мәселен шартты түрде «ҚазМұнайГаз» деп алайық, акциясын сатып алған кез келген адам, оның акционерлерінің жалпы жиналысына қатысып, кез келген сұрақты қоя алады. Сондықтан да олар осыдан қашты. Оның үстіне, сол жылдардан бері қайта-қайта дағдарыс болды да, олар дивиденд төлей алмай қаламыз деп қорықты. Жалпы айтқанда, IPO-ға мүлдем шыққысы келген жоқ. Енді қазіргі сипатында IPO халықтық, халықтық емес деп бөлінбейді. Оның брокерлермен жұмыс жүргізетін, ақпараттық насихаты да жолға қойылған классикалық үлгісі қолданысқа шығады», – деді Ұлттық қордың Қоғамдық кеңесінің таяуда өткен кеңейтілген жиынына қатысқан экономист-қаржыгер Расул Рысмамбетов. Оның айтуынша, біздің компанияларымыз бір тұста бәсекеге қабілетті, енді бір тұста бәсекеге қабілетсіз болуы мүмкін. Мұндай проблема жоқ деп айтуға болмайды. Сондықтан да IPO-ның бір керек жері де осы болмақ. Олар жекеменшікке шығарылғаннан кейін жаңа жағдайда қаншалықты жұмыс істей алады, осыны анықтауға болады. Әйтсе де, оларды мүлдем әлсіз деп айтуға болмайды. Өйткені олардың бірқатары белгілі бір нәтиже көрсетіп отырған монополист компаниялар. Енді жария нарыққа шығар болса, олардың іштерінде не болып жатқанын, қандай қарым-қабілеттері барын көре алатын боламыз. Осылайша, бірте-бірте оларды тұтастай жекеменшікке беріп жіберген де дұрыс. Әйтпесе, дәл қазіргі кезекте олар мемлекеттің, яғни «Самұрық-Қазынаның» қол астында отыр. Бұл экономикалық талаптар тұрғысында дұрыс емес. Бұл бір жағы нарықтық құбылыс болғандықтан, үлкен дайындықты талап ететіні рас. Әйтсе де, іс жүзінде мұндай шаралар экономиканы демократизациялау болады. Ендеше он жыл бойы сағыздай созылып келген IPO шындыққа айнала ма, оны уақыт көрсетеді.